Басты ақпаратДенсаулықСұхбат

Ерік БАЙЖҮНІСОВ, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: Елорда медицинасы дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі

Астана қаласы медицинасының бүгінгі даму қарқыны көңіл көншітерлік. Мұндағы емдеудің ерек тәсілдері мен заманауи технологиялардың өзі неге тұрады?! Бас қалада еңбек етіп жүрген ақ халаттылардың ішінде біліктілігімен бірегей табысқа жетіп, абыройы асқандары да баршылық. Ендеше, елорданың емдеу саласының қазіргі адымдары мен болашақтағы бағыт-бағдары жөнінде қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісовпен әңгімелескен едік. 

ERM_4594 - копия

Емдеу тәсілі ерек елорда
– Ерік Әбенұлы, Сізді және қарамағыңыздағы барлық медицина мамандарын төл мерекесімен құттықтаймыз!
– Рахмет.
– Мереке қарсаңында әңгімемізді елорда меди­ци­насының бүгінгі жетіс­тік­терінен бастағаны­мыз жөн болар…
– Астананың даму қарқынына байланысты елорда медицинасы да өркендеп, кем-кетігін түзеп, пісіп-жетіліп, алға қадам басып келеді. Бас шаһар өзгелерге өнеге болу үшін оның қай саласы да астаналық мәртебеге сай болуы тиіс. Қала медицинасына да осындай үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жалпы медицина саласының қаншалықты сапалы екені көптеген маңызды индикаторлар арқылы өлшенеді. Олардың қатарында халықтың өмір сүру ұзақтығы, ана мен бала өлімінің көрсеткіші, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алу секілді көрсеткіштер бар. Осы жағынан бізде ауыз толтырып айтарлық жетістіктер баршылық. Айталық, биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, бірде-бір ана өлімі тіркелген жоқ. Бойындағы әртүрлі сырқатына байланысты жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдердің бәрін аман-есен босандырып алдық. Бала денсаулығын сақтау саласында да оң өзгерістер бар. Былтыр ай-күніне жетпей ерте туған, салмағы небары 500 гр нәрестелердің өмірін сақтап, іштен туа біткен түрлі дертінен сауықтыру үшін неонаталдық хирургия орталығын ашқанбыз. Осы орталық ашылған жылы 600 сәбиге операция жасалып, сәтті өтті. Ал биылғы алты ай ішінде салмағы өте аз, өмірлік маңызды органдары жетілмей туған шақалақтарға 400-ге жуық операция жасалды. Осылайша, мұндай әлжуаз балаларды аман сақтап қалу көрсеткішін биыл 85 пайызға жеткіздік. Бұл дегеніңіз дүниежүзі бойынша жақсы көрсеткіш саналады.
Қазіргі күні елордалықтардың өмір сүру ұзақтығы орта есеппен – 75 жас. Бұл – республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Тағы бір мысал, былтыр №2 балалар ауруханасында өте күрделі операция жасалды: көп қабатты үйдің жетінші қабатынан абайсызда құлап кеткен, денесінің сау тамтығы қалмаған балаға шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, ол дәрігерлердің біліктілігі мен заманауи технологияның арқасында аман қалды. Бұл бала мектепті мақтау қағазбен бітірді. Ол өзінің өмірі үшін күрескен дәрігерлерімізге алғыс айтып, хат жолдапты.
Міне, мұның бәрі астаналық мамандардың қандай күрделі операцияларды да сәтті жасауға қауқарлы екендігін, әлемдік озық технологияларды толық игергенін аңғартады. Шыны керек, қазіргі технологияның арқасында көптеген қиындықтар артта қалды. Бұрын армандай да алмайтын табыстарға қол жеткіздік. Осы қарқынымыздан жаңылмасақ, енді екі-үш жылда Астана медицинасы әлемдік стандарттарға сай болуға толық мүмкіндігі болады және дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі.

Шағын емханалар салынады
– Астана қаласы тұрғын­дарының саны күннен күнге артып келеді. Мұндай миграциялық құбылыс елор­даның емдеу ұйымдарына да салмақ түсіріп отырғаны белгілі. Осы жүктемені қалай еңсеріп отырсыздар?
– Ресми дерек бойынша, Астана қаласында тіркелгендердің саны – 850 мың. Учаскелік дәрігерлер жыл сайын өзі қарайтын территориядағы адамдардың есебін жүргізеді. Сол тізім бойынша, елордада бүгінде 923 мың адам тұрады. Демек, қала емханалары миллионға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Астана болғаннан кейін оған ағылатын адамның қарасы көп. Жыл сайын бас шаһар тұрғыны 40 мың адамға көбейеді. Сондықтан біздің емханалар әлдеқайда артық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Негізі, 30 мың адамға бір емхана болуға тиіс. Елордаға әлі төрт емхана жетіспейді, яғни, 120 мыңға жуық адам медицина қызметімен қамтылмаған. Келешекте біз 250-300 адамға қызмет көрсететін шағын емханалар ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл бастаманы Астана қаласының әкімі де қолдады.
Шағын емхананың алғашқы құрылысы биыл басталады деп күтілуде. Бірінші шағын емхана ЭКСПО қалашығында са­лын­бақ. Кейін «Жағалау» тұр­ғын алабында бой көтереді. Жалпы көп қабатты тұрғын үйдің бі­рінші қабатын шағын емханаға бейімдесе, жұртшылыққа да қолайлы болар еді. Бұл жоба келешекте жүзеге асырылатын болады. Егер Астананың даму қарқынына ілесе алсақ, емхана жетіспеушілігі мәселесі түгел шешіледі деп ойлаймын.

Жақсы менеджмент жағдайды жақсартады
– Кейінгі кезде Астана қала­сының емханалары жеке­меншікке беріледі екен деген сөз шықты. Денсаулық саласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жө­нін­де кеңірек айтып берсеңіз?
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дегенді көпшілік біреу бәрін жекеменшікке сататындай қабылдайды. Шынтуайтында, олай емес. Бүгінде елордада аурухана мен емханасы бар барлығы 37 медицина нысаны жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың жұмысына терең үңілсек, олардың бәрі бірдей жақсы жұмыс істейді деуге болмайды. Кезектің көптігі секілді жылдар бойы қор­даланған мәселелердің көбі – бас­қару ресурстарының ақсап жатқанынан, менеджменттің жетіспегендігінен. Жыл сайын жүргізілетін рейтингте жұ­мысын үйлестіріп, қар­жыны тиімді пайдаланып, жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр­ғандар да бар. Мысалы, №10 емхана, №5 емхана, №4 емхана, №7 емхананың жұ­мысы жолға қойылған. Бұлар – біз­дің көш­басшыларымыз. Олардың басшылары, тіпті, респуб­­ли­калық сайыстарда да ал­дыңғы орындарды иеленіп жүр. Осы емханалардың базасында құрылған оқу орта­лық­тарында тек елорданың ғана емес, еліміздің өзге өңір­леріндегі әріптестеріміз де біліктілігін жетілдіріп жүр. Былтыр №10 емхана базасында жан-жақтағы аймақтардан жиналған 200-ге жуық бас дәрігер тағылымдамадан өтті. Өкінішке қарай, менеджмент саласы дұрыс жолға қойылмаған ұйымдар да бар. Кейбір бас дәрігерлер өзі басқарып отырған мекемеде қалыптасқан күрмеулі мәселелердің түйінін шешейін деп те талпынбайды. Қыл аяғы, учаскелік дәрігерлердің алаңсыз жұмыс істеуіне көңіл бөліп, жұмысының нәтижесіне қарай жалақы төлеу де қарас­тырылмаған. Осыдан келіп, дәрігерлердің тапшылығы, белгілі бір салаға бейімделген мамандардың жетіспеушілігі туындайды. Сондықтан жұмысын жөнге келтіре алмай отырған мұндай денсаулық ұйымдарды жақсы жұмыс істейтін басқа әріптесінің қарауына, яғни, жақсы менеджмент қалыптасқан ұйымға бермекпіз.
Елімізде бүгінде әжептәуір беделі бар, емдеу ісін қай жағынан да меңгерген же­кеменшік клиникалардың шоғыры қалыптасып үлгерді. Олардың ішінде емханаларды басқаруға ықылас танытып отырғандар да баршылық. Біз емханаларды солардың деңгейіне жеткізу үшін жақсы басқарушылардың қолына тапсырамыз. Оның екі жолы бар: бірі – сатып алу құқымен берілетін нысандар, екіншісі – сатып алу құқысыз берілетін нысандар. Емханалар сенімді тұлғаларға 3-10 жылға беріледі. Осы уақыттың ішінде олардың жұмысын бағалай аламыз. Жұмыс жақсы жүрсе, онда сеніп тапсырылған уақыт қайта ұзартылады.
Мұндай тәсіл бәсекелестік ортаның қалыптасуына себепкер болады. Әрі дәрігерлерге жоғары жалақы тағайындалып, медицина өзінің алдына қойылған талапқа сай болуға ұмтылады.
Біздің келісімшарттарда біржола қолдарына беру деген сөз жоқ. Кез келген уақытта бұл нысандарды кері қайтарып ала аламыз.
– Бұл жобаға шетелдіктер де қатысады деп естідік…
– Иә, мемлекеттік-жеке­меншік әріптестіктің тағы бір бағыты – шетелдік мамандармен жұмыс істеу. Мысалы, корейлер, канадалықтар бізге келіп, франчайзинг жүйесімен жұмыс істемекші. Олар өздерімен бірге ұзақ жылғы тәжірибесі мен ауруды емдеу тәсілдерін ала келеді. Бізде технология заманға сай, дәрігерлеріміз білікті болғанымен, келушілерге қызмет көрсету жағы әлі де көңіл көншітпейді. Ал шет мемлекеттерде бұл жақсы жолға қойылған. Сондықтан олардың тәжірибесі бізге артық болмайды. Бұлар – делдалдар емес, бизнесмендер де емес, медицинамен тікелей жұмыс істейтін, біте-қайнасып кеткен мамандар. Айталық, Оңтүстік Кореядағы әйгілі Чаум сауықтыру клиникасының орталығы біздің №2 қалалық ауруханамызда өзінің бір бөлімшесін ашпақшы. Онда асқынып кеткен ауруларды емдеу, қартаюдың алдын алу, адамды жасарту секілді маңызды салаларға ден қойылмақ.
– Сонда бұл жүйенің қара­пайым емделушіге берер пайдасы қандай?
– Біздің емханалардың бас­ты кемшілігі, пациенттердің қажеттілігіне, қолайлылығына қарай бейімделмеген. Бір ғана мысал, адам жай қан тапсыру үшін таң атпай тұрып келуі керек. Неге анализдерді асықпай тапсыруға болмайды? Кеш тапсырылды екен деп қан, несеп бұзылып кетпейді ғой?! Кеңес заманынан келе жатқан мұндай түсініктерден әлі арыла алмай келеміз. Сонда зиян шегетіні – емделушілер. Қысқасы, бұл жүйе жүзеге асырылған кезде емханадағы жұртшылықтың жүйкесіне тиетін, ашуландыратын жағдайлардың бәрі реттеліп, қалыпқа түседі.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алдымен қандай емханаларды дайындап жатырсыздар?
– Жоба аясына төрт бірдей нысанды дайындап отырмыз. Бұл – бастапқы медициналық-санитарлық қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория, бір емхана және екі аурухана. Бір ауруханада жоғарыда айтып кеткенімдей, шетелдік медицина орталығы ашылса, №1 қалалық аурухана ше­телдіктердің менеджерлік басқаруында болады деп жобалап отырмыз.
– Нақты қашан жүзеге асады?
– Біз алдымен тізімдерін анықтап алдық. Енді бір емдеу мекемесінде қанша адам
жұмыс істейді, қондырғылары қандай сынды құжаттық жұ­мыстарды жүргізіп жатырмыз. Осындай жұмыстар түгенделіп болғаннан кейін жоба жүзеге асырыла бастайды.

Әлеуметтік ахуал әрдайым назарда
– Медицина қызмет­кер­лерінің әлеуметтік жағ­дайын қамтамасыз етуге байланыс­ты қандай игі шаралар қолға алынған?
– Астанада кадр жетіспеу­шілігі мәселесі бар. Жетіс­пей­тін мамандарды қамтамасыз еттік-ау дегенде басқалары ауысып кетеді. Мысалы, қазір зейнеттік жас алдындағы 500-дей дәрігер бар. Олардың орнына да маман дайындауымыз керек. Енді біз білікті мамандарды еліміздің өзге өңірлерінен, тіпті алыс-жақын шетелдерден шақыртуды ойластырып отырмыз. Елбасы бір сөзінде, Астанаға ең мықты, ең үздік мамандар жиналуы керек екенін айтқан. Қала әкімі де сондай міндет жүктеді. Шақырылған мамандарды үймен, жоғары жалақымен қамтамасыз ету ойда бар. Ол үшін жоғарыда айтқан жобаны енгізіп алу қажет.
Жалпы медицина қыз­мет­керлерінің әлеуметтік жағдайы үнемі назарда. Қала әкімі де бізді қолдап отыр. Мысалы, биыл 55 пәтер алдық. Жыл соңына дейін тағы тиісті көлемдегі пәтер бөлінеді деп күтіп отырмыз. Ал жас мамандарды тұрғын үймен қам­та­масыз ету мақсатында шағын отбасыға арналған жатақ­хана салу да жос­парда бар.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button