Басты ақпаратЖаңалықтар

Ерекше мереке мерейлендiрдi

Өткен апта Қазақ елiнiң тұрғындары бiр-бiрiне ақжарма тiлегiн айтып, ұлыстың ұлы күнi – Наурыз мейрамымен құттықтады. Қыс пен жаз алмасқан бұл күнi Астана жұртшылығы елiмiздiң басты алаңы – «Қазақ елiне» жиналды. Жаңа жылды сән-салтанатымен атап өтудi ниет еткен жұртшылықтың қуанышына ортақтасуға ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев келдi. Алаңға табан тiреген Елбасы бiрден мiнберге шығып, өз халқын ғасырлар бойы алтын арқауын үзбей келе жатқан мәртебелi мерекесiмен құттықтады.

Бұл күнi елорданың түкпiр-түкпiрiнде ақшаңқай киiз үйлер тiгiлiп, қа-зақтың даласындай дархан дастарханы жайылды. Жұрт бiр-бiрiмен: «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп төс қағыстырып, көрiсiп жатты. Астананың аудандары белгiленген жерлерде тұрғындарға арнап думанды мәзiрiн ұсынды. Есiл ауданының тұрғындары «Ғашықтар» саябағындағы қазақ ауылына ат басын бұрды. Алматылықтар «Отан қорғаушылар» алаңындағы көш керуенге келiп жатты. Ал сарыарқалықтар қалалық әкiмдiктiң алдындағы алаңға тiгiлген ақ үйлерден дәм татып, бұқаралық ойын-сауықтың лебiн сезiндi. Бас қаланың Әз-Наурызға арналған басты салтанаты елiмiздiң басты алаңында өттi. Мұнда келген халық наурыз көжеден бастап түрлi ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шебер-лерiнiң туындыларын тамашалады. Тоғызқұмалақ, асық атудан жарысқа түскен жасөспiрiмдердiң ойынын тамашалады.

Қазақ елiнiң алдында сөз сөйлеген Президент iзгiлiк пен бiрлiктiң бұл мерекесi мемлекеттi мекендеген халықтардың татулық тойына айналғанын айтты. Ықылым заманнан бүгiнге дейiн желiсiнен жаңылмаған Әз-Наурыз Тәуелсiздiк алғаннан кейiн қайта жанданып, жалпыұлттық сипат алғанын тiлге тиек етiп, Наурыздан наурызға есен-аман жетуге тiлек бiлдiрдi.

– Наурыз – жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы. Бiз ел Тәуелсiздiгiнiң үшiншi онжылдығындағы тұңғыш Наурызды атап өтейiк деп отырмыз. Наурыз мерекесiнiң халқымыздың бiрлiгiне, Қазақстанның болашағына, елiмiздiң дамуына ықпалы зор. Бұл мереке ұлт пен ұлысты тiлi бойынша да, дiнi бойынша да бөлмейдi. Бiз бiр ел, бiр жұрт ретiнде өмiр сүрiп келемiз. Бұл – күн мен түн теңесетiн достық пен бiрлiктiң мерекесi. Шығыстың Жаңа жылының басы болғандықтан, бiз бұл күнi барлық жақсылықты, iзгiлiктi күтемiз. Мен барша қазақстандықтарды осы мәртебелi мерекемен құттықтаймын! Бұл күндерi елiмiз тұрғындары өз ауласын, үй iшiн тазалап, ағаш отырғызып, бұлақтың көзiн ашып, бiр-бiрiне жақсылық тiлейдi. Ренжiскен ағайын бiр-бiрiмен қауышып, көрiседi, бiр-бiрiнен кешiрiм сұрайды, жетiм-жесiрлерге көмектеседi. Туыс-туғандар мен дос-жарандар бiр-бiрiмен кездеседi, тамаша көктем мерекесiн қарсы алуға дайындалады. Одан жақсылық күтедi. Сондықтан, Наурыз – ерекше мереке. Бiздiң мереке! – дедi Президент баршаға мерекенiң берекелi әрi баянды болуын тiлеп.
Халыққа жаңа жұмыс орындары ашылып, баспана, мектептер, ауруханалар салынып, әлеуметтiң әлеуетiн көтеруге бағытталған игi бастамаларымыз жетерлiк. Әрi оның барлығы халқымыздың әл-ауқатын жақсартуды дiттеп отыр. Осыны жеткiзген Президент Наурыз бiрлiк пен игiлiктiң, өзара түсiнiстiк пен қоғамдық тұрақтылықтың символына айналғанын атап көрсеттi. Сөйттi де көппен бiрге «Жер-Көк» музыкалық театрландырылған инсталляциясын тамашалады. 400 адам қатысқан қойылымның идеясы – ұзақ ұйқыдан оянған гүлдер мен табиғаттың жасыл жейдесiн жамылған дала көрiнiсi. Қойылымның қызығы халық ерте-гiлерiнiң танымал кейiпкерлерi болып киiнген «Ағашаяқ» алып қуыршақтары болды.
Аталмыш думан қазақ өнерпаздарының қатысуымен өткен концертпен жалғасты. Алғашқы болып «Саған, халқым-ай, әнiмдi айтып-ай, жүрмiн шалқып-ай» деп әуелетiп Тамара Асар шықты алаңға. Iзiнше жетiген көтерген жетi қызын ертiп жезтаңдай әншi Қарақат Әбiлдина халық әндерiнен попури орындады. Халық бабалар шырқап кеткен сырлы әндердi сызылта орындаған әншi мен оның үкiлi қолдарымен жетi шектi аспаппен сүйемелдеп отырған шәкiрттерiнiң өнерiне тәнтi болды. Рамазан Стамғазиев бастаған дәстүрлi әншiлердiң дауысы қаланың бiр шетiнен екiншi шетiне дейiн естiлiп жатты. «Қоңыр» мен «Белес» этно-топтарының тартуы да өнер десе iшкен асын жерге қоятын жандарды сүйсiндiрмей қоймады. «Наз», «Алтынай» би ансамбльдерiнiң қыпша бел қыздары мың бұралып билегенде күллi әлем бәйшешек гүлiне бөленгендей күй кештi. Атақты «Дос-Мұқасан» ансамблiнiң серкелерi салған әндер алаңдағы жұртты бiр билеуге «мәжбүрледi». Сөйтiп, мерекелiк концерт эстрада әншiлерiнiң «әләулайымен» жалғасын тауып жатты.
Астана жұрты биылғы Ұлу жылының басын осындай мереке думанмен қарсы алды. Соңғы кездерi «Қақаған қаңтардың 1-шi жұлдызын күтудi әдетке айналдырған қазақ өзiнiң төл мерекесiне келгенде бұғып қалады» деген пiкiр қалыптасқан. Бiр кездерi көмескiленiп, ұмытыла бастаған мереке қазақтың азаттығымен қайта жаңданды. Елбасының «Тәуелсiздiк жылдары жаңа мереке жанданды. Жыл сайын көктемнiң жып-жылы күнiмен бiрге келетiн мерекенi барлық халқымыз болып мадақтап, осылай құрметтеймiз» деуi тегiн емес. Жыл сайын әлем бойынша ұзын-саны 300 миллион адам атап өтедi бұл күндi. Сондықтан, қазақ, түрiк, парсы, ауған, өзбек, қырғыз, тәжiк және басқа да жұрттар атап өтетiн Наурызды БҰҰ Бас ассамблеясы «Халықаралық мереке» деп таныды.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button