Қала тіршілігі

ЕҢСЕСІН ТІКТЕГЕН ЕЛОРДА

Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы, Түркі академиясының үйлестіруші-редакторы

Астананы елдің орталығына көшіруді жақтағандардың бірі едім. Ол жөніндегі ойымды 1992 жылы «Көсеге қайтсе көгерер?» деген мақаламда айтып, сол кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Әбіш Кекілбай ағамызға жібергенмін. Сол ойым 1998 жылы іске асқанда қуандым. Келуді аңсай бастағам…

Ақыры 2005 жылы Мәжіліске депутат болған Мұхтар Шаханов ағамыздың шақыруымен оған кө­мек­шілікке келдім, содан тұрақтап қалғалы сегіз жыл болды. Көз алдымызда ай сайын бір ірі нысан беріліп, Астана көз тартар орталыққа айналды. Соңғы 3-4 жылда халық елдің түкпір-түкпірінен ағыла бастады. Келгенде бірен-саран шетелдік көлік болмаса, көбі кеңестік «жигули», «москвичтер» болатын. 2007 жылдардан бастап, көшеде көлік кептелісі пайда болды. Алғашқы 2-3 ай бойы бұл жердің ауасына семіргенім бар, кәдімгідей толығып кеттім. Жалпы, басқалардан да соны байқауға болады. Ал қазір көлік көбейгесін бұрынғыдай таза ауа байқала бермейді.

Бастапқы келгенде жергілікті тұр­ғын­дардың бәрі де астаналық­тарды жатырқай қарайтын, шовинис­тік пиғыл­дағылары да аз емес-тін, тіпті, орыстілді қазақтар да кәдім­гідей «понаехалиды» көп айтатын. Бүгінде басқаша ахуал орнады.

Бас қаланың тұрғыны аталғалы, шы­нымды айтсам, туған Ақтөбені бар­ғанда жатырқайтын болдым. Себебі, бұл қалаға барынша кірігіп қал­дым және жаңа туыс­тар мен дос­тарды таптым. Бү­гін­де Аста­нада ұлттық элита қалыптасып келеді, қаламыздың зия­лы қауымы кәдімгідей есейіп, сан жағы­нан да, сапа жағынан да арта түсті. Зият­керлер өз сөзін айта бастады. Бұл қа­ланың мазмұн жағы­нан сапала­нуына әсер етуде. Ал­ма­тыдан ке­ліп, жылы жақ­ты сағы­­нушылар да­ бұ­рын­ғыдай бір жаққа тартуды қойып, Астананың «деге­ніне» көнулеріне тура келді. Қыс­қасы, жаңа астана толығымен қалып­тасып, мазмұнын толықтыра түсуге кірісті. Астана Қазақ елінің бай­тағы ғана емес, халықаралық саяси үрдістерге қызу араласып кетті. Жыл сайын іргелі әлемдік жобалардың жүзеге асуына көзіміз үйренді, көңіл орнықты.

Көз алдымызда қырымнан да, ұрым­­нан да жиналған халқымыз бі­ріге бастады. Өзімнің айналам­да моң­­­ғо­лия­лық, қытайлық, өзбек­стан­дық іні-қарындастарым жиналды. Бауырл­ардай болып кетті. Жаңа қазақ ұлты қалып­тасып жатыр, жаңа сана түзілуде. Көп адамға бұл байқал­майды, бірақ, бұрынғы қала мен бүгінгі қаланы салыстыру мүм­кін болмаса, адамдарын да салыстыру мүмкін емес. Астаналықтар демо­гра­фия­лық жағынан толық қалып­тасты, ендігісі жай ғана келім-кетім үрдіс қана.

Мен Астанаға келгелі қызым тұрмыс құрды, екі рет ата болдым. Ұлым өсті, інім үйленді, бала­лы-ша­ға­лы болды. Артымыздан аға­лаған жастар еріп, сардар болдық де­ген­дей. Бүгінде сол жастардың ара­сы­нан қадау-қадау көшбасшылар өсіп шығып, әр­қайсысы бір-бірден қызық жо­баларды қолға алуда. Аста­налық өнер жұл­дыздары шоғырлана бастады. Астана ұлттың рухани-саяси ло­ко­мо­тивіне айналып келеді. Елді ара­ла­ғанда бас қаланың гео­гра­фия­лық жағынан ыңғайлы орын теп­­кеніне көзіміз жетіп жүр. Ин­шал­ла, елор­даның жасы мәңгі болғай!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button