Руханият

Ер дәулеті – еңбек

Еркін Шажаұлының көптеген ғылыми ұсыныстары Жер кодексінің нормаларында көрініс тауып, елімізде жер нарығын қалыптастыруға септігін тигізіп отыр. Ғылыми зерттеулерінің тақырыбы сол уақыттағы қоғамның аса өзекті мәселесі – жерге деген жекеменшік құқық пен аграрлық кәсіпкерлік қызметті құқықтық жағынан қамтамасыз етуге арналды. Диссертациялық жұмысы мемлекеттік тілде жазылған алғашқы ғылыми зерттеу жұмыстардың бірі болды. Ол алғашқылардың бірі болып еліміздің ауылшаруашылық жерлерін жекешелендірудің құқықтық негіздерін зерделеп, оның қажеттілігін дәлелдей білді.

[smartslider3 slider=2815]

Еркін 1979 жылы Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты «Жаңа жол» орта мектебін үздік бітіріп, Ресейдің Куйбышев қаласындағы медициналық институтына түседі. Бала кездегі арманы заң саласында қызмет ету болғандықтан, бірінші курсты аяқтамастан, елге оралады. Артынша әскер қатарына шақырылады. Әскердегі қызметін абыроймен атқарып келген соң, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне қатарынан бес жыл бойы құжат тапсырады. Емтихандардан сүрінбей өткенмен, конкурстан өтуі оңай болған жоқ. Өйткені ол уақытта заң факультетіне түсу үшін талапкердің міндетті түрде еңбек өтілі болуы керек деген талап бар еді. Алған бетінен қайтпаған қайсар жас әуелі университет жанындағы бір жылдық дайындық курсына түсіп, оны үздік аяқтаған соң, жоғарыда аталған заң факультетінің 1-курс студенті қатарына қабылданады. Талапкердің осы қайсарлығы оны келешекте ғалым, алғыр басшы және әділетті жақтаушы қоғам қайраткері дәрежесіне жеткізді десек еш қателеспейміз. Сөйтіп 1985 жылы Киров (қазіргі әл-­Фараби) атындағы университеттің заң факультетіне түсіп, оны 1990 жылы үздік бітіреді.

Заң ғылымдарының докторы, профессор Еркін Дүсіповтің ғалым әрі тұлға болып қалыптасуы ел егемендігімен тұспа-тұс келді. Университетті үздік бітірген түлекті жас маман ретінде осы жылы «Азаматтық құқық» кафедрасына қызметке қалдырады. Егемендіктің самалы сезіле бастаған тұста факультетте жаңадан қазақ топтары ашыла бастаған еді. Енді ғана ашылған алғашқы қазақ топтарына ана тілінде дәріс оқу бақыты біздің Ерекеңе бұйырды. Оқулық пен оқу құралдарын құрастырушы тұңғыш оқытушылар легінен болды және оның ғылымға деген шексіз сүйіспеншілігі осы қара шаңырақтан бастау алды.

Отандық құқықтық ой-сана­ның негізін қалыптастыруға зор ықпал еткен қазақстандық заң ғылымдарының сардарлары – С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, М.Баймаханов, В.Ким, Е.Қайыржанов, Қ.Бегалиев, С.Байсалов, С.Сартаев, Г.Басин, Ғ.Төлеуғалиев және басқа да сол кезеңде университет қабырғасында қызмет еткен ғалымдар Еркін Шажаұлының заңгер болып қалыптасу жолындағы адастырмас темірқазығына айналды. Ұстаздарының көп қырлы ғылыми жұмыстары, кез келген аудиторияда іркілмей сөйлей білетін қабілеті, өнегелі дағдылары Ерекеңнің кейінгі өмір-тағдырының қалыптасуына тікелей әсер еткені анық.

1992 жылы Еркін Шажаұлы заң факультетінің кешкі-сырттай бөлімі деканының орынбасары қызметіне тағайындалды. Басшылық қызметті ұстаздық-ғылыми жолмен бірдей алып жүрді. Қазақ тілінде 2002 жылы алғашқылардың бірі болып заң ғылымдарының докторы, академик Әбдіманап Бектұрғановтың ғылыми жетекшілігімен «Жерге жеке меншік құқығының негіздері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Сонымен бірге Қазақ ұлттық энциклопедиясында құқықтану бөлімінің ғылыми кеңесшілері қатарына енді. 2002 жылы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің тапсырмасымен қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми сөздіктерінің авторлар ұжымының қатарында белсенді еңбек атқарды. Аталған министрліктің тапсырмасымен қазақша-орысша терминологиялық сөздіктің авторлары мүшелерінің қатарына енді.

2002 жылы әуелі М.Х.Дулати атындағы университеттің заң факультетінде кафедра меңгерушісі қызметінен бастап, кейін аталған университеттің заң факультетінің деканы қызметіне дейін жоғарылады. Декан қызметінде жүріп факультеттің ғылыми әлеуетін көтерді. Ерекеңнің бастамасымен магистратура және докторантура сатылары бойынша мамандар даярлана бастады. Ғылыми жолдағы еселі еңбегі еленіп, 2007 жылы доцент ғылыми атағына ие болды.

