Жаңалықтар

«ЕҢБЕКТI САТ, АР САТЫП НЕГЕ КЕРЕК?»

Бұл ақынның төрт шумақтан тұратын «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» – деп басталатын өлеңiнiң соңғы шумағының екiншi жолы.
Еңбектi сату қай заманда болмасын, болып келе жатқан нарықтық дәстүр. Әр адам өз еңбегiн тауар етiп сатып күнелтпек. Бұл iсте мiн жоқ. Адам ең-бек ету үшiн оқиды, тәрбиеленедi, денсаулығын сақтайды, тұрмыстық, әлеуметтiк өмiр тәжiрибесiне түсiп, жаттығады, шынығады, өз мүмкiндiгiн жария етедi, ал өзгелер мұның еңбегiн сатып алуға ынталы болады. Мұндай адамдарды кәсiби шеберлер деп ел құрмет тұтады. Адамның табиғатымен және де әлеуметтенуiмен жетiлiп, кемелденетiн қасиетi, еңбекке жарамдылығы, әрине, өтiмдi тауар болуы әбден түсiнiктi, табиғи жағдай. Мәселе қиындығы сол, адам еңбегiн қалайша және қандай тәсiлдер арқылы сатпақ. Өркениеттi елдерде еңбектi сатудың жолдары мен тәсiлдерi тәжiрибе ретiнде жинақталған. Ең алдымен айтарым, адамның қасиет, қабiлетiне сай қызметтер жүйесi әрi сатылары бар. Әркiм өзiнiң қолынан келетiн iсiмен айналысып, соны өмiр сүрудiң көзi және өзiнiң қоғамдағы алатын орнын анықтаудағы мүмкiндiк ретiнде пайдаланады. Еңбек сату – өркениеттiк тәсiл. Әрине, дау осы еңбектiң құнына байланысты шығып жатады. Еңбектi бағалау әрқилы болып, әлеуметтiк ренiш, наразылықтар өрбiп, аяғы саяси бүлiкке жалғасатынын XIX, XX ғасырлардың тарихынан жақсы бiлемiз. Бұл – арнайы тақырып. Ол еңбек сатудағы – әдiлеттiлiк мәселесiне бастап кетедi. Ол жөнiнде iлiмдер де, теориялар да, тәжiрибелер де жеткiлiктi. Абай бұл мәселеге тереңдемей жалпы баяндап отыр, ол еңбегiңдi сат дегенде, әлеуметтiк әдiлеттiлiк мәселесiне қатысты емес, еңбек сату мен ар сатудың байланысына нақтылы тоқталған. Ол жұртқа түсiнiктi тiлмен мәселенi баян еткен, «еңбегiңдi сат, бiрақ арыңды сатпа» дейдi. Мәселенiң қиындығы осында. Еңбек сату мен ар сатуды қалайша айырып алуға болады? Тұрмыста еңбекпен қоса ар бiрге сатылып кетiп жүргенi жоқ па? Абайдың да қойып отырған мәселесi осы. Еңбек те адамның қасиетi, ар да адамның қасиетi, бiрақ екеуi бiрдей тауарға айналмауы керек. «Еңбектi сату дұрыс, ал ар сату неге керек» деп Абай сұрақ қояды, бiрақ ойланып көрсек, еңбек дегенiмiздiң iшiнде ар да тұрған жоқ па?! Арлы адамның еңбегi де құнды емес пе? Арсыз адамның еңбегi баянды болар ма екен?! Мұны Абай бiлмей отырғаны жоқ, ол сонда да еңбек сату мен ар сатуды бөлек қарастыруды ұсынуда. Бұл iстiң мәнiсi неде дегенге тағы оралып көрелiк. Бiз ар дегенде екi ұғымды нысанаға аламыз, олар: ұлт және намыс. Осы ойды Абай өлеңiнiң екiншi шумағында ашып берген:
Мал жияды мақтанып бiлдiрмекке,
Көзге шұқып, малменен күйдiрмекке.
Өзi шошқа, өзгенi ит деп ойлар,
Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдiрмекке.
(2-т., 6-б.)
Түсiнген жанға мұнан ауыр сөз бар ма? Барлығын мақтан тұтып, өзгелердi көзге шұқып, сорпа-су, сүйек тастап, өзiн бағалатуға тырысушылық Абай заманында болғаны анық болып отыр, ал бiздiң заманымызда ол әлеуметтiк дертке айналып барады, бұл жақсылықтың нышаны емес. Тақыр кедейлерi көпшiлiк болған қоғамда еңбекпен бiрге ардың да сатылып кетуi әбден мүмкiн iске айналып барады. Мұны мүлдем тоқтату мүмкiн емес, ал қайтiп тежеуге болады, менiң пiкiрiмше, ол екi жаққа қатысты iс. Бiрiншiден, еңбегiн сата бiлген ағайын арын қоса сатпай, сақ-тап қалуға күш-жiгерi болуы керек. Әрине, бұл айтуға жеңiл сөз, шынында қиын мәселе. Екiншiден, адамның еңбегiн сатып алғандар, оны саууды дағ-дыға айналдырмаулары қажет, демек еңбек сатып алатындардың арлы болғаны әдiлеттiлiкке тура бастайтын жол. Абай бұл жағын ашып айтпаған, бiрақ «Ақылды деп, арлы деп, ақ пейiл деп, мақтамайды ешкiмдi бұл күнде көп» – деген түйiн жасайды. Мұндай әлеуметтiк мәселе, өрке-ниеттi елдерде құқықтық негiзде шешiмiн тапқан. Дәстүрлi қоғамда бұл iстiң дәстүр негiзiнде де шешiмi бар. Ар сатуды талап еткен жағдайда қауым, қоғам болып қорғау дәстүрi қазақ iшiнде бар. Алайда, нақтылы жағдайларда «малқұмарлар» еңбек сату мен ар сатуды айырмай, кеселдi қылықтарға барулары ықтимал. Сондай жайларды еске салып, Абай: «Еңбектi сат, ар сатып неге керек?» – деп мәселе көтерген. Бұл нарық зама-нында әркiмге ой салатын мәселенiң мәселесi.
Абай «еңбектi сат, ар сату неге керек?» – дегенде, ардың да сатылу мүм-кiндiгi туралы айтқысы келiп отыр. Немесе, мәселенi ашық қойсақ, ар са-тылған жағдайларды бiлiп барып, айтып отыр. Сонда ар қай жағдайда сатыла бастамақ. Оған Абайдың жауабын осы өлеңнен-ақ табамыз. Арлы адамды құрмет тұтпасақ, оны мақтамасақ, оның арлылығын адамның артық қасиетi деп мойындамасақ, дәп осы жағдайда ар да құнсызданып сатылып кетпек. Демек, ардың құны болмаған жағдайда, ол еңбектiң бiр түрiне айналып, нарық саудасына түсiп кете бермек, Абай осындай қауiптен сақтандырып отыр.
***
Абай адамдардың мал жиғандағы мақсаттары, өзгелердi «көзге шұқып малменен күйдiрмекке» – дейдi. Сонда ненi күйдiрiп отыр? олар адамның кедейлiгiн көзге шұқып, намысты күйдiрiп отыр. Күйетiн намыс, ұят емес. Малсыз болу ұятсыздыққа жатпайды, ол намысты күйдiредi. Малсыз болғанға адам намыстанады, содан барып күйедi, әр дәулетке қолы жетпей, өзi iшiнен күйiп жүргендердi көзге шұқып, «сен малсызсың» деп күйдiру, әрине, арсыздықтың белгiсi. Ойымызды әрi жалғастырып, Абай айтқан «малға достың мұңы – мал» болса, бұл арлылық па, әлде арсыздық па?! Әр адамның iшкi сыры бiр Жаратушыға ғана мәлiм құпия, бiзге ол адам бұлай едi деп кесiп сөз айтуға болмас, алайда, мал жиғанын мақта-нышқа айналдырып, соны өмiрдiң мән-мазмұнына айналдыру, сiрә, жан жомарттығына жата қоймас деген пiкiрдемiн.
Байлық, әрине, еңбек нәтижесi. Табыс табу, сөзсiз, адамның харекетiнiң жемiсi. Оған дау жоқ. Осы тұстан Абай iзгi мақсат iздейдi, ол «Табысына табынып, қалтаң қағып, тойғанынан қалғанын берсе алашқа». Мiне, кiсiлiктiң формуласы. Өзiң той, ал тойғаныңнан қалғанын алашқа (жұртқа деген мәнде – Ғ.Е.) бер дейдi. Дұрыс айтылған сөз, бiрақ «тойғанынан қалғанын» қалай анықтауға болады. «Тойғаным осы» деп қалталылардың қайсысы айта алмақ. Қиындық осы тұста басталады. Байлық – нәпсi арнасы болғандықтан, нәпсiнiң тойымы болушы ма едi?! Халқымыз дөп айтқандай, «кедей байға, бай құдайға жетем» деп әуренушiлiктiң (шын мә-нiнде шайтандық – Ғ.Е.) тоқтамы бар ма?! Ол тоқтамның өлшемi бар ма?! Осы мәселеге орай мұсылмандық дүниетанымда ұғымдар жүйесi қалыптас-қан; олар – қанағат, шүкiршiлiк, тәуба, бұл – Алла несiбiне разы болып, құт қашырмау жолдары. Бұл – кәмiл мұсылмандық жолына түсу шарты. Мұсылмандықты мойындамаған жаннан «тойғанынан қалғанын» дәмету бос әурешiлiк. Әрине, өркениеттi елдерде асқан байлыққа шек қою тәсiлiн, жолдарын құқықтық негiзде реттеуге батыл шаралар жасалған. Монополияға қарсы заңдар жүйесi бар, салық салу ретi бар. Мұсылман елдерiнде зекет саясаты бар, бiрақ соның бәрi адам нәпсiсiн тежеуге жеткiлiксiз, егер «табысына табынған» адамның бойында Шәкәрiм айтқан Ар бiлiмi болмаса, «тойынғанынан қалғанын» жұмыр басты пенде қалай анықтар…

Бұл «Лай суға май бiтпес қой өткенге» деп басталатын өлеңнiң бесiншi шумағының үшiншi ұйқасқа түспейтiн жолы. Қара өлең дәстүрiнде жазылған өлең шумағының үшiншi ұйқастан бос жолында, әдетте ақындар негiзгi ойын бiлдiрiп қалады, себебi бұл жолға ұйқастың қажетi жоқ, бұл еркiн ойға деген мүмкiндiк. Абай да осы мүмкiндiктi пайдаланып, терең ой айтқан. Бiр жолда екi ұғым бiр-бiрiне тәуелдi болып тұр, олар ақыл және арман. Алғашқысы туралы түсiнiк Абай шығармаларында баршылық. Ақыл дүниетанымдық ұғым, ол жөнiнде ғалымдардың айтқандары да жеткiлiктi. Бұл жолы, бiздiң айтпағымыз, ақыл туралы емес, ақыл арқылы арманды анықтау. «Арман» – деген ғылымнан гөрi, тұрмыста, өнер туындыларында жиi қолданылатын түсiнiк. Арман – мәңгiлiк тақырып. Ол адамға, көбiнесе, оның келешегiне қатысты қолданылады. Қазақта арман деген кiсi есiмi ретiнде жиi кездеседi. Мұндай көрiнiс орыс халқының болмысында кездесе қоймайды. Бұл мәселеде арнайы сөз болатын келелi тақырыптың бiрi, менiң айтпағым, Абай өлеңi негiзiндегi ақыл арқылы арманды анықтау мәселесi төңiрегiнде болмақ. Бұл жерде басын ашып алатын екi мәселе бар. Бiрiншi, арманды ақыл арқылы анықтау. Нелiктен Абай арманды ақыл арқылы тануды мәселе етiп қойған. Екiншiден, арман-ның мәнiсiн ақылсыз анықтау мүмкiн бе? Ендi осы мәселелерге жауап iздеп көрелiк.
Абай ақыл жетпесе, ол арман емес дейдi. Неге? Сонда ақыл неге жетiп тұр? Ақылсыз арманның болмайтынын қалай түсiнемiз? Әдетте бiз арман деп, оны жеке мәнiсiнде айта бермеушi ме едiк. Абай оны ақылмен матастырып қойған, ол ақылдың жетпегенi арман емес дейдi. Мұндай мәнде арман – ақылдың өрiсi, кеңiстiгi. Мәселенi бұлайша Абайдан өзге, қазақтың қай ойшылы қойған, мүмкiн мәселенi осылай қойған адам болған да шығар, бiрақ ол мен үшiн беймәлiм. Алдағы уақытта мұндай ой кездессе, қосып айтармыз, әзiрше мен арманның ақыл кеңiстiгi ретiнде қаралуды тек Абайдан кездестiрiп отырмын. Бұл, менiң ақыл туралы айтқан, жазғандарыма қосымша мағлұмат. Арман өз мазмұнын ақыл жеткенде ғана ашпақ, олай болса арманның бос қиялдан артықшылығы, оның болмысындағы зерделiлiк, тiптен парасаттылық сипатында. Себебi, ақыл жеткен нәрсе ғана арманға айналмақ. Ақылсызда арман болмақ емес. Бұл жаңалық менiң ой-өрiсiме тың арна аша бастады. Ақылсыз адам армандай алмайды, сонда арман дегенiмiз – келешектiң үлгiсi, суретi болмақ. Адам өзiн келешекке арман арқылы алып шықпақ, бұл iсте оған болысатын – ақыл. Адамның бүгiнгi өмiрiнiң келешегi болмаса, оның бүгiнгi өмiрi де мансұқ болмақ. Бүгiнгi өмiрдiң мазмұны, оның арманы арқылы анықталмақ. Арман – келешектiң суретi ғана емес, санасы. Әрине, бүгiнгi өмiрiне санасы, дәрменi жетпей жатқан жетесiз жанның, келешек туралы қандай байыпты, орнықты санасы болмақ, олай болса оның арманы да жоқ, онда бары бос қиял. Сiрә, қиял деген арманнан өзгеше, мәнiсi бөлек түсiнiк. Қиял мен Арман синонимдер емес. Қиялсыз адам болмайды, ал армансыз адам болады, себебi арман ақылды қажет етпек. Қиялға ақылдың соншама қажетi де болмас, қарапайым сана мүмкiн бiр қиял емес, «қиял орманын» тудыруы ықтимал, ал «қиял орманы» адамды мақсатты iске емес, оны бейберекеттiкке, болымсыз, өнiмсiз iстерге бастай беруi де түсiнiктi болса керек. Ақылы қысқа болып қиялданған жан арманға жетпек емес. Олай болса, қиял деген арманның алғашқы баспалдағы сияқты. Адам «қиял орманында» қалып, онда адасып, одан шығатын жол таба алмай қалуы әбден мүмкiн, көпшiлiк жағдайда солай болып та жатқанға ұқсайды, ал «қиял орманынан» жол тауып шыққан жанға арманға жол ашылмақ, бiрақ ол үшiн ақыл өзiнiң парасаттық деңгейiне көтерiлуi қажет. Сол кезде арман анықталып, адамның дүниетаным көкжиегi ашылмақ. Арман дегенiмiз – ақылымыздың жеткенi, бiрақ осы арманға ақылымыздың жеткен, жетпегенiн қалайша анықтамақпыз? Мәселенiң түп қызығы осында, егер оны нақтылап бiлiп отырсаң, өмiрдiң не қызығы қалмақ?.. Өмiрдегi сан қилы оқиғалардың болып, өрбiп, өсiп жатқаны, сол ақылдың арманға жеткенiн, не жетпегенiн бiле алмай далбаса болуымызда емес пе? Мұндай iстiң шешiмi өмiр сүрушi әркiмнiң қолында. Өмiр сүрудiң, өкiнiш-ке орай, сандық ережесi жоқ, өмiрдiң небiр заңдылыққа бағынбайтын қалтарыстары, құбылыстары, көрiнiстерi есепсiз мол, солар адамдардың табиғи болмысын неше түрлi иiрiмдерге сала бермек. Адамның осы тылсым табиғаты әлiмсақтан бүгiнге дейiн, бүгiннен «заманақырға» дейiн толассыз бола бермек, бұл ырықтандыруға көнбейтiн адам-заттың нәпсiлiк болмысының сансыз көрiнiстерi.
Ендi «ақылсыз арман болмақ па» деген мәселеге тағы оралсақ, менiң айта-рым қысқа. Ақылсыз арман туралы сана болмақ емес. Арман – биiк ұғым, оны түсiну, әрине iскерлiкке, iзгiлiкке, мақсатқа негiзделген ақылды қажет етпек, бiрақ арман iзгiлiкке құрылмаса, ақыл оны адам-зат табиғатына қарсы iс, әрекеттерiне де бастап кетуi әбден мүмкiн, себебi iскерлiк пен мақсат үнемi iзгiлiктi қажет етпейтiн жағдайлары көп екенiн адам-заттың өткен тарихи тәжiрибесiнен де, бүгiнгi тәжiрибе-болмысынан да көрiп отырмыз.

***
Осы өлеңнiң алтыншы шумағы былайша аяқталады: «Өзге мақсат ақылға тола ма екен?» Мұнда да екi ұғым: мақсат пен ақыл. Сонда мақсаттың арманнан айырмашылығы неде деген сұрақ қойсақ, бiрден аңғарылатыны, мақсат ақылға тура қатысты емес. Мақсат ақылсызда бола бермек. Ақыл дегенде, Абай оның жоғарғы мағынасында қолданып отыр. Әйтпегенде, мүлдем ақылсыз дүниеде адам болмақ емес, мәселе ақылы толмағандар туралы. Егер мақсатқа ақыл толса, ол арманға айналып кету мүмкiндiгi бар. Сiрә, мақсат пен арманның айырмашылығы осы болса керек.

Ғарифолла ЕСIМ,
Академик

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button