Ел тынысы

Еріктілер есірткі жарнамаларын жойды

«ЕSIRTKIGE JOL JOQ» жобасы аясында елордалық полицейлер «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірге есірткі заттарын жарнамалайтын қаладағы тұрғын үйлер мен ғимараттардың сыртындағы жазуларды бояу акциясын өткізді.

Іс-шара аясында еріктілер тобы полицейлермен бірге Ықылас Дүкенұлы мен «Атырау» көпірі аумағындағы нысандарды тексерді. Акция барысында еріктілер тиісті мекенжайларды анықтап, синтетикалық есірткіні жарнамалайтын Telegram bot сілтемесі бар жазуларды бояды. Сондай-ақ белсенділер қала тұрғындарына есірткінің зияны туралы ақпараттық буклеттер таратты.

Акция диспансерлік есепте тұрған есірткіге тәуелді адамдардың санын азайтуға бағытталды. Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлия Кибатқызы әсіресе 14 мен 35 жас арасындағы есірткіге үйір жастардың үлесін азайту керектігін атады. Оның айтуынша, есірткі сату жарнамасына қаржы табу мақсатымен жүгінетін жасөспірімдер жиі алданады.

Астана қаласының Полиция департаменті жыл басынан бері заңсыз есірткі айналымына қатысты 230-ға жуық құқық бұзушылық дерегін анықтады. Оның 40-қа жуығына қылмыстық іс қозғалса, 33-і есірткі затын заңсыз сату ісімен айналысты. Сонымен қатар барлығы 30 кг-нан аса есірткі тәркіленді. Оның ішінде синтетика, марихуана, гашиш, героин секілді заттар бар.

Есірткіге қарсы акция 2020 жылдан бері жыл сайын жүргізіліп келеді.  Ал елордалық Полиция департаменті еріктілермен бірге акция аясында осымен үшінші рет рейд жүргізді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button