Басты ақпаратРуханият

Ерекше әсер сыйлаған этноауыл

Жүмлә жұрт көз тіккен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Арқа төсіндегі ару Астананың ажарын тіпті айшықтай түсті. Әсіресе байрақты бәсеке қарсаңында бас қаладан бой көтерген этноауылдар әлемдік доданың салтанатына сән, мазмұнына мән қосып, қала тұрғындары мен қала қонақтарына айрықша әсер сыйлады.

Астанада V Дү­ние­жүзілік көш­пенділер ойындары аясында «Қазақ елі» монументі, «Ататүрік» саябағы, «Бәйтерек» монументі және Орталық саябақ аумағында, «Қазанат» атшабарында 5 этноауыл ашылып, 7 қыркү­йектен бері қаншама қонақты қабылдап үлгерді.

«Көшпенділер әлемі» этно­ауылы «Қазанат» атшабарымен қатар орналасқан. Жалпы аумағы – 10 гектар. 7 қыркүйек күні қақпасын айқара ашқан бұл этноауылдың ішінде орталық алаң, ұлттық ойындарға арналған алаң, халық музыкасына арналған шатыр, ашық аспан астындағы көшпелі өркениеттер мұражайы, спорт іс-шаралары алаңы, балалар алаңы, ұлттық тағамдар алаңқайы, басты сахна, аймақтардың этноқоныстары, қолөнершілер аумағы және шығыс базары бар. Шымылдығын қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін көрсететін «Шаттық керуені» шеруімен ашатын этноауылдан әр күні ән шалқып, күй күмбірлеп, ұлттық ойындар ойнатылып, келген жұртты мереке шаттығына шомдыруда.

Этноауылдағы «Шеберлер ауылында» еліміздің түк­пір-түкпірінен келген 200-ден астам қолөнерші бірегей бұйымдарын таныстырып, шеберлік құпияларымен бөлісіп, келген жұртты өзіне баурап тұр. Олардың арасында көрікпен темір балқытқан ұсталар, қайыстан айыл-тұрман сияқты ат әбзелдерін дайындаған шеберлер, өрмек құрып, басқұр тоқыған ісмерлер, киізден, жүннен әртүрлі бұйым жасаған ыспар әйелдер, қазақтың әртүрлі бег­зат өнерін насихаттаған сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар бар. Өркениеттер мұражайында тарихи мұралар, қазір тарпы құруға айналған көне бұйымдар жұрт назарына ұсынылса, әр облыстың тіккен киіз үйлерінде өңір ерекшелігі мен тұтас Қазақстанның мәдени бітімі айшықталып тұр. Этноауылда қонақтардың зергерлік өнер, былғары өңдеу және керамикалық мүсін жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, қолөнердің кереметін сезінуіне де жағдай жасалған. Бір ауыз сөзбен айтқанда, кезіндегі Қоянды жәрмеңкесін еске салатын осы этноауыл арқылы жұрт өткен дәуірдегі қазақ даласының айшықты мәдениетіне рухани шолу жасап, оның құндылығын сезінуіне және оның бүгінгі өркениетпен тоғысқан ырғағын ұғынуына бірегей мүмкіндік бар.

«Астананың іргесіндегі бұл этноауыл қала тұрғындарына қазақ халқының өнер жәрмеңкесі өтіп жатқандай әсер сыйлайды екен. Бала-шағаммен келіп тамашалап жүрміз. Осындай әлемдік дүбірлі доданы сәтімен өткізіп, этноауыл ашып, сан өнердің саңлақтарын жинап, ұлттың рухын көтеріп жатқаны үшін ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін» деп қала тұрғыны Жарқын Жанболат өз көңіл күйін білдірсе, «Бейне ертегілер еліне келіп қалғандай күй кешіп жүрмін. Көшпенділер мәдениеті мені өзіне айрықша тәнті етті» дейді Қазақстанға алғаш келген Клэр есімді франциялық бойжеткен.

Айта кетейік, этоноауылға кіру тегін, ал мұндағы спорт іс-шараларына билет алу керек. Қала тұрғындарының 13 қыркүйекке дейін барып тамашалап қайтуына болады. 8, 37, 303 және 323 бағыттағы автобустар этноауылдың қақ­пасына дейін жеткізіп салады.

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button