Қала мен Сала

Ерекше жандарға арналған аксессуарлар

Елордада «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында қала әкімдігі арқылы 2 және 5 млн теңгенің грантын ұтып алған кәсіпкерлер көп. Солардың бірі – Ақмарал Иманалиева.

[smartslider3 slider=3676]

Ол бүгінде төрт баланың анасы. Соңғы он жылдан бері Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. 2014 жылы дүниеге келген Аян және Раян есімді егіз ұлдарының үлкеніне бір жасында церебралды сал ауруы диагнозы қойылып, дәрігердің айтуынша, ерекше балаға арналған жаттығу құрал-жабдығына деген қажеттілік туындаған кезде, жас отбасы шарасыз күй кешті. Қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей дабдырап қалған ата-ана дәл осы жағдайдан кейін кәсіпкерлікке бет бұрды.

– Жолдасым балаларды оңалту орталығында жұмыс істейді. Жұмыс барысында осындай құрал-жабдықтарды талай рет көзімен көрген болатын. Олардың өз баламызға қажет екенін естіп, осындай құрал таппай қиналған тұста жолдасым көп ойланбастан бірден іске көшті. Осылайша, ол әлгі құралды өз қолымен жасап көруге асықты. Көп ұзамай папасы Аянға үш функцияда жұмыс істейтін сапасы керемет баспалдақ жасап берді. Кейін ерекше балалары бар ата-аналардан тапсырыс түсе бастады. Сөйтіп сұраныс артты. Біздің елде нарықта бұл сала аса дамымағанын байқадық. Мұны жасайтындар саны аз екенін біліп, осы саланы кәсіп ретінде бастауды жөн көрдік, – деді елордалық кәсіпкер.

Ақмарал Еңсебекқызының айтуынша, бастапқыда бизнесті бастауға қаржысы болмаған. Тіпті қолдарында дайын шикізат та жоқ еді. 2020 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына барып, «Бизнес бастау» жобасына қатысуға ниет білдіріп, барлық талабынан мүдірмей өтіп, нәтижесінде 200 айлық есептік көрсеткіш есебінде грант ұтып алды. Бұл шамамен 600 мың теңгеге жуық ақша болатын. Сол қаржыға отағасы ерекше қажеттілігі бар жандардың күнделікті өмірде пайдаланатын аксессуарларын жасай бастайды.

Ал былтыр олар қалалық әкімдіктің құны 5 млн болатын грантын ұтып, кәсібін кеңейтті. Бұл қаражатқа станоктар сатып алып, цехын үлкейткен кәсіпкерлер бүгінгі таңда 3 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Біз ерекше жандарға арналған жаттығу құрал-жабдық­тары мен ұсақ моториканы дамыту үшін монтессори, эрготерапия кабинеттеріне арналған заттар жасаймыз. Мысалы, ходунок тепе-теңдікті сақтауға және құлап қалмауға, сенімділікпен жүруге көмектеседі. Ал вертикализатор тек туа бітті ауруға шалдыққан науқастарға ғана арналмаған. Бұл құрылғы күрделі отадан, болмаса жол апатына ұшырағаннан кейін науқастың ұзақ уақыт жатып қалмауына жәрдемдеседі. Сондай-ақ ол – жарақаттан соң оңалту кезеңінде тік қалыпқа келтіруге мүмкіндік беретін көмекші құрылғы, – деді А.Иманалиева.

Кәсіпкерлердің қолдан жасаған тауарларына сұраныс берушілер қатары көбейіп келеді. Құптарлығы сол, олар жасаған кейбір заттарды ерекше қажеттілігі бар балалармен қоса, инсульт алған адамдар да қолдана береді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button