Мәслихат

Ерлан Каналимов: Депутаттар жол картасының іске асуына мүдделі

2022 жылы елорданың бюджеті қандай негізгі салаларды қамтиды? Әртүрлі партия өкілдерінен құралған мәслихат депутаттары арасында пікір қайшылықтары жиі болып тұра ма? Халық қалаулылары әлеуметтік желіде өздерін тэгтеген посттарды үнемі оқи ма? Әлеуметтік желінің арқасында қандай мәселелер шешімін тапты? Депутатпен қай жерде жолығып, талап-тілегіңді айтуға болады? Осы және басқа да сұрақтарға елордалық мәслихат хатшысы Ерлан КАНАЛИМОВ «El Orda» YouTube арнасына берген сұхбатында жауап берді.

[smartslider3 slider=1664]

– Ерлан Ермекұлы, елорданың келесі жылғы бюджеті қандай болары бәрімізге қызық. Қандай бағыттар басымдыққа ие болмақ?

– Келер жылғы бюджет желтоқсанның 15-і күні мәслихаттың кезекті сессиясында бекітілді. Бюджет әдетте үшжылдық мерзімге бекітіледі. Егер тұрғындар қалалық бюджеттің нақты қандай дүниелерге қарастырылғанын білгісі келсе, толық ақпаратты біздің сайтымыздан таба алады. Келер жылғы бюджетте, әдеттегідей, әлеуметтік бағыттарға басымдық беріледі. Бюджеттің 30 пайызын білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, жәрдемақы, зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек және басқа да әлеуметтік бағдарламалар құрайды. Сондай-ақ мәдениет пен спортқа да біршама көңіл бөлінеді. Негізінен, бюджет бірінші кезекте партиялардың сайлауалды бағдарламаларының жобаларын іске асыруға бағытталған. Өйткені депутаттар жол картасының іске асырылуына мүдделі.

– Осы бюджеттің жобасын талқылағанда оның қандай тұстары депутаттардың арасында талас туғызды?

– Депутаттар әр саланың өкілдері екенін білеміз. Мысалы, біздің елордалық мәслихаттың депутаттары 18 түрлі саланың мамандарынан жиналған. Әрқайсысы өