Әлеумет

Ерекше балаларға – ерекше қолдау

Ерекше қажеттіліктері бар балалар қоғамның ерекше қолдауын қажет етеді. Өздерін қоршаған ортаның кішкентай бір бөлшегі ретінде сезіну олар үшін аса маңызды. Көптеген орталық пен ұйымның осы мәселеге жіті көңіл бөліп, әлеуметтік сұрақпен айналысуы «ерекше» балалар мен ата-аналарға үміт сыйлайды.

Түрлі диагнозы бар балаларға қол ұшын созып келе жатқан орталықтың бірі де бірегейі – «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры. Елордада жұмыс істейтін орталық ересектер мен балаларға оңалту қызметтерін ұсынады.

Бүгінде «Бақытты шаңырақтың» төрт орталығы бар. Екі жыл бұрын ашылған қор бүгінде ерекше тағдырлары бар 600 отбасының басын қосып отыр. Отбасыларға азық-түлік себеті, білім беру құралдары, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту секілді түрлі материалдық, әлеуметтік, білім беру және психологиялық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі.

Жуырда ғана ашылған төртінші орталық Рақымжан Қошқарбаев, 60 мекенжайында орналасқан. Бұл елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алғашқы оқыту-дамыту орталығы. «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының қызметкері Сәния Нұрмұханованың айтуынша, орталықтың негізгі ерекшелігі барлық отбасы мүшелерінің біріктіруінде. Яғни, мұнда ата-анаға да, балаға да қызмет көрсетіледі.

– Қордың негізгі міндеті – заңнамалық деңгейде мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың ата-аналарының құқықтарын бекіту. Оған зейнетке шығу мәселесі, тұрғын үй бағдарламалары, ментальді бұзылулары бар балалардың мәселелері және т.б. жатады. Сондай-ақ қоғамда балаларды денсаулығына қарай бөліп қарау бар. Меніңше, әр адам бірдей мүмкіндік пен құқыққа ие. Бұл мәселені шешуде біз ата-аналармен ұйыса отырып, тең құқық үшін күресіп келеміз, – деді С.Нұрмұханова.

Маманның айтуынша, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отыр­ған ата-аналарға кәсіби біліктілік жетіспейді. «Қазіргі таңда ата-аналар арасында дайын көмекті алу тенденциясы белең алып келеді. Ал біз осы мақсатта оларды жұмысқа орналастырып, отбасын асырауға бағыттаймыз. Кәсіп бастап, оны ары қарай дөңгелетуге үйретеміз» деп атап өтті орталық қызметкері.

Орталықта ДЦП, аутизм, даун синдромы және жүрек талмасы секілді диагнозы бар балалар үшін педагогикалық түзету қарастырылған. Логопед, дефектолог, психолог мамандардың оқыту сабақтары мен психологиялық қолдауы ұсынылады. Ата-аналар үшін онлайн түрде үйде отырып, кәсіп бастау бойынша түрлі бағыттағы семинар-тренингтер өткізіледі.

Қызығы, орталықтың барлық қызметкерлері – ерекше балаларды тәрбиелеп отырған, осы орталықтың көмегіне жүгінген ата-аналар. Солардың бірі – орталықтың үйлестіруші маманы Гүлжас Шындәулетова. «Ұлым Омар ДЦП диагнозымен ауырады. Біз осы орталықтан көмек алып жүрміз. Психолог мамандардың кеңесіне жүгінеміз. Орталық мамандары жан-жақты қолдау беруге дайын тұрады» деді жас ана.

Айта кету керек, 2021 жылы қордың белсенді жұмысының нәтижесінде «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 4000-ға жуық отбасының тұрғын үй алуға байланысты өтініші мақұлданды.

«Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры Назарбаев университетімен меморандумға қол қойған. Оған сәйкес, оқу орнының студенттері онлайн түрде ерекше балаларға математика мен ағылшын тілі пәндері бойынша сабақ береді. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығымен де келісім орнатылған. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тоғжан Сәден «Жастар тәжірибесі» бойынша биыл жұмысқа орналасты. «Жас маман, педагогпын. Ерекше қажеттіліктері бар балалармен, олардың ата-ана­ларымен бірлесе отырып, балалардың дамуына үлес қосқым келеді» деді мұғалім.

Коғамдық қордың ұжымы алдағы уақыттта инклюзивті білім беруді қолға алмақ. Орталықтың негізгі ұстанымы: балалары бар үй – бақытты шаңырақ.

Индира БЕРЖАНОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button