Еркін Шажаұлы 2008 жылы шілде айында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне жалпы және экономикалық-өндірістік істер жөніндегі проректор қызметіне тағайындалды. Ерекеңнің ұйымдастырушылық қабілеті осы тұста ерекше байқалды. Университеттің материал­дық базасы кеңейіп, жаңадан студенттерге арнап жатақханалар салынды. Осы жылдары университеттің жоғары оқу орындар арасындағы білім мен ғылым саласындағы рейтингісіндегі көрсеткіштері жоғарылайды.

Кейіпкеріміз басшылық қыз­метте жүрсе де, студенттерге дәріс оқып, олардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік етумен қатар, өзі де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасында аграрлық кәсіпкерлікті құқықтық қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбындағы докторлық диссертациясын жемісті қорғап шығады. Білім мен ғылымды қатар ұштастырған Ерекең «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантына ие болды. Бүгінгі таңда оның жетекшілігімен 70-тің үстінде заң ғылымдарының магистрі, 5 шәкірті PhD докторы ғылыми атағын иеленді. Сондай-ақ 3 монография мен 100-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Осы жемісті еңбектерінің нәтижесінде Ерекең профессор ғылыми атағына ие болды.

Сондай-ақ Еркін Шажаұлының қоғам өміріне белсенді араласатын қайраткерлік қыры, азаматтық жауапкершілігі жоғары жан екендігін де айта кетуді жөн санаймыз. 2012 жылы Мәжіліс және мәслихат сай­лауында белсенділік танытқаны үшін Тұңғыш Президентіміздің алғыс хатын алды.

Алматы облысының әлеу­меттік-экономикалық және мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің құрмет грамотасы табысталды. Алматы облысындағы «Нұр Отан» партия­сы жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасының жемқорлыққа қарсы жобасы бойынша төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Осындай жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытқаны үшін Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының қоғамда парасаттылық құндылықтарды нығайтуға қосқан үлесі үшін құрмет грамотасымен марапатталды.

Елімізде 2017 жылдан бастау алған «Рухани жаңғыру» бас­тамасынан кейін аймақтарда әртүрлі ғылыми конференциялар, кездесулер, мәдени шаралар ұйымдастырылды. Әрине, бұл оқиға біздің кейіпкеріміз Еркін Шажаұлын да айналып өтпеді. Олай дейтін себебім, осы іс-шара аясында Ақтөбе облысында «Туған жерге тағзым» атты үлкен халықаралық-республикалық ғылыми жиын өтті. Бұл жиынға Ақтөбе облысынан шыққан шет мемлекеттерде тұратын, сонымен қатар, аталған өңірден шыққан танымал ғалымдар мен іскер адамдар жан-жақтан шақырылды.

Іс-шара барысында әркім өз туған ауылына қандай игі іс атқара алады деген міндеттер де тұрды. Осындай мүмкіншілікті тиімді пайдалана білген «Жаңа жол» мектебінің директоры, өзі іскер Мейрамбек Боқашев Ерекеңе «анаңыздың атына сынып ашуыңызға болады» деп ұсыныс білдірді. «Темірді қызған кезінде соқ» дегендей, Ерекең өзі білім алған және анасы да 40 жыл ұстаздық еткен туған мектебіне заманауи компьютермен жабдықталған «математика» кабинетін сыйға тартты. Сонымен бірге бір оқу жылына, ай сайын үздік оқыған оқушыға 25 мың теңге көлемінде анасының атындағы шәкіртақы тағайындады. Жеңімпаз оқушы сол жылы еліміздің ең жоғары оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп, ауылдастарын қуантты.

Еркін Дүсіповтің ұйымдас­тырушылық-реформаторлық қабілеті Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректорлығына келген тұста жаңа қырынан танылды. Ерекеңнің ұсынысымен академияның барлық облыстар мен Алматы және Шымкент қалаларында филиалдары ашылды. Оқу бағдарламалары түгел жаңғырып, профессор-оқытушылар құрамы да жаңа сапаға көшті. Осы жылдар кезінде оқу үрдісіне біршама тың леп енгізілді. Мемлекеттік қызметкерлердің жаңа буын өкілдері біліктіліктерін арттырумен қатар, олардың ғылыми әлеуетінің қалыптасуына да ерекше жағдай жасалды.

Академия қызметінің басты мақсаттарының бірі – елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құруды қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметкерлерге жоғары оқудан кейінгі білім беру, қайта даярлау мен олардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын сапалы жүзеге асыру. Сонымен бірге «Жаңа Қазақстан» құру жолында халық үніне құлақ асатын мемлекеттік аппарат құру, мемлекеттік қызметкерлердің рөлін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс істеу. Академия қабырғасында басшылық қызметте жүріп, жоғарыда аталған мақсат-міндеттерді адал орындағаны үшін Ерекең Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

Күнделікті өмірде парасаттылықты пырақ етіп, адамгершіліктің жалауын желкен еткен, абыройын сақтай білген, жан-жағына жақсылықтың ­шуағын шаша білген Ерекең – өзі де, сөзі де жақсы, өнегелі адам.

Зулфухар СҰЛТАНҰЛЫ,

саяси ғылымдар ­докторы, НұрСұлтан ­қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button