Басты ақпарат

ЕРКІННІҢ ЕЛУІ

Отыз жылғы ойтолғақ

Елу деген… көктемнің кеш келгені сияқты,

Мынау дүние сені де ескергені сияқты.

Ертай Ашықбаев

Осы дүниеміздің өн бойын жоғарыда мысалға келтірілген елу жасқа арналған өлеңнің шумақтарымен тұздықтап отырмақпыз. Себебі, біздің кейіпкеріміз елудің есігін ашып тұр. Жиырмаға жете қоймаған кезінен жақсы біледі екенмін оны. Содан бері қатар өсіп, қанаттас келеміз. Отыз жылда отыз жолдық лебіз айта алмасақ, ретсіздеу болар.

Бірақ елу жас туралы бұл өлең ұлттық ұғымымыздағы мерейжасқа арналған сияқты. Қазіргі елуге келгендердің болмыс-бітімі жаңағы жыр жолдарына орайласа бермейді. Қырық жаста қамығып, «Қартайдық, қайғы ойладық…» дейтін Абайдың дәуірі әлдеқашан алыс қалды. Елірген елу түгілі алпыс алақанын ысқылап, жетпіс жымың қаққан заман…

Сонымен… Жыры бітпейтін журфакқа оқуға жаңа түскен бетіміз. Алдымызда төрт қабырғадай тұтасып, төрт курс тұр. Осы төрт курста оқитындардың мінез-құлқы мың түрлі. Бесінші курстықтарды көп көре бермейміз. Олар бірінші курспен, яғни, бізбен кездесуге бір келді де, содан төбе көрсетпей кетті. Бәрі дерлік пәтерде тұрады. Жаппай диплом жазып жатқанға ұқсайды. Ал төртінші курстықтар, үнемі жағасы жайлауда, шалқып жүреді. Араларында сырбаз сыршылдары да, сыралғы сырашылдары да жетіп артылады. Бізге жақындауы – екінші курс пен үшінші курс. Бұлар – біздің қатарластарымыз. Сонда да бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Екінші курс – еркелеу, еркіндеу. Үшінші курс – ұстамдылау, ұғымталдау.

Сол үлгілі үшінші курстың студенті Нұртөре Жүсіп жатақханадағы біздің бөлмемізде тұратын болды. Бұған біз қуандық. Ол сол кездің өзінде танымал тілші еді. Осыдан бастап 502-бөлмеге оның курста­стары жиі келіп тұрды. Бір күні Еркін Қыдырмен таныстық. Оның да «Лениншіл жас» арқылы есімін елге жаттата бастаған тұсы еді. Сымдай тартылған ширақ жігіт екен. Талғамы биік екені жүріс-тұрысынан байқалып тұрады. Мінезі орнықты. Көзі ойлы, сөзі салмақты. Сол кезде Еркін маған оңы мен солын тез танып, баяғыда ақыл тоқтатқан ересек жігіттей көрінген. Сөйтсем, он тоғыз жастағы өрімдей бозбала екен. Сол Ерекең ердің жасы – елуге келді. Ана Ерекең айтқандай, мына Ерекеңнің көктемі кеш келді деп айта алмай­мыз. Көктемі уақтылы келіп, жазы мезгілінде шығады Еркіннің. Үнемі ескерулі әрі елеулі болды. Өзінің ниетінің дұрыстығынан шығар.

Шақырып тұратын тақырып

Терезеңді шал-кемпір түртіп тұрған сияқты,

Танымайтын торғайлар үркіп тұрған сияқты.

Ертай Ашықбаев

Өз шығармашылығы туралы мүлде ауыз ашпайтын әріптестеріміз болады. Айтары жоқтығынан емес, қарапайымдылығынан. Еркін де солардың санатынан. Күйбеңі көп күнделікті шаруасын дамылсыз сөз етіп, сенің басыңды ауыртқанды жөн санамайды. Қай мақаласын қалай жазғанын, қай сапарда не тындырғанын ежіктеп еске салып, кәсібін қызықтап, елді әңгімеге тартқанын да көрген емеспін. Бірақ әйтеуір сонысымен де биіктеңкіреп тұрады. Сіз оны сөзге сараң, тілге жұтаң екен деп ойлап қалмаңыз. Сөйлесе, Ерекең сөйлесін. Айнала­сын үйіріп ала жөнеледі. Қалжыңы қылыштай қиып түседі.

Жазған-сызғандары туралы өзі ақыры сөз қозғамайды екен, біз айтайық. Алдымен аңғарылатыны, Еркін мақалаларына тақырыпты әдемі қояды. Мінекей, санамалай беріңіз. «Төртінші билік, төрге шық!», «Қаратай Тұрысов кешірім сұрады», «Ұлыққа емес, сотқа бар», «Қараулық қақпаны», «Жалсыз жылқының жаласы», «Қазақты «Аврора» емес, нарық оятты», «Отанымыз тек Оңтүстік қана ма?», «Қазақты оятқан қоңырау». Жазғандарының жер тарпып тұрған тақырыбына қарап, еріксіз елең ете қаласың. Сосын оқуға кірісесің.

