Елорда тынысы

Ер есімі – ел есінде

Нұр-Сұлтан қаласында Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай еске алу жиыны өтті. Аталған шараға қала әкімінің орынбасары Б.Жакенов, Халық қаһарманы Б.Ертаев бастаған ауған соғысының ардагерлері мен қаза тапқан жауынгерлердің аналары, қорғаныс істері департаментінің өкілдері мен жастар қатысты.

[smartslider3 slider=2141]

Ауған даласында қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерге арналған республикалық мемориал алдында алдымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұран айтылып, шара шымылдығы ашылды.

Одан соң қала әкімінің орынбасары Берік Жакенов сөз алып, жылы лебізімен бөлісті. «Бүгін – Ауғанстан даласындағы қанды шайқасқа нүкте қойылған күн. 10 жылға жуық созылған соғысқа 22 мыңнан аса жерлесіміз  қатысқан, олардың 924-і жат мекенде ерлікпен жан тапсырған. 19-ы хабарсыз кетті. Отан алдындағы борышын адал атқарған сол батырлардың ерліктерін ұлықтап, жас ұрпаққа насихаттауға келіп отырмыз. Олардың антына адалдығы мен ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болмақ, – деген Б.Жакенов батырларға зор денсаулық, қажымас қайрат тіледі.

Кейінірек Ауған соғысына қатысушылардың, елорда әкімдігі мен мәслихатының, Ресей Федерациясының елшілігі атынан мемориалға гүл себеттері қойылып, боздақтардың рухына құрмет көрсетілді. Артынан туған жерге табытпен оралған және бейбіт өмірде қаза болған баһадүрлерді қарулас бауырлары мен жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ауған соғысының ардагері, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев та сөзін ұлдары сұрапыл соғыстан оралмаған аналарға бас июден бастады. Әскери қайраткер 33 жыл бұрынғы сұрапыл соғысқа тоқталып, жастық шағын жалын шарпыған сол кездегі жігіттер қазір ел ағасы атанып отырғандығын атап өтті.

Әскери қайраткерден соң боздақтың анасы Бейіскүл Тоқмағамбетова сөйлеп, аналық тілегін арнады. Күннің суығына, арбада отырғанына қарамастан жиынға шейіт кеткен баласының суретін ала келген кейуана елге тыныштық тілеп, ту көтерер ерлердің көп болуын тіледі.  Бейбітшілік заман баянды болсын деп батасын берді.

Шара соңында Қорғаныс істері департаментінің өкілі Ғ.Артықов кешеуілдеп келген наградаларды иелеріне табыстады.

Байжан ЕМБЕРДІ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button