Жаңалықтар

Ереже бұзғыш еркелер

Қазір мемлекет мінберіндегі баяндамашы басшылар өз істерінің жарты жылдық қорытындысын жасап жатыр. Арасында елордалық жол сақшыларының бөлім басшысы Тахир Әбдірахманов та бар.

Ол кісі: «Астананың әйелдері мен мемлекеттік қызметкерлері жол ережесін жиі бұзады» дейді. Тізімінде қала ішінде мәшине айдап келе жатып «соткамен» сөйлескен қыз-қырқын, келін-кепшік көп. Қарап отырсақ, жол үстінде де «маңызды шаруа» тындыра беретін «гендерлік саясат» өкілдеріне аз-кем айыппұл салыныпты. Оның өзі арнайы рейд кезінде ғана. Әйтпесе, біз саусақтай білектерін дәу «Джиптің» терезесіне асып алып жүретін бикелерді талай рет көрдік. Жұдырықтай басын түгел жауып тұратын озық технологиямен Құдайдың құтты күні әлдебіреуге шәңкілдеп бара жатады. Ересектері де ереже бұзғыш келеді сосын. Ее, айтпақшы, сақшыдан да сақ сылқымдар қызыл таяқты жігітті көргенде, байланыстағы біреуге кейін хабарласатынын ескертіп үлгереді, шамасы!..

Тағы да полковник Тәкеңнің қолындағы дерекке шұқшисақ, «Жарты жыл ішінде 21 мың қаулыны жұмыс орындарына жібердік. Бұл дегеніміз – 21 мың мемлекеттік қызметкер» деп тұр онда (бүйте берсе, бір жылдағы саны полицейдің пәпкесіне сыймай қалатын шығар).

«Да ну?!. Праваны сатып алған ғой, иә?» дейді менің шопыр досым. Қайдан білейін… Әйтеуір, тақымдары бос. Бұрынғының бай, болыстары да ауыздығымен алысқан, есік пен төрдей тұрқы бар тұлпардың үстінде ауып қала жаздап, әрең отырған. Сонда деймін-ау, заман өзгеріп, заң күшейіп жатса да, бұлардың бәрі бірдей бола бере ме?! Өткендегісі не, өтпелідегісі не, мыналары не… Ұқсас ұстындары кәдімгі өзеннің арғы бетінде қалған, өткелде тұрған және бергі бетке өтіп алған бір отбасының қопалақ мүшелеріне келіңкірейді.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button