Оқисың да, журналистің жазу стилі басқалардан бөлек екенін көресің. Стиль демекші, кейіпкеріміз ағысқа қарсы жүзгенді тәуір көретін секілді. Бірде ол өзгелердің сан рет шарлаған ізіне түспей, мәселеге басқаша қырынан келіп, «Қызмет – қолдың кірі емес» деп тақырып қойып, мақала жазды. Қашаннан дәстүрлі үрдіспен келе жатқан қалыпты қағиданың қалтарыс жақтарына үңілді.

Еркін Қыдыр мақалаларына фор­ма табу жағынан да соны соқпақ салды. Тағы бірде ол түнгі қаланың тынысын тыңдау үшін троллейбусқа мінеді. Қатардағы тұрғындар тұтынатын қарапайым көліктің ішіндегі қоғамның бөлшегін бөліп алып қарастырады. Қаланың халқы жалпы мен жалқының ыңғайында нысанаға ілігеді. Сол тозығы жетсе де тоқтамауға тырысатын тегеурінді техниканың терезесінен шырай­лы Шымкент шаһарына зер са­лады. Ал мақаласының соңында түйген түйіні санаңды селт еткізеді. «Неге екенін қайдам, әйтеуір маған біздің қоғам дәл қазір үлкен жолдың тоқ жалағышынан ажы­рап, жүрмей қалған троллейбу­сты көз алдыма әкеледі..». Бұл – 1991 жылдың қаңтарында жарық көрген мақала. Былқ-сылқ ет­кен одақтың әлі тарамаған кезі. Ілгеріде жазған «Тосқауыл немесе 1984-1988 жылдарды қамтитын шытырман оқиғалы екі сериялы деректі фильмнің сценарийі» де­ген фельетон үлгісіндегі мақаласы да оңтүстіктегі ойлы оқырманның есінде болар. Ол тұста бұл ешкімге жалын ұстата қоймайтын «Оңтүстік Қазақстанның» жас перісі еді. Басы барды идіруге, тізесі барды бүгілтуге бейім тұратын кезі. Жиыр­ма бестің жалынымен жазылған сол дүниелердің қызуы әлі күнге дейін кете қойған жоқ.

Еркін – қаламын жариялылықтың бұлағына суарған бірбеткей буынның өкілі. Өзінің де, сөзінің де еркін болатын себебі содан.

Кербұғының келбеті

Елу деген… костюмнің жуылғаны сияқты,

Әйелдердің майсыз ет қуырғаны сияқты.

Ертай Ашықбаев

Еркіннің Оралхан Бөкей туралы керемет мақаласы бар. Ол Орағаңмен күнбе-күн жүздесіп, әр сөзінен тәлім алған шәкірті емес. Қызметтес болып та көрген жоқ. Өз өмірінде Алтайда туып, Алатауды мекендеп, Гималайда көз жұмған теңдессіз тарпаң талант­пен бар-жоғы үш-ақ рет жолықты. Оның үшіншісі қаламгердің соңғы сапары болып шықты. «Жүзінде бір мұң жататын» – сол шерлі сапардың жемісі. Бұл жолы да Еркін детальға дөп түсетін дағдысынан жаңылмайды. Көкірегінде жатта­лып қалған жазушының әр сөзін мұрағат дүниесіндей етіп үкілеп ұсынады. Орағаң үшін қайғылы аяқталған осы сапардың әр сәтін жадында жаңғыртады. «Өстіп жабығып, сарылып жүріп, тексеру бекетінен де өттік-ау. Сөйтсек, Ор-ағаң бір түбіртек қағазын түсіріп алыпты. Жол жүрмей жатып жоқ іздедім, бұл жақсы ырым емес деп ары-бері сабылып, әлгі қағазды бәрібір таба алмады…». Осылайша алдағы жаманаттың хабаршысындай болған басқа да қолайсыз сәттерді ой елегінен өткізеді.

Еркін Қыдыр – Оралхан Бөкеймен бірге Үндістан сапарында бірге болған журналистердің бірі. Гималайға шаттанып аттанған қаламгерлер қара жамылып қайтты. Талайдың арман-аңсарына айналған Кербұғы жат елдің төсінде мерт бол­ды. Бұл сапарға ілескен жігіттердің ішінде осалы жоқ-ты. Қыранның қиядағы қазасы бәріне де әсер етті. Қай-қайсысы да қалам тербеді. Әрқайсысы сол сапардағы өз Орал­ханын танытты. Еркін де өзгеше ой толғады. Ешнәрсені қалт жібермеуге тырысты.

Осы мақалада жаныңды жыла­татын тағы бір деталь бар. Орағаң отырарлық шебер жасаған үскірікті үнділерге тапсырыпты. Табыстап тұрып, «Біздің билік құрған ба­баларымыз да осы жерде ғажап ескерткіштер қалдырған» депті. Сондай үнділердің бірі «байқаңыз, сіздің бабаларыңыз бұл жерден қайта алмай қалған» деп оспадарсыз әзіл айтыпты. «Сол кеште Орағаң ма­засыздау күй кешті. Тіпті даяшылар алдына алып келген тағамнан да нәр сызбады» деп жазады Ерекең. Сөйтіп, үндінің сөзі жындының сөзі болып шығыпты. Бәлкім, тарпаң мінез Орағаңның жүйкесін жұқартып, жүрегін жұлмалаған нақ осы әзәзіл әзіл шығар.

Бұл мақаланы ол Оралханның өз тәсіліне салып, шебер аяқтайды. «Бәлки, Кербұғы жүзінен мұңның ізі жоғалған мұңлықтардан жеріген шығар… Бәлки, Кербұғы күлкітоқтықты ту етер қоғамнан бойын аулақ салды ма? Ол жағы бір Аллаға ғана аян».

Қанша жыл өтсе де, Ерекеңнің мақаласында кейіптелген Кербұғының келбеті есімізден кеткен емес.

Синти бикешке сілтеме

Газеттердің көнелеу мақаласы сияқты,

Алпыс пенен жетпістің аталасы сияқты.

Ертай Ашықбаев

Ақын Ерекең елуді газеттің ескілеу мақаласына теңепті. Сондықтан біз де бүгін кейіпкеріміздің ілгеріде жазған дүниелерін тілге тиек еттік. Сол арқылы түтіні о бастан түзу ұшқанын байқатуға тырыстық. Тұлпарлығы тай күнінен танылғанын аңғарттық.

Еркін мақаланы жазу барысында сәтті детальдарды көбірек іздейді. Және оны молынан табады да. Жазғанын сонымен тұздықтайды. Оны туындысының әр тұсына мөр ғып басады. Баяндалатын фактілерді ширықтыра түсу үшін әрқайсысын шегелеп тұрып бекітеді. Мақаланы өте сәтті аяқтау – оның қашаннан қалыптасқан дәстүрлі машығы. «Қазақтың тойы: жиналыс, ысырап және тырашта­ну» деген әлеуметтік очеркінің соңында америкалық этнограф-ғалым Синти Вернер бикештің зерттеуі туралы айтады. Бұл Ерекең неғып аяқ астынан «синтишілеп» кетті деп соңына жеткенше асығасыз. Сөйтсек, ол АҚШ-тан келген ақ бикештің өзіне немесе көзіне емес, сөзіне қызыққанға ұқсайды. «Жас ғалымның таңдаған тақырыбы – қазақтың салт-дәстүрі. Ол Оңтүстік өңірінде екі жылдай зерттеу жүргізіп, деректер жинап болған соң еліне барып, диссерта­ция қорғапты. Бұл жолы қазақтың той-томалақтағы шығыны жай­лы тақырыпты зерттеуге келген екен. Мұхиттың арғы жағындағы америкалықтар қазақтың бір осал тұсын дөп басқанына қайран қалдым. Ұят болды ғой…» деп қорытады. Бәсе…

Әріптесіміздің жазған дүниелеріне әйгілі Шерағаң – Шерхан Мұртазаның өзі «Еңбектерінің қайсысына болмасын, көз жүгіртсеңіз, өз ұлтына деген құрмет пен сүйіспеншілік лебін аңғарасыз» деп баға беріпті. Еңбегі ескерусіз болған жоқ. БАҚ саласындағы Президент сыйлығын иеленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Әлемнің талай елінің топырағына табаны тиді. Әрқайсысынан өзіндік ой түйді. «Отырар» атты танымдық кітап жазып, ел алдындағы парызын өтеді.

Еркін – еркін ойдың адамы. Ол еріккенше емес, Еркінше жазады. Көп жазып, көбік езеді екен деп қалмаңыз. Кейде айлап-жылдап қалам ұстамай кететіні бар. Ондай­да қарап жүрмейді. «Егеменнің» күнделікті қара шаруасы жетіп- артылады. Сауытбек ағамның сәулеткерлік талғамымен салынған сәнді ғимаратта Ерекеңнің де ерек­ше қолтаңбасы бар.

Ана Ерекеңнің өлеңін мына Ерекеңнің өмірімен салыстыру­дан бастадық қой. Енді сонымен аяқтайық. Сол елу жас туралы өлеңде «Думаныңды ұлдарың тартып алған сияқты, Кеседегі көк шәйің жартыланған сияқты» деген жол­дар бар. Думаныңды ұлдарыңның тартып алуы заңдылық. Ұлың түгілі немереңнің өзі атұстарға жарап қалды. Ал кеседегі көк шәйің жар­тылана қоймас. Өйткені, қай ша­руаны да жартылай қалдыру сенің әдетіңде жоқ еді ғой…

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button