Басты ақпаратҚоғам

Ерекше қажеттілігі бар жандарды қалай қорғаймыз?

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ерекше қажеттілігі бар (мүгедектігі) жандарды әлеуметтік қорғау мәселелері қаралды. Құзырлы министрлер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету, оқыту және олар үшін кедергісіз орта құру мәселелері туралы баяндады.

Қанша адам көмекке мұқтаж?

Қазақстанда барлығы 732 мың ерекше қажеттілігі бар адам тіркелген. Үкімет азаматтардың осы санатын қолдау және жайлы кедергісіз ортаны қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыруда. Мәселен, Әлеуметтік кодекс қабылданды, қазақстандық отбасылардың әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізуге мүмкіндік беретін Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Бұдан басқа, мүгедектікті ресімдеу тәртібі оңайлатылып, проактивті форматқа ауыстырылды, оны сырттай белгілеу енгізілді. Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы шеңберінде оңалту үшін қажетті техникалық құралдар мен рәсімдерді таңдау мүмкіндігі қолжетімді.

Премьер-министр мүгедектігі бар адамдарды мемлекеттің қолдау жүйесі үнемі жетілдіріліп отыратынын тілге тиек етті. Өңірлерде оңалту орталықтары ашылуда. Өткен жылы Абай, Жамбыл және Түркістан облыстарында оңалту орталықтары ашылды. Батыс Қазақстан облысындағы орталық жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ақтөбе облысының әкімдігіне оңалту орталығының құрылысын аяқтау үшін жұмыс қарқынын күшейту тапсырылды. Осындай орталықтарды Ақмола, Атырау, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында салу жоспарланып отыр.

Инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бүгінгі таңда Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне инфрақұрылымның 45%-ы бейімделген. Олжас Бектенов нақты нәтижеге жету үшін көзбояу­шылыққа жол бермей, сапалы жұмыс жүргізу маңызды екенін атап өтті. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мүгедектігі бар жандарға қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Нысандарды мүгедектігі бар адамдардың, қарттардың ыңғайына қарай бейімдеу жұмысын күшейту қажет. Бұл, әсіресе әлеуметтік нысандарға, дәріханаларға, азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтарына қатысты. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыстың сапасы мен жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы стандарттарды қайта қарауды тапсырамын. Нормалардың сақталуын бақылау қажет» деп атап өтті Олжас Бектенов.

624 млрд теңге бөлінді

732 мың ерекше қажеттілігі бар адамдардың ішінде балалардың үлесі – 15%, 18-ден асқан азаматтар – 85%. Олардың ішінде еңбекке қабілетті адамдар – 57%-ды, зейнет жасындағылар саны 27%-ды құрайды. Мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеміне 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен 624 млрд теңге бөлінді (2023 жылы 522,1 млрд теңге). Мұндай ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Асқарбек Ертаев жария етті. Ол бүгінгі күні қоғамдағы инклюзияны көбіне аса қажет ететіндер  мүгедектігі бар адамдар екенін айтты. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарды қолдауға шығындар бюджеттің әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарының шамамен 11%-ын құрайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді. Инклюзивті саясатты жүзеге асырудың жаңа тәсілдері мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға, мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін қажетті жағдайлар жасауға бақытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді. «Жалпы, тұжырымдама жобасы 13 бағытты қарастырады, оның ішінде адамның теңдігі және кемсітпеу мәселесі, құқықтық тұрғыда қорғау және сот төрелігіне қол жеткізу, өмір сүру деңгейі және әлеуметтік қорғалуы, инклюзивті еңбек нарығы және өндірістік орта, инклюзивті білім беру, қолжетімді көрсетілетін қызмет және кедергісіз орта және басқа да бағыттар бар» дейді А.Ертаев.

Баспана қолжетімді ме?

Үкімет отырысында мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылым мен кедергісіз орта қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндаған Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов қолайлы орта құру туралы айтты. «Бүгінде елімізде 56 мың бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар және 25 мың мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үй кезегінде тұр. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік мемлекеттік қолдаудың бірнеше тетігін іске асыруда. Жеңілдетілген ипотекалық несие бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін азаматтарға тұрғын үй сертификаттары беріледі, олардың максималды сомасы 1,5 млн теңгеге дейін. Бұл тетік жергілікті бюджет есебінен іске асырылуда» деді Қ.Қажкенов.

Оның айтуынша, 1 және 2-топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 474,8 млн теңгеден астам сомаға 423 сертификат және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы шамамен 344,1 млн теңгеге 305 сертификат берілген. Министрліктің ақпаратына сүйенсек, 2022 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кезекте тұрған азаматтардың кейбір санаттарына, оның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жеке сектордағы тұрғын үйді жалдау құнының бір бөлігі субсидияланады.

Бүгінгі таңда 9 955 отбасы төлем алады, оның ішінде –  бірінші және екінші топтағы 854 мүгедектігі бар азаматтар және 703 мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Кезекте тұрған азаматтар жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды Отбасы банкі арқылы 2% және 5% төмендетілген мөлшерлемемен ала алады. 2% мөлшерлемесі бойынша несие бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Қалған барлық санаттарға 5% мөлшерлемесі бойынша қарыздар беріледі. 9 айдың қорытындысы бойынша 5 746 азамат жеңілдетілген несие алды. Оның ішінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар – 851, ал мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар – 644 адам.

«Қолданыстағы мемлекеттік қолдау іс-шараларымен қатар Министрлік тұрғын үй саясатын реформалау бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта Парламенттің екі Палатасының депутаттары бұрын халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерлерді жекешелендіру құқығын беру бойынша заң жобасын мақұлдады. Қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына сәйкес бірінші және екінші топтағы мүгедектер коммуналдық тұрғын үйді тегін жекешелендіре алады» деп түсіндірді вице-министр.

Бұдан басқа, заң жобасы аясында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға бірінші кезекті тұрғын үй алу құқығын беру қарастырылған. Осылайша, жоғарыда аталған іс-шаралар мүгедектігі бар азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға ықпал етеді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button