Елорда тынысы

Ерекше жандарға ерекше мүмкіндік берген орталық

Елордадағы «Dos тәуелсіз өмір» орталығына арнайы барып, ерекше жандарға ерекше жағдай жасайтын орталықтың жұмысымен таныстық. 2006 жылы есігін ашқан орталық ерекше қажеттілігі бар жандардың белсенді өмір салтына оралуына және өз күш-жігеріне сенім ұялатуға жан-жақты қолдау білдіріп келеді.

Өмір – сынақ алаңы. Жақсылықпен қатар қиындық та алма-кезек келіп, адамдардың бо­йындағы ерік-жігері мен ­сабырын сынап жатады. Ал қиын жағдайға түскен мұндай адамға бағыт-бағдар берген дұрыс. Бұл туралы «Dos тәуелсіз өмір» орталығының директоры Ардақ Отарбаевадан сұрадық.

– Біз ерекше жандарға қоғамдық орында өзін қалай ұстау керегін, адамдармен қалай қарым-қатынас орнатуға болатынын үйретеміз. Жасы 30-40-қа келсе де үйден шықпай, көпшілікпен араласпаған адамдар бар. Біз сондай жандармен жұмыс істейміз. Көп жағдайда топпен барып, жалғыздыққа үйренген ерекше жандарды қоғамға психологиялық тұрғыда бейімдейміз. Арбаға таңылғандар өзін қоғамнан тыс қалдық деп санап, жұмыс істеу мен білім алу маңызды емес деп ойлайды. Олар диплом болса да, жұмысқа қабылдамайды деп өзін шектейді. Біздің ортамызға келіп жұмыс істей алатынын, білім барлық адамға қолжетімді екенін ұғады. Шектеулі ойлармен шектелмес үшін біз «Dos ortopedia» ұйымын құрдық, – деді ол.

Орталықта арнайы «Inva-Sto» сервис бөлімі, сондай-ақ шеберхана, тоқыма тоқу, балшықпен жұмыс жасау үйірмелері бар, компьютер сабақтары өтеді.

«Inva-Sto» бөлімінің ішіне арба жөндеу, күтіп ұстау, оны адам өлшемімен істеу және жалға беру бөлімі кіреді. Балшықпен айналысу баланың қол немесе саусағы моторикасының дұрыс істеуіне пайдалы. Бұл балаларға ғана емес, қолы дұрыс жұмыс істейтін ересектерге де пайдалы болғандықтан, Санкт-Петербург қаласынан арнайы заттарын алдырыпты. Тоқыма тоқу адамның жүйке жүйесі мен ми жұмысын жақсартады, артық ойлардан арылтып, көңіл күйін көтереді.

– Өзім арбада 18 жылдай отырдым. Бұрын арба жөндейтін арнайы орындар болмайтын. Арба­мыз бұзылса, машина жөндеу орталықтарына баратын едік. Көлік пен арбаның құрылысы екі түрлі. Олар арнайы маман болмағандықтан, мүгедек арбасын жөндеуден бас тартатын. Кейін арбаның қыр-сырын игеріп, өзіміз жөндеуді үйрендік. Ал жасы үлкен қариялар не істейді, олар кімге жүгінеді?! Осындай ойлар мазалап, 2017 жылы арба жөндеу бөлімін аштық, – дейді орталық директоры.

2018 жылдан бастап орталық ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған қазақстандық бренд арбалар шығарып келеді. Оның механикалық және электронды түрі бар. Бұл арбалар «Dos ortopedia shop» дүкендерінде сатылуда.

– Елде ерекше жандарға ­қажетті арбаларды өндіруді жолға қойдық. Бұл арбалардың ерекшелігі – адам бойының ұзындығы мен салмағына қарай ыңғайлы. Адамның дене тұрпатының өлшемімен жасалған арба еркін қозғалуға мүмкіндік береді. Арбада ұзақ отыратын адамдардың қан айналымы нашарлайтыны белгілі. Ондай жағдайда ыңғайсыз отыру да ішкі ағзаларға кері әсер етеді. Сондықтан арба адамға ыңғайлы, жайлы болғаны дұрыс, – дейді маман.

Қысқасы, «Dos тәуелсіз өмір» орталығы өмірдің қиындығына тап болып, мүмкіндігі шектелген адамдарға шектеусіз өмір сүрудің жайын ұғындырып, оларды рухани қолдаумен қатар, материалдық жағынан да демеп келеді.

Алмагүл БЕРДІМҰРАТ,

Л.Гумилев атындағы

 ЕҰУ-нің 4-курс студенті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button