8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні

Ерге бергісіз еңбегі

Елорда өміріне жауапты орында, атап айтқанда, «Астана бас жоспар» ғылыми зерттеу-жобалау институтында Гүлнәр Құсайынова секілді жалпы еңбек өтілі 36 жылды құрайтын ғаламат жан жұмыс істейді.

[smartslider3 slider=2342]

Көктеммен ілесе келген Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Гүлнәр Қабденқызы туралы толғанып көрмекпіз. Осы қалада туып, осы өңірде өскен ол автожол техникумын тәмамдап, Целиноград ауыл шаруашылығы институтында экономист мамандығын алып шығады. Оқыған адамға жұмыс жолдама арқылы ­тиетін. Сондықтан құрыштай қыз Қорғалжын ауданындағы Арықты ұжымшарында еңбек жолын бастаған. Одан соң аспирантураға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп алады. Кейін өзі оқыған ауылшаруашылық институтында біраз жыл экономика факультетінде дәріс береді. Еңбекпен есейіп, елмен етене араласқан Гүлнәр Қабден­қызы мемлекеттік қызметке ойысады. Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына орналасып, зейнетақы төлеу орталығының, біраздан кейін облыстық экономика басқармасын ұтымды басқарады. Талабы мен құштарлығының арқасында Қостанай облысы әкімінің орынбасары ретінде өзін жақсы қырынан танытқан. Жұмыс бабымен ауыл-аудандарды аралап, ондағы халықтың тынысымен танысты.

2006 жылдан бастап Арқаның қызы «Астана бас жоспар» ҒЗЖИ директорының орынбасары болып еңбек етеді. 15 жыл бойы осы салаға өмірін арнаған жан өткен жылдан бері директордың кеңесшісі қызметіне ауысты.

– Елде өмір сүріп, еңбек ету – үлкен бақыт. Әрбір адамға, соның ішінде нәзік жандарға өсу мен өркендеудің түрлі жолы бар. Менің өмірім мен тағдырым осы сөзге дәйекті дәлел бола алады. Қатар құрбыларымды, әпке-сіңлілерімді, қанаттас­тарымды көктемнің шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ошақтың иесі – бұл сіз бен біз. Сол үшін оның жылуын, отбасы татулығын, Отанның жылуын сақтаңыздар. Уақыт уысымызда болмаса да, көп дүние біздің қолда. Көктем нұрлы, әр күні әнді, әрбір сәті сәнді болсын. Бастысы басымыз аман, бауырымыз бүтін, төңірегіміз түгел болсын, – деген тілек айтады Гүлнәр Қабденқызы.

Біз де осы сәтті пайдалана отырып, ерлермен тең еңбек етіп, елордаға еңбегі сіңген аяулы адамды мейірлі мерекемен құттықтағымыз келеді. Өнегелі өмірі жастарға үлгі бола берсін демекпіз. 

Баян АСЫЛБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button