Жаңалықтар

«ЕРІГІП ЖҮРГЕН ЕШКІМ ЖОҚ!»

Жұма күндері шаһардағы мешіттің аула­сында мешітке кіріп-шыққан адамдардың нөпірі толқынды толқын қуалаған өзеннің беті сияқты, әрлі-берлі жөңкіліп жатады. Аяғына мінгендер де, көлігіне мінгендер де көп. Судағы кемедей шайқатылған небір шетелдік әйгілі маркалы автомәшинелер бірінің дөңгелегін бірі сырғытып, анадайдан дыбыссыз жылжып, лықсып келіп, тұмсығын мешіттің түбіне таяп тірейді. Ішінен шаң ти­меген шым қара, көк костюм мен шатырдай аппақ көйлегінің өңіріне галстугын сұлата таққан үлкенді-кішілі шенеуніктер, уыз жасы мен орта жасы аралас бай-мырзалар баппен түсіп жатады. Мәшиненің есігін мешіттің есігіне көздей тоқтауға болатын амал таппай, ақыры, көлігінің алдында аз-кем аялдап, анау-мынау назарды аударып алған соң, қайнап жатқан қалың бұқараның қатарына сіңіп, көппен бірге мидай араласып кетеді. Бұл, көрініс негізінен, жұмыс күні басталардың алдындағы ертеңгі уақытта көбірек байқалады.

Бәрі дерлік ата-бабасының аруағына Құран бағыштауға келеді. Содан да, жалпы қауымға арналған көпшілік бөлмеде иін-тірескен халық. Имам «ниет қабыл болсын» айтып, ислам діні, иман туралы игі сөз бастай берген. Қоңыр үні кең залды аралап, баурай бастады. Анда-санда жеңіл жөткірінген бірді-екілі біреулер болмаса, ел тым-тырыс.

Бір сәтте күтпеген жерден, дәл ортадан шыққан «Яй! Көп былжыратпай, оқитын Құраның болса, тез оқышы өзің! Сен құсап, ерігіп отырған ешкім жоқ!» деген өктем да­уыс сөзді пышақ кескендей тыйды. Жаңағы тыныштық тыныштық па, құлаққа ұрған танадай, өлі тыныштық орнап, елдің бәрі бір сәт дем ала алмай қалғандай болды…

Әңгімесі үзілген имам абдырап қалды ма, оны білмедік. Өйткені, өзі ұялмағанның сөзіне «беті шиедей» болған көп адам көзін жерден көтермеді. Имам өктем үннің иесіне қарсы бір ауыз сөз айтпастан, қырағыттап Құран сүрелерінен дұға оқуға көшті…

Райхан ҚОҢЫР

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button