Қоғам

Ереванда қазақ киносының күндері өтті

Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуы, сондай-ақ Қазақстанның Тәуелсіздік күні аясында Қазақ киносының күндері өтті. «KAZAKHCINEMA» ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұсынған картиналар Қазақстанның бай мәдени мұрасын, қазақ зиялы қауым өкілдерінің дамуы мен қалыптасуын көрсетеді, қоғамның әлеуметтік мәселелерін және ұрпақтар арасындағы өзара қарым-қатынастарды ашады және патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікке итермелейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Арменияның Кино үйінде өткен іс-шараның салтанатты ашылуына Президент аппаратының, министрліктер мен ведомстволардың, қоғамдық топтар мен армян БАҚ өкілдері, сондай-ақ Арменияда тұратын қазақстандық диаспора қатысты. Қазақстанның Армениядағы Елшісі Болат Иманбаев алғы сөзінде екіжақты ынтымақтастықтың жарқын оқиғаларға толы мәдени-гуманитарлық саласы қазақ-армян байланыстарын одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті. Көрермендерге ұсынылған кинокартиналар Қазақстанның қазіргі заманғы кинематографиясының дамуымен жақынырақ танысуға және әрбір халық бағалайтын бірегей ерекшеліктер мен рухани құндылықтарды көруге мүмкіндік береді.

Армения Республикасы Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрінің орынбасары Артур Мартиросян мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың жоғары деңгейіне ерекше назар аударды, оның дәлелі үстіміздегі жылдың қазан айында екі елдің Мемлекет басшыларының қатысуымен табысты өткен Астанадағы Арменияның Мәдениет күндері болып табылады. «Осындай тамаша жағдайда бізді Армения мен Қазақстан арасындағы берік достық біріктіреді. Мәдени ынтымақтастық өнердің барлық дерлік бағыттарын қамти отырып, дамуын жалғастыруда. Бірлескен іс-шаралар біздің елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға ықпал ете отырып, жаңа форматта жалғасатынына сенімдімін», – деп атап өтті А. Мартиросян.

Армения Кинематографистер одағы басқармасының мүшесі, Ереван мемлекеттік театр және кино институтының профессоры, белгілі кинотанушы және киносыншы Анета Ерзнкян қазақ киносының қазіргі кезеңде әлемдік кино өнерінде елеулі орын алып отырғанына және бұл кино көрсетілімі армян кинематографистеріне Қазақстанның тәжірибесімен танысуға жақсы мүмкіндік беретініне тоқталып кетті.

Ереван мемлекеттік университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі, профессор Александр Сафарян Месроп Маштоц атындағы Армян көне қолжазбалар институтында (Матенадаран) сақталып тұрған армянографиялық қыпшақ тілді қолжазбалар қазақ және армян халықтары арасындағы сан ғасырлық мәдени байланыстарды айғақтайтынына назар аударды. Оның пікірінше, «Еревандағы қазақ киносының күндері қарым-қатынасымыздың тереңдеуін білдіреді».

Қазақ киносы күндері аясында түрлі жанрдағы алты фильм көрсетілді, олардың әрқайсысы бірегей.

Осылай, «Қаныш» фильмі өмірі Отанға қызмет етудің үлгісіне айналған көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың өмірбаянымен таныстырды. «Дос-Мұқасан» кинолентасы жастарға, өнерге және махаббатқа деген сенімнің символы болып табылатын аңызға айналған музыкалық ансамбльдің қалыптасуы туралы әңгімеледі. «Бауырына салу» картинасы балалық естеліктер призмасы арқылы отбасылық қарым-қатынас пен дәстүрдің терең драмасын көрсетті. Өмірбаяндық драма «Жамбыл. Жаңа дәуір» ұлы ақынның өз заманының идеологиялық сын-қатерлеріне қарсы тұруын айқындап берді. «Үміт сәулесі» фильмі табандылығының арқасында үміт символына айналған паралимпиадашының тарихын айтып, шабыт берді. «Набат операциясы» кинокартинасы көрермендерді құқық қорғау органдарының шиеленісті әлеміне батырып, қазақ күш құрылымдарының батырлығын көрсетті.

Іс-шараны Қазақстан Елшілігі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен және «KAZAKHCINEMA» ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен бірлесіп, АР Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрлігінің және Армения кинематографистер одағының қолдауымен ұйымдастырды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button