Спорт

Ерік. Жігер. Жеңіс!

Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында өрлік пен ерліктің үлгісін танытқан Қазақстан парахоккей командасын күтіп алдық. Бұл команда Гонконгте өткен Әлем чемпионатында екінші орын алып, елдің намысын абыроймен қорғады.

Біз «Тарлан» мұз сарайына арнайы бардық. Мақсат – жігерлі спортшыларды жеңісімен құттықтау әрі парахоккей ойынын тамашалау. Тірек-қимыл жүйесі бұзылған ерекше жандар мұз айдынына дейін ақсап-тоқсап жетті-ау. Енді қалай болар екен деп тұрғанымызда, шанаға отырып, мұзға енген бойда желдей есіп, сәйгүліктей өзгеріп шыға келді.

Команда бапкері Тимур Бексейітов шәкірттерінің ширақ қимылын бақылап тұр.

– Ассалаумағалейкум! Жеңіс құтты болсын! – деп ықылас білдірдік.

– Уағалейкумсалам! Рахмет! Бәрі – спортшылардың ерік-жігері мен жеңіске деген сенімінің нәтижесі, – деп жауап берді бапкер.

Жаттықтырушы әр спортшыға бөлек-бөлек тапсырма беріп, жаттығудың динамикасын арттыра түсті.

– 2018 жылы жобаны іске қосып, «Тарлан» мұз сарайын мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластырып, қайта жасады. Қазір командада 17 адам бар. Оның біреуі – қыз. Команда мүшелерінің жасы да әркелкі. Ең жасы 18 жаста болса, егдесі – 58-де, – деп команда туралы сөз етті жаттықтырушы.

Ол ысқырық шалып, хоккейшілерге келесі тапсырманы берді. Шанаға қонған хоккейшілер бір-біріне пас беріп, шайбаны тоқтатуды бастады. Бірнеше минуттан кейін екі қолымен кезек-кезек шайбаны алып жүріп, қақпаға дәл соққы бағыттады. Парахоккейде мұзда сырғанау үшін қолдың көмегі керек. Бұдан екі қолға қаншама күш түсетінін оңай аңғаруға болады.

Ерекше жандарды спорт бабына келтіріп шыңдайтын бапкер:

– Хоккей – ауыр спорт түрі. Екінің бірі шыдай бермейді. Физикалық дайындықтан бөлек, спортшының шыдамдылығы, шешімталдылығы, батылдығы және ерік-жігері керек. Төрт жылдан бері командаға бірі келіп, екіншісі кетуде. Қазіргі құрам – үшінші буын. Жігіттер – бабында. Оны Гонконгте өткен Әлем чем­пионатында дәлелдеді. Онда Англия, Франция, Аустралия, Армения және Гонконгтың хоккейшілерімен шеберлік байқасып, жақсы өнер көрсетіп, күміс медальды қанағат тұттық, – деді.

Бұл – Қазақстан парахоккей командасының ең жоғарғы жетістігі. Бұған дейін Қазақстан атынан бірнеше халықаралық деңгейдегі турнирге қатысып, бақ сынады. 2021 жылы Ресейдің Сочи қаласында «Континентал кубогіне» қатысады. 2022 жылы Омбы қаласында өткен «Сібірдің ашық кубогінде» шеберлігін сынады.

Үшіншісі халықаралық турнир – Ханты-Мансийск қаласында қысқы Паралимпиада ойыны. «Біз біргеміз. Спорт» ұранымен өткен парахоккей тартысында біздің жігіттер жақсы өнер көрсетіп, қола медальды қанжығасына байлады. Сөйтіп, құрылғанына көп болмаса да, елдің намысын байрақты бәсекеде абыроймен қорғап, тұғырдың биігінен көрінді. Енді Әлем чемпионатында жүлде алып, қуантып отыр.

– Шүкір, бізде мұз алаңы бар. Демеушілер де қол ұшын беріп келеді. Сочидегі турнирге қатысуымыз «Агенство безопасности «Urpaq-VIP» ЖШС қаржылай қолдау білдірді. Енді Гонконгтегі чемпионатқа «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры демеушілік білдіріп, 14,5 миллион теңге бөлді. Команда атынан мүмкіндігі шектеулі жандарға шексіз мүмкіндік сыйлап жатқан қамқор азаматтарға алғыс білдіремін. Өмірде түрлі жағдайда қиындыққа тап болған, бірақ асқақ рухымен тауды көтеруге дайын ерекше жандарға үміт беріп, сенімін серпілтуде, – дейді Тимур ­Бексейітов.

Бірнеше минут бойы түрлі тапсырманы орындаған хоккейшілер екі командаға бөлініп, жарыста кеткен кемшіліктерді пысықтауға кірісті. Шанаға байланған рухы мықты жігіттер бір-бірімен итерісіп, шайбаға таласып, ойынды бастап кетті. Кәсіби хоккейшілер орындайтын қозғалысты шанада отырған азаматтар орындап, таңданысымызды арттыра түсті. Жылдамдықпен келе жатып, оңға, кейде солға кілт бұрылып, шайбаны алған бойда командаласын іздеп, пас беруге асығады.

Қазақстанда 700 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар. Бұл – халықтың 7,5 пайызы. Соның 419 мыңы еңбекке жарамды. Яғни спортқа да қабілетті деген сөз.

– Қазақстан командасы ретінде турнирлерге қатысамыз. Қазақстан ұлттық құрама командасы ретінде елдің намысын қорғағымыз келеді. Сол кезде арнайы федерацияға қарап, жігіттердің парахоккеймен еркін айналысуына мүмкіндік туар еді. Гонконгтегі чемпионатта біздің жігіттер барын салып, орын алудағы бір мақсаты осы болды. Қаланың шеткі аумақтарында тұрса да, бірі таксимен, бірі қоғамдық көлікпен келіп, тренировкаға белсенді қатысып жүргенінің негізгі себебі осы, – деді команданың ұйымдас­тырушы міндетін атқаратын Қайрат Сабиров.

P.S: Парахоккейші жігіттердің арман-мұраты тауды қопаратындай ғаламат күшке ие. Өйткені олардың ерік-жігері еш мұқалмайды, төзімі берік, сенімі асқақ. Қазақ қоғамының алдында осындай ерекше жандарды барынша қолдау міндеті тұр… 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button