Sport

Еңістен салса, төске озады

Е тобы:  Бразилия. Швейцария.  Коста-Рика. Сербия

Турнирдегі ең көңілді топ – осы. Футбол мамандары бұларға осындай баға беріпті. Бразилия іріктеу кезеңінде керемет ойнады. Коста-Рика, әдеттегідей, «бүкіл команда болып шабуылға шығатындарын, ар жағын сосын көре жататынын» айтып жатыр. Сербтер мен швейцариялықтар да біреуден айылдарын жия қоймайды. Демек, бәрі де нәтижелі перформанс көрсетіп, еңістен салса, төске озғалы тұр. Бірақ бразилиялықтардың бәрібір көш басында тұратынына шүбә келтіру қиын. Ал екінші орынның тағдыры қалған үш құрама арасында шешіледі.

Бразилия құрамасы

Бразилия командасы Оңтүстік Америка аймағында өзінен кейінгі Уругвайдан 10 ұпай алға кетіп, ғаламат жеңіске жетті. Құрама лидері Неймардың төңірегіне топтасқан жасақ турнирді бастан-аяқ бір леппен өткізді.
Жаһанда чемпиондық атақ жөнінен «пентакампеоннан» озатын құрама жоқ. Ол 1958, 1962, 1970, 1994 және 2002 жылдары 5 рет топ жарды. Соның ішінде 1970 жылы Мексикада өткен мундиальда үшінші рет Кубокты жеңіп алғасын, «Алтын нике» Пеле бастаған құрамада мәңгіге қалдырылды.
Барлық 20 чемпионатқа қатысқан жалғыз команда соларда жеткен жеңістері жөнінен де рекордшы атанып отыр. Ол 107 кездесуде 70 мәрте бәсекелесінен басым түскен. Бұдан бөлек, Конфедерация кубогын 4 мәрте (1997, 2005, 2009, 2013) ұтып алса, Оңтүстік Америка чемпионатында 8 рет (1919, 1922, 1949, 1989, 1997, 1999, 2004, 2007) алтын жүлдеге қол жеткізді. Ал 2016 жылы Риода өткен Олим­пиадада тұңғыш рет чемпион атанды.
Бразилияның тағы бір рекорды, ол 7 финалдық турнирде жеңіліп көрген жоқ. Бірақ бұл 1972 және 1986 жылдары оның бірінші болуына мүмкіндік бере алмады.

Швейцария құрамасы

Швейцария іріктеу турни­рін Еуропаның қа­зіргі чемпионы – Португалияны ұтудан бастап, бұдан кейін 8 матчта жеңіске жетті. Бірақ ең соңында португалдармен қарымта кездесуде ұтылып, екінші орынға сырғып кетті. Бірінші орын бұлармен ұпайы тең болғанымен, доп айырымы жақсы қарсыластарына бұйырды. Ал Ресейге келуге мүмкіндік беретін жолдаманы Солтүстік Ирландиямен қайтпа-қайт кездесуде 1:0, 0:0 есебімен ұтысқа жету арқылы жеңіп алды.
Алдағы чемпионат швейца­рия­лықтар үшін осындай 11-інші бәсеке болмақшы. Бұған дейін олар турнирде ширек финалдан ары асып көрген жоқ.
Құраманың ең үлкен табысы 1924 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде жеңіп алуы болды

Коста-Рика құрамасы

Екі Американың ортасында жатқан мойнақтағы елдің командасы КОНКАКАФ аймағын қамтыған електік жарыста екінші орын алуы арқылы кезекті мундиальға келіп отыр. Бұдан төрт жыл бұрын бұл елдің терме жамағаты ширек финалға дейін барып, өз тарихындағы ең үлкен жеңіске жетіп еді.
Коста-Рика осы жолы бесінші мәрте жаһандық жарыста өнер көрсетеді. Команда 1963, 1969, 1989 жылдары Солтүстік Американың чемпионы болды.

Сербия құрамасы

Серб футболшылары 10 матч­тың 6-уында жеңіске жетіп, күштері бір-бірімен шамалас Ирландия, Уэльс және Австрия бас құраған іріктеу тобында бірінші орын алды. Бірақ құраманы осындай жеңіске жеткізген Славолюб Муслин міндетін орындаған бойда отставкаға жіберілді. Федерация президенті Славиш Кокез мұны оның талантты жас футболшыларды алудан бас тартуымен түсіндірді. Мәселе мынада, бұл елдің жастар құрамасы 2015 жылы әлем чемпионы атанған. Алайда ұлттық командаға олардың бірде-бірі шақырылған жоқ. Ал Муслин федерацияның өз ісіне араласуын қабылдай алмады.
Сербия жаңа заманда ірі жеңіске жеткен жоқ. Ал Югославия 1960 жылы Олимпиаданы ұтып, 1960, 1968 жылдары Еуропада үздік шыққан болатын.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button