Қала тіршілігі

Ерекше көрiктенген елорда

– Көктемнiң алғашқы күндерiнен-ақ, қала жаңа көйлек кигендей құлпырып шыға келдi. Соның сырын ашсаңыз…
– Қала көшелерiнде қазақы ою-өрнектермен көмкерiлген аркаларды, бiр мың екi жүздей жарық бағаналарындағы жалаушалар, мыңға тарта жарық айшықтарын орнаттық. 300-ге тарта тұғырға жалаулар iлдiк. Бұлардың тиiмдiлiгi – iргетассыз, бетондау жұмыстарынсыз орнатуға болады. Бұл, әсiресе, елорданы безендiруде өте оңтайлы. «Бәйтерек», Жаңа алаң, «Қазақстан» спорт сарайы, Қажымұқан көшесi, Ғашықтар саябағы, әуежай, вокзал маңы желбiреген жалаулармен безендiрiлдi. «Арай», «Жерұйық» саябағы, Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайының алдында ел байрағының панносы керiлдi. Арқаның самалымен желбiреп тұратын жалаулар мерекелiк көңiл-күйдi көтерiп, елордалықтардың елiне деген мақтаныш сезiмiн оятады деп ойлаймыз.
Түрлi ұрандар, тiлектер жазылған билбордтар, ротоидтар, пилондар, экструдерлер орнатылды. Бұлардың бәрi – қала безендiруде соңғы кезде қолданылып жүрген жаңа құрылғылар.
– Жақын күнде астаналықтар және қала қонақтары Наурыз мейрамын тойлайды. Көпшiлiк сахналанған көрiнiстер мен концерттердi тама-шалайтын болады. Оларды безендiру жұмыстары қалай жүрiп жатыр?
– Қаладағы оннан астам алаңдарды безендiру үстiндемiз. Олардың iшiндегi ең бастысы – «Қазақ елi» алаңы. Олардың қатарына қалалық саябақтар, мәдени ғимараттар алдындағы алаңқайлар да кiредi. Мұнда да қазақтың ұлттық дәстүрi мен салты нақышындағы безендiру құралдарын пайдаланамыз. Оның қалай шыққанын өздерiңiз Наурыз мейрамы күндерi алаңға келiп, бағасын берiңiздер. Алдағы апта басында барлық безендiру жұмыстары аяқталады.
Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button