Денсаулық

Ерекше балаларға – ерекше көзқарас

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылуы бар балалар саны – 16700. Ал елордадағы қалалық психикалық орталықта 2000-нан астам бала тіркеуде тұр екен. Бұл туралы орталықтың дәрігер-психиатры Анар Тастембекова айтып берді.

Психикалық мінез-құлық бұзылысының алдын алу, ерте анықтау және халыққа мамандандырылған психиатриялық, медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін орталықта нақты аутизм дерегі бойынша тіркелушілердің саны жыл сайын артып келеді.

Дәрігердің пікірінше, медицинада аутизмді толыққанды емдеу мүмкіндігі болмаса да, оның белгілерін жеңілдетуге арналған әртүрлі әдіс болады. Балаларға арналған мінез-құлық және сөйлеу терапиясы, арнайы білім беру бағдарламасы бар. Диагнозды ерте анықтау әрі дұрыс қолдау көрсету арқылы балалардың әлеуметтік ортаға еркін араласуына және болашақта өмірін жақсартуға көмектесуге болады

«Қазіргі таңда ата-аналар баласының денсаулығына мұқият қарайды. Бойында қандай да бір өзгерістер байқалса, психолог немесе пси­хиатр мамандарына дереу жүгінеді. Екіншіден, Астана елорда болғандықтан, басқа қалалардан да келушілер көп. Ата-аналардың айтуынша, басқа өңірлерде баланы оңалту жағынан көмек алу әлі де қиындау. Шынын айту керек, аутизммен тіркелген балалардың саны неге көбейіп жатқаны дәлелденбеген. Яғни не үшін бұзылыс пайда болады дегенге нақты себеп жоқ» дейді Анар Жұмабекқызы.

Дәрігердің пікірінше, медицинада аутизмді толыққанды емдеу мүмкіндігі болмаса да, оның белгілерін жеңілдетуге арналған әртүрлі әдіс болады. Балаларға арналған мінез-құлық және сөйлеу терапиясы, арнайы білім беру бағдарламасы бар. Диагнозды ерте анықтау әрі дұрыс қолдау көрсету арқылы балалардың әлеуметтік ортаға еркін араласуына және болашақта өмірін жақсартуға көмектесуге болады.

«Аутизм – ауру емес, ол баланың ерекшелігі, дамуының бұзылысы. Аутизмға шалдыққан балалардың медикаменттік емі жоқ. Тек оңалту, әлеуметтік жағынан қолдау бар. Егер баланың мінез-құлқы жағынан өзгерістер болып жатса, ол кезде корректор ретінде орталық дәрігерлері арасында медикаменттік ем қолдану мүмкін. Ата-аналар біздің орталыққа тіркеуден кейін әлеуметтік сұрақтар бо­йынша келеді. Ол – жәрдемақы тағайындау, индивидуалдық бағдарламаға жазылу. Оларға қандай орталықтардан көмек алуға болатыны айтылып, бағыт беріледі. Өйткені балаға оңалту үнемі әрі тұрақты болу керек» дейді дәрігер-психиатр.

Жалпы аутизмнің белгі­лері ерте жастан анықталуы мүмкін, бірақ көбіне ­диагноз кешірек қойылады. Ашығын айту керек, кейбір ата-­аналар баласында дәл осы ­диагноздың бар екенін мо­йындамай жүріп алатыны жасырын емес. Уақыт өткізіп алатындар да бар. Аутизм туралы естіген бойда түрлі орталықты жағалап, білікті деген дәрігерлерді іздей бастайды. Соңында орталыққа келеді.

«Әрине, ата-анаға қабылдау оңай емес. Кейбірі уақыт жоғалтып алады. Мәселен, бізге келген сондай ата-ана­ның бірі баласы 10 жасқа толғанда бір-ақ келді. Аутист екенін енді қабылдадым дейді. Негізінде, аутизм балада 2-3 жаста байқалады» дейді Анар Жұмабекқызы.

Қалалық психикалық денсаулық орталығы бұзылысы бар балаларды тіркеуге алу, оларға әлеуметтік қолдау қыз­метін іске асырады. Мәселен, бала екі жылға тіркеуге алынса, сол аралықта оңалту орталықтарына бару, ста­ционарлық ем алуға тегін көмек көрсетіледі. Өйткені аутизмге шалдыққан балаларға үнемі коррекция керек.

Әлеуметтік желіде аутизмге шалдыққан балаларды көршілес елдерде, әсіресе Ташкентте жақсы емдейтіні жиі айтылады. Бұл туралы дәрігерге сұрақ қойған едік.

«Әр ата-ана баласы үшін бәрін істеуге дайын. Қолынан келетінін де, қолынан келмейтінін де. Біз оларға балаңызды емдеуге көрші елдерге апармаңыздар, ол клиникалық тұрғыдан дәлелденбеген деп айта алмаймыз. Шешімді өздері қабылдайды. Біз орталыққа қатысты қандай мәселелермен келеді, соны шешуге тырысамыз. Жалпы аутист бала тәрбиелеп отырған барша ата-анаға шыдам керек. Осы салада ұзақ жыл жұмыс істегенннен кейін түсінемін, алғаш мұндай диагнозды естігенде оларда түрлі эмоция болады, қабылдағысы келмейді. Десек те баланың жанында болып көмек көрсету, диагнозды ертерек қабылдау, уақыт жоғалтпай түзету маңызды. Әрине, дәрігерлердің айтқан кеңесіне құлақ түрген жөн. Себебі ата-ана бізге дейін талай емшіге, түрлі орталыққа барып келеді. Егер бала динамикасында оң өзгерістер болса, біз тіркеуден шығарамыз» деп түйіндеді Анар Жұмабекқызы.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button