Басты ақпаратСараптама

Ерекше есімдер қазаққа жараса ма?

Дархан даланың қазағы үшін баланың өмірге келуі мен оған азан шақырып, ат қоюдан артық ­қуаныш жоқ. Сүйіншілеген ағайынға астындағы жалғыз атын сыйлайтын да, аста-төк дастарқан жайып, той жасайтын да өзіміздің қаракөздер. Сәбиге ат, есім ойлап табарда да таласып, ­жанталасатын да қазақтар. Рас болса, психологтар адамның тағдыры атына сай қалыптасады дейді. Бұл балаға ат қоюда есімнің мағынасы туралы дұрыстап ойластыру керегін аңғартады.

Жалпы адамға таң­­­далған есім болашақты таңдау­мен бірдей. Яғни ата-анасы жауапкершілікті сезіне білуі керек. Себебі көпбалалы отбасыларда немесе ұлды зарыға күтіп жүрген бірнеше қыз баланың ата-анасы аса қатты мән бере бермейді. Ал ес біле бастаған балаға есімнің мағынасын түсіндіріп, санасына сіңіре беру керек. Бұрын ата-әжелеріміз немерелеріне ерінбей айтып отыратын. «Атыңа лайық бол» деп оның бойына есіміне сай қасиеттерді сіңіріп, жақсы қабілетін жетілдіретін. Қазір түсініксіз есімдер көп. Ал есімнің түсініксіз болуы баланың өзіне деген сенімін жоғалтады. Мысалы, Арман, Аңсар, Аян деген есім қазақтарда ауыр ат болып есептеледі. Соны үйде дастарқан басында баланың есіне сала берсе, ол болашақта ауыр тағдыр күтіп тұрғанын болжап қояды. Алдында кездескен қиындықтарды да тағдырынан көріп тұрады деген түсінік қалыптасқан. Бірақ өкінішке қарай, «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дейді қазақ мәтелі. Саясатқа, идеологияға еліктеген жандар былай деп ат қойғанын естідік: Октябрь, Саясат, Жигули, Олимпбек, Комсомол, Советхан, Съезд, Экспо, Атазаң, Елбасы, Нұротан, Нұрлыжол, Астана, Қазақстан, Ақорда, Теңге, Шырша, Окилхон, Бриллиант, Сатира, Анзор, Гимн, Социалхан, Коронавирус, Аттеріс, Шашты, Орындық.

«Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, көркем ат қоюға шақырады. Балаға есім беру – аса жауапкершілікті талап ететін іс. Тышқан, Коронавирус сынды есімдер мағынасы жақсы болмағандықтан, басқа есімдер қойған дұрыс. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз сөзінде: «Баланың әкесіндегі ақысы үшеу: дүниеге келгенде әдемі есім қою, ақылы кіргенде Кітапты (дінді) үйрету және ер жеткенде үйлендіру» дейді. Сондықтан өзара ақылдасып, бірауыздан келісіп, балаға әдемі ат таңдаған жақсы болады» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі.

Әрине, баласы тұрмаған жағдайда, халқымыз әртүрлі ырымдар жасаған. Ондайда баланы үш немесе жеті кемпірдің аяғының ортасынан өткізіп, Үшкемпір, Жетікемпір деген есімдерді қояды. 52 жасына дейін баласы тоқтамаған Кенен атамыз қызы дүниеге келгенде, төрт кемпір мен бір шалдың екі аяғының арасынан өткізіп, атын Төрт кемпір, бір шал деп қойған. Кейін оны Төрткен деп өзгерткен. Бұл рәсім ғұмыры ұзақ болсын деген ниеттен туған. Бір ырымда баланың жолдасын киізге қосып тігеді. Оны шаңырақтың кілдіреуішіне іліп қойған. Балақайдың жасы жетіге келгенде садақа беріп, жолдасын ұлы жолдың бойына тастаған. Мұндай қиын жағдайлардан шығудың тағы бір жолы – балаға ыңғайсыз есімдер қою: Боқтыбай, Шұлғаубай, Итбай, Түлкібай, Қасқырбай, Бүркіт, Қоянбай, Тышқан, Жолбарыс, және т. б. Сондай-ақ, қазақ баласы тұрмаған отбасындағы сәбиге орысша, басқа шетелдік есімдерді қоятын болған, мысалы, Сергей, Света, Дамир, Ольга, Нина, Венера, Шмидт, тағысын тағылар.

Ұлттық статистика бюросы 2022 жылы сәбилерге қойылған ең танымал есімдер ондығын ұсынды.Олар: Әлихан, ­Алдияр, Омар, Алан, Әли, Нұрислам, Айсұлтан, Әмір, Рамазан, Мухаммад. Медина, Асылым, Раяна, Айша, Томирис, Айым, Аяла, Айлин, Сафия, Әмина

Егер адам есімін сұраған кезде анық, дауыстап, мақтанышпен айтса, оны есімін қабылдаған адамдар қатарына жатқызамыз. Егер күмілжіп, сенімсіз түрде айтса, өз атын қабылдамағаны. Өйткені олар өзіне есім қойған адамды жек көреді. Сондықтан өсе келе есімін өзгертеді.

Айқарагөзайымсұлу деп ұзыннан-ұзақ шұбатылған есімді де қоятын өзіміздің қандастар. Екі есімді бірдей арқалап жүретін адамдар, яғни азан шақырып қойған аты бөлек, отбасында басқаша есіммен аталатын балалар еркелікке жақын болады. Олар өз ойын еркін жеткізеді. Мысалы, Шыңғыс сұлтан Шоқан өмірге келгенде, әрі ақын, әрі батыр болсын деп есімін Мұхаммед-Қанапия қойған, бірақ елге Шоқан есімімен танылды.

«Табиғатында кез келген бала тоғыз-он жасында атына мән беріп, неге аты солай қойыл­ғанын зерттей бастайды» дейді психолог.

Шариғат не дейді?

Ислам діні балаға мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды, көркем ат қоюға шақырады. Сондықтан балаға есім беру – аса жауапкершілікті талап ететін іс.

«Сіздер қиямет күні өз есіміңізбен және әкелеріңіздің есімімен шақырыласыздар. Сондықтан есімдеріңізді көркемдеңіздер». «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл өсиетінде бізді жақсы іске бағыттап, көркем есімдер қоюға шақырды» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі.

Тағдырға әсер ететіні рас па?

Шариғат бойынша адам есімі тағдырын өзгертіп жібермейді. Адам баласының есімі өзіне, өміріне әсер етуі мүмкін. Хадисте ибн Мусаяб әкесінен жеткізеді, әкесі Алла елшісіне келгенде, Алла елшісі: «Атың кім?» деп сұрады. Ол: «Хазан (қиыншылық)» деп жауап берді. Алла елшісі: «Сен Сәһл (жеңіл) деген есімді ал» деді. Ол: «Әкем қойған есімді өзгертпеймін» деді. Ибн Мусаяб: «сол сәттен бері бізде қиыншылық жалғасын тапты» дейді. Хадис түсіндірмесінде әкесінің мінезі ауыр болған делінеді.

Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жағымсыз есімді жақсы есімге ауыстыратын еді. Сондықтан да адам баласының есімі жақсы, жаман, қатал-жұмсақ мінезді болуына әсері бар.

Елімізде Қазақстан және Тәуелсіздік есімді балалар бар екен. Ал Отан есімді 23 бала болса, Елбасы есімі 35 балаға қойылған. Астана есімі 10 балаға берілсе, 13 бала Теңге есімін алған. 11 адамның есімі Нұрлыжол, 9 адамның аты Нұротан және Бәйтерек есімді 53 адам бар. Тағы үш адам Мәңгілік және екі Ақорда бар екен. Қазақстанда бір адамның есімі ­Атазаң екен

Қазіргі заманғы пікірлер

Ислам шариғаты бойынша жаңа туған баланың құлағына азан шақырып ат қою рәсімі – сүннет. Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Имам Әбу Дәуіт пен имам Тирмизи келтірген хадисте: «Пайғамбарымыз (оған ­Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызы Фатима Хасанды босанған кезінде оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқан». Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Кімнің баласы туғанда, оның оң құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге «умму сибян» (сәбиді ауру ететін жел немесе жынның кесірі) әсер етпейтін болады» деп айтылған. Сондықтан заман өзгерсе де, шариғаттың сара жолы өзгеріске түспейді. Олай болса балаға ат қоярда бірнеше жайтты ескерген жөн:

Біріншісі, балаға қойылып жатқан есім Алладан басқаға құлшылық етуді білдіретін болмауы керек. Өйткені мұндай мағынаны білдіретін есімдер ол адамды өзгелердің алдында төмен қылып көрсетуі ықтимал. Алайда ол Алладан өзгеге табынуды емес, қызмет ету, бағыну мағынасын білдірсе, шариғатымызда ондай есімді қоюға рұқсат береді. Бұлай деуіміздің мәні араб тілінде «абд» (құл) сөзі «жаратылған» және «бас иелігі жоқ, құл» деген мағыналарды қамтиды. Мысалы: Абдулла, Абдуррахман секілді есімдер «Алланың жаратқаны» деген мағынада болса, ал Абдулмутталиб сияқты есімдер Мутталибтің қызметшісі, құлы деген мағынаға келеді.

Екіншісі, есімнің тек Аллаға ғана тән болмауы шарт. Мысалы: Алла, ар-Рахим, ар-Рахман, әл-Жәббар секілді есімдер. Ендеше жоғарыда айтылған Алла Тағаланың көркем есімдерімен Алладан өзге ешкім аталмайды. Осыған байланысты бір кісіге лақап тағылғанда немесе балаға ат қойылғанда осы іспеттес аттарды қоюға болмайды. Шариғатта Алланы басқамен ортақ ететін мұндай істерге тыйым салынады. Сонымен қатар Иса Мәсіх, Расулулла, Нәбиулла секілді аттар адамдар арасындағы ғұрып бойынша айтылуы мен естілуі жағынан тек осы есімдермен шынайы аталатындар, яғни тек Исаның (а.с.) өзі немесе тек Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі ғана мақсат етілетіні қалыптасып қалған. Сондықтан осындай мағынаны білдіретін есімдерді де балаға қоюға рұқсат етілмейді.

Үшіншісі, есімнің мағынасы жаман немесе айтқанда, естігенде сөгіс, балағат сөздерді меңзейтін болмауы керек. Ұлы ғалым әл-Хаттаби «Маалимус-сунан» атты кітабында: «Ең ұнамсыз есім – Харб (соғыс) деген есім. Өйткені бұл есім жамандық пен қиындық деген мағынаны білдіреді. Сол секілді Муррә (ащы) деген ұнамсыздық пен ащылық мағынасын береді. Сондай-ақ, адамға ит, сиыр секілді жануарлардың әрі қорлау мағынасында қолданылатын аттарды қоюға тыйым салынады.

Ұлттық статистика бюросы 2022 жылы сәбилерге қойылған ең танымал есімдер ондығын ұсынды.Олар: Әлихан, Алдияр, Омар, Алан, Әли, Нұрислам, Айсұлтан, Әмір, Рамазан, Мухаммад. Медина, Асылым, Раяна, Айша, Томирис, Айым, Аяла, Айлин, Сафия, Әмина.

Тәуелсіздік жылдарында 1991 жылдың 16 желтоқсанынан 2016 жылдың 6 желтоқсанына дейін 31810 адамға Нұрсұлтан деген есім берілген. Ал Қазақстанның бірінші ханымының есімі Сара 3512 қызға берілген. Елімізде Қазақстан және Тәуелсіздік есімді балалар бар екен. Ал Отан есімді 23 бала болса, Елбасы есімі 35 балаға қойылған. Астана есімі 10 балаға берілсе, 13 бала Теңге есімін алған. 11 адамның есімі Нұрлыжол, 9 адамның аты Нұротан және Бәйтерек есімді 53 адам бар. Тағы үш адам Мәңгілік және екі Ақорда бар екен. Қазақстанда бір адамның есімі Атазаң екен.

«Тәуелсіздік жылдары туған балалардың саны 2014 жылға – 399 мың бала, 2015 жылға – 398 мың және 2013 жылға – 387 мың бала. 1999 жылы балалар дүниеге аз келген» делінген Статистика комитетінің мәліметінде.

Қазақ есімдерінің линг­вистикалық табиғатын ғылыми тұрғыдан саралап, теориялық негізінің қалыптасуына Телғожа Жанұзақов ерекше еңбек сіңірген ғалым. «Қазақ тіліндегі кісі есімдері» тақырыбы бойынша 1961 жылы І.Кеңесбаевтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Сол еңбектің негізінде «Қазақ тіліндегі жалқы есімдер» атты студенттерге арналған оқу құралы жарық көрді. 1971 жылы «Қазақ есімдерінің тарихы» атты монографиясын жариялады.

1988 жылы К.Еспаевамен бірлесіп, он мыңға жуық жиі қолданылатын кісі аттарын қамтыған «Қазақ есімдері» атты сөздігін жариялады. Бұл сөздікте ер мен әйел есімдері жеке тізіліп, тек есімдер ғана емес, әке аттары мен фамилия­ларының қазақша, орысша жазылу нұсқалары да көрсетілді. Ең бастысы, бұл еңбек қалың көпшілікпен қатар, Азаматтық хал актілерін тіркеу органдары мен паспорт орындарына, ауылдық, селолық, қалалық, облыстық әкімдіктерге, бұқаралық ақпарат пен мектеп оқушыларына арналып еді. Қоғам өмірінің ауқымды бөлігін қамтыған бұл еңбектің негізгі мақсатын түсіне отырып, оны патриот ғалымның ішкі жан шырылы деп те, ауруды дәл табатын тамыршы деп те бағалауға болады. Идеологияның бет қаратпай тұрған тұсында, ол үнсіз дайындалып, мәселенің ың-шыңсыз шешілуіне, яғни ресми мекемелерде біршама қиындықтардың жеңілдеп, істің оңға қадам басуына ықпал етті. Ең бастысы, ресми мекемелерге қазақ есімдерінің артында іздеушісі барын сезіндірді.

Түйін

Балаға ат қоярда ересектер оған аса жауапкершілікпен, есімнің мағынасы туралы дұ­рыстап ойластыру керегін аңғартады. Әрбір бала – мемлекеттің байлығы, болашағы. Есімді ерекшелеймін, әсірелеймін деп баланың тағдырымен ойнауға әсте болмайды.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button