Басты ақпарат

Ерекше жандарға – ерекше қамқорлық

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және оларды әлеу­меттік қорғау – Үкімет қызметіндегі маңызды міндеттің бірі. Әсіресе олардың экономикалық дербестігі және сапалы жұмыспен қамтылуына Нұр-Сұлтан қаласында айрықша басымдық беріліп келеді.

[smartslider3 slider=3464]

Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту орталығы азаматтардың әлеуметтік осал санатымен жұмыс бөлімінің басшысы Жанар Мусинаның айтуынша, бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, оларды жұмыспен қамту және қоғамдық өмірге тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бүгінгі таңда Жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздарды, атап айтқанда, мүгедектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шаралары жүйелі жүргізілуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыс және жастар тәжірибесі, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасу басымдыққа ие.

– Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру – оңалтудың ең жақсы тәсілі. Ол материалдық тәуелсіздікті және ең маңыздысы – қоғамда өз орнын табуды көздейді. Ағымдағы жылдың басынан бері 454 мүгедек Халықты жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінді. 450 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 174 адам тұрақты жұмысқа тұрса, қоғамдық жұмыстарға – 255 адам, «Жастар тәжірибесі» арқылы – 5 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 5 адам және алғашқы жұмыс орны бойынша 3 адам жұмыс істейді және еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіп меңгергісі келетін жұмыссыз азаматтар үшін ұйымдастырылатын қысқа мерзімді кәсіптік оқу курсына биыл мүгедектігі бар 7 адам жіберілді, – деді Ж.Мусина.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, біздің елде әр азамат еңбек етуге құқылы. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Бұл ретте І-ІІ топ санатындағылар медициналық комиссиядан рұқсат алуы керек. Себебі жұмысқа орналасқанда мүгедектігі бар адам дені сау адаммен тең саналады. Жұмыс істейтін мүгедектердің еңбек құқығын жүзеге асыруға, қауіпсіз жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау, жұмысқа орналасуға бағытталған жеңілдіктер жүйесі қарастырылған.

«2022 жылдың ағымдағы кезеңінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін 7 арнайы жұмыс орны ашылды. Бұл – мүгедектердің жеке мүмкіндігін ескере отырып жабдықталған жұмыс орындары. Арнайы жұмыс орындарын құру кезінде жабдықты сатып алуға, құрастыруға және орнатуға кеткен шығындарды өтеу мақсатында жұмыс берушілерге мемлекеттік бюджеттен субсидия беріледі. Бұл ретте есту қабілеті бұзылған мүгедектерге бір жұмыс орнына 1004250 теңге, тірек-қимыл аппараты бұзылғандарға 765000 теңге бөлінді» деді бөлім басшысы.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бойынша әкімдік арнайы қаулы қабылдап, жұмыс берушілерді анықтаған болатын. Олардың қатарында «Green TAL», «Golden Smile», «Тауелсіздік-Д», «Life-S», «AYAKOZ-ANA» ЖШС бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созған бұл мекемелермен шарт жасалып, қаражат бөлінгеннен кейін ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін онда арнайы жұмыс орны құрылады. Соның негізінде жұмыс істегісі келгендердің әрқайсысына жолдама беріледі. Олардың қызметімен тағы жеті адам жұмыспен қамтылған. Соның арқасында, осынша мүмкіншілігінің шектеулігіне қарамастан, қоғамға пайдалы болғысы келетін, жұмыс істеуге қабілетті жандар бос уақытта өзіне ұнайтын шаруамен айналысып, нәпақа табуға мүмкіндік алды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button