Ерекше балабақша ашылды

Елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақша ашылды. 2 жастан 7 жасқа дейінгі балаларды қабылдайтын мекемеде барлық жағдай жасалған.
Шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Лариса Павловец балабақшаның балалар үшін маңызы зор екенін айтты.
– Балабақша қоғам үшін маңызды. Сол үшін де бұл мекеменің ашылғанына қатты қуанып тұрмын. Медицина университеті мен балабақшаның бірлесуі қоғамдағы ерекшеліктері бар балалардың дамуы оң әсер етеді деп сенемін, – деді депутат.
Сөйлеу қабілеті, аутизм спектрі, орталық жүйке жүйесі бұзылған және басқа да ерекшеліктері бар балалар медициналық-педагогикалық көмектің толық кешенін алатын болады. Олармен логопед-дефектолог, реабилитолог, балалар невропатологы, педиатр, педагог-психолог, эрготерапевт, кинезиотерапевт, сондай-ақ сурдолог және нутрициолог мамандары жұмыс істейді. Астана медицина университетінің басқарма төрағасы-ректоры Камалжан Надыровтың айтуынша, балабақша университеттің клиникалық базасына айналады. Яғни, медицина студенттері балаларға көмек көрсету арқылы қосымша біліктілікке ие болады.
– Мектепке дейінгі мекемелерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың бейімделуі жылдамырақ өтеді. Себебі басқа қатарластарының арасында олар еркін сезіне алады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Ал біздің міндетіміз – өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағын қамтамасыз ету, – деді Камалжан Надыров.
Баян АСЫЛБЕКОВА