Ерекше орталық ашылды

Бас қалада ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін «Бақытты шаңырақ» орталығы ашылды. Орталықтың ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі балаларға ғана емес, олардың аналарына да қажет көмек көрсетіледі. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті.
Мұнда ерекше балалардың аналарына қайта білім алу, біліктілігін арттыру курсынан өту, жұмысқа орналасу бойынша жәрдем беріледі. Сол сияқты психологиялық көмек те көрсетіледі. «Бақытты шаңырақ» орталығы мүмкіндігі шектеулі 600-ден астам баланы қамтиды. Орталық Р.Қошқарбаев даңғылы, 60 мекенжайында орналасқан.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ерекше қажеттілігі бар балаларға жан-жақты жағдай жасау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша елордада 15-тен астам орталық ашылды, олар 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі баланы қамтыды. Мәселен, осыған дейін «Асыл мирас», «Орда», «Балам-ай» оңалту орталықтары, сол сияқты №1 қалалық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Олар БЦП, аутизм, Даун синдромы және жүрек талмасы секілді диагнозы бар балаларды оңалтумен айналысады.Сондай-ақ біліктілікті арттыру және жұмысқа орналастыру мәселесіне арналған орталықтар, белсенді ұзақ өмір сүру орталығы (ардагерлер үйі), әлеуметтік орталықтар («Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы), көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша (Сарыарқа ауданы, Кенесары көшесі, 9/1) ашылды» деді елорда әкімі.