Таным

ЕР ЕСІМІ ЕНДІ ЕЛЕНДІ

Жанузак Жанибеков фото11

Алашорда қозғалысының туын көтерген арда туған азаматтардың арасында күні бүгінге дейін аса көп айтылмаған, өмірі мен қызметі зерттелмеген Жанұзақ Жәнібеков сынды арыстар да бар.

Бұл тұрғыда: «…«Қазақ» газетінің үшінші редакторы – Ж.Ә.Жәнібеков туралы қалың жұрт түгілі, оқығандар да аз біледі» дейді алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының өзі.

Алайда, бұл атқарылған қызметтің құнсыздығынан, еткен еңбектің аздығынан емес. Сәті тумағандықтан.

Ал бүгін «Алаш қайраткері Жанұзақ Жәнібековтің журналистік және публицистік қызметі» атты зерттеуді жазып бітіру бақыты Еуразия ұлттық университеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы, жас зерттеуші Эльмира Ерікқызының еншісіне бұйырыпты.

Жаңа жұмыстың қалай басталғаны жөнінде сұрағанымызда: «Ғылыми жетекшім, алаштанушы-ғалым Қайрат Өмірбайұлы тақырып таңдағанда: «Алаш қайраткерлерінің бірі – Жанұзақ Жәнібековтің мұралары толық зерттелінбеген. «Қазақ» газетіне басшылық жасаған Жәнібеков те, Дулатов, Жұмабаев секілді алаштықтардың есімдерімен қатар айтылуға лайық есім. Оның мұраларын мұрағаттардан іздеп, тиянақтылап зерттеп, жарыққа шығару керек» деп кеңес берген. Кейін мені Жанұзақ Жәнібековтің ұрпағы Маяш Сәлімқызымен таныстырды. Алаш арысының ұрпағы Маяш Сәлімқызы өзінің жеке фотомұрағатында сақталып келген Жанұзақ атасының бұдан 100 жылға таяу бұрын түскен суретін берді. Орайы келгенде осы еңбектің жарық көруіне алаш қайраткерінің ұрпақтары атынан қолдау көрсеткен Маяш Сәлімқызына шексіз алғысымды білдіргім келеді» дейді жас ғалым Эльмира Ерікқызы.

Хош, сонымен аға ғалымның жол көрсетуімен жас зерттеуші Жанұзақ  Жәнібеков туралы ізденіске түсіпті.

Бұл жұмыстардың нәтижесі «Балаларыңызды келешек заман үшін үйретіңіздер. Осы заманымыз – келешек заманның айнасы» деп өткен жаңашыл, білімдар Жанұзақ Жәнібековтің 125 жылдығы қарсаңында көріне бастады.

Енді, міне, алаштану, тұлғатану, ағартушылық іліміндегі кітаптардың қатары жаңа есімді жарқыратып көрсеткен тағы бір дүниемен толығып отыр.  Ізденуші ең басты ғылыми жаңалық ретінде мұрағаттан алаш қаламгерінің 1908 жылы Қазан қаласында басылған «Айна» және осы қалада 1909 жылы жарық көрген «Балалар бәдуәмі» жинақтарының табылғанын атады. «Айна» – 24 беттен тұратын ағартушылық бағытта жазылған әдеби-публицистикалық еңбек екен.

«2012 жыл болатын, мұрағаттан осы «Айна» кітабын тауып алып, алаштанушы-ғалым Дихан Қамзабекұлына қуанышым қойныма сыймай көрсеткенім есімде. Ол кісі менен өте қуанып: «Мен Петербургтағы мұрағаттан мынадай бір шумақ өлең кездестірдім, жазып алшы» деп, ішінде Жанұзақ деген бір ауыз сөзі бар өлеңді оқып берген еді» дейді жас ғалым.

Белгілі ғалым, алаштанушы Қайрат Сақ үнемі шәкірттеріне: «Бұдан жүз жылдан астам уақыт бұрын бір кітап шығару – бір қала салғанмен бірдей. Бір кітапты тауып, ғылыми айналымға енгізу – бір қала ашқанмен бірдей» деп отырады екен. Ұстазы, ғылыми жетекшісі осы сөзді айтып, қанаттандырғаннан кейін жас ғалым өз жұмысын абыроймен жазып бітіруге барын салыпты.

Жан-жақсы ізденістерінің арқасында жарық көрген кітап үлкен тұлғалардың да қуанышын туғызған.

Алаш қайраткері Жанұзақ Жәнібековтың ұрпақтары да жүйелі еңбек үшін разылығын білдіруде.

 

СҮБЕЛІ СӨЗ

Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі:

Жанұзақ Әлжанұлы – Алаш қозғалысының қайраткері. 1889 жылы Қызылжар қаласында туған. Шығармашылықпен ерте айналысқан. 1908 жылы Қазанның «Шәраф» баспасынан «Айна» атты ағартушылық өлең жинағын, 1909 жылы «Ағайынды Кәримовтер» баспасынан «Балалар бәдуамы» жинағын шығарады. Осы жылдары (1908) «Шәраф» баспасынан «Жұмбақ пен мақалдар» атты ұлт мұрасын жариялап, руханияттың құнтталуына ерекше үлес қосқан. 1912 жылы Петропавл типографиясына қызметке тұрады. 1913 жылы Орынборға келіп, «Қазақ» газетіне корректор болып жұмысқа орналасады. 1915 жылы Н.Күзембайұлымен бірігіп Орынбордан «Құран құралы» атты еңбек жариялайды. Қаламы төселіп, білікті журналист дәрежесіне көтеріледі. 1917-1919 жылдары ұлт тағдыры шешілетін барлық саяси істерден шет қалмайды.  1917 жылы 14 желтоқсанда Орынборда Алаш партиясының Торғай облыстық комитеті ашылғанда (төраға Ә.Бөкейхан) соның қазынашысы болып сайланады. Осы жылы «Еркін дала» ұйымына мүшелікке өтеді. 1918 жылы «Қазақ» газетінің редакторы болады. Шебер көсемсөзші ретінде халықтың рухын көтеретін, көзін ашатын мақалалар жазады. «Сыртқы хабарлар», «Алаш құрбандары», «Ғұсманлы түріктері», «Кәріс мұсылмандары», «Қара жүз қажы яки Қорғанский», «Тыңшылар», «Құран құралы», «Талапкер қазақ қызы», «Бағбастан ханым мектебі», «Түрік тілінің ірі ғалымы В.В.Радлов», «Аттан, Алаш азаматы!», т.б. мақалаларында қазақтың саяси дәрежесіне қозғау салатын ой айтады…

Жанұзақ Жәнібеков өмірінің соңына дейін саналы қызмет етіп, күрескерлік танытып өткен. 1937 жылдың 28 шілдесінде ұсталып, 13 қыркүйекте атылған.

Ұлт тарихында орны бар тұлға туралы, өкінішке қарай, тәуелсіздікке дейін де, одан кейін де сөз етілген жоқ. Тек түрлі энциклопедияда там-тұм ақпарат қана болды. Жас зерттеуші, жазушы Эльмира Ибраеваның еңбегі осы олқылықтың орнын толтырды деуге толық негіз бар.

 

 

Маяш СӘЛІМҚЫЗЫ, алаш қайраткерінің ұрпағы:

Менің бала күнімнен есімде қалғаны Жанұзақ ата жайында біздің отбасымызда әсіресе, үлкендер жағы ауыз ашпауға тырысатын. Айтылса да, сыбырлап қана үрке айтылушы еді. Анам өмір бойы әскери киім киген адамдарды көрсе тұла бойы тітіркеніп, қорқып өтті.

Жанұзақ атам қолына қаламын ерте алған, шығармашылықпен 12-14 жасынан бастап айналысқан деседі.

Біз Жанұзақ Жәнібековтің үш қызынан тараған ұрпақтары қаламгер атамыз туралы көп нәрсе білмей өстік. Кейіннен тыныштық заман орнағанда анамыз әкесі жайында кейбір уақиғаларды есіне алып, әңгімелеп беруші еді. Жанұзақ атаны 1936 жылы 28 шілдеде НКВД-лықтар сағат түнгі 3-тің кезінде келіп, үстіндегі жатарда киер киімімен тұтқындап алып кеткен екен. Бұл Степняк қаласында еді. Көп ұзамай нағашымыз келіп, НКВД-лықтар Мәриям әжені (Жанұзақ атаның жары) және үш қызын келіп алып кететінін, Мәриям әжені «халық жауының» әйелдерін тұтқындайтын лагерьге, үш қызын жан-жақтағы балалар үйіне таратып жіберетінін айтыпты. Сонымен, бір түннің ішінде қашуға бел буып, нағашымыз Мәриям әже мен қыздарын арбаның үстіне тізіп жатқызып, үстіне шөп үйіп, түнімен жүріп отырған, ал күндіз тау-тас сағалап тығылып жатыпты. Күн-түн өтіп, Петропавлға жеткен, осы қалада Жанұзақ ата тұтқында екен. Биік қақпа, қақпаның үстіңгі жағы бірнеше орам тікенекті темірмен тағы қоршалған. Соның арғы бетінде – біздің Жанұзақ ата. Сылдырлаған көп шынжыр даусы естілген кезде Мәриям әже қақпаға жақындайды. Бұл тұтқындардың түрме ауласына серуенге шығатын кезі екен. Екі кіші қызын екі иығына тұрғызып, Мәриям әже қыздарына әкелерін көрсетуге ұмтылады. Осы кезде түрме қарауылдары мылтықтың дүмімен әйелді кеудесінен нұқып, аулақ қуады.

Жанұзақ Жәнібековке «контрреволюциялық ұйымның мүшесі болған, кеңес өкіметіне қарсы үгітпен шұғылданды» деген айып тағылып, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша НКВД басқармасы «үштігінің» №6 қаулысымен 1937 жылы 13 қыркүйекте 58-10, 58-11-баптары бойынша ату жазасына кесілген.

«Халық жауының» отбасы бұл қалада көп тұрақтамай оңтүстікке ауады. Қыздары есейгеннен соң не тұрақты жұмысқа қабылданбай, не қоғамдық шараларға араласа алмай, шеттетіліп қала берді.

Ұрпақтарын қатты жабырқататын жай – атаның қай жерге жерленгені жөнінде бір дерек кездестіре алмадық.  Дегенмен, жүйелі зерттеу жұмысының қолға алынғаны қуантады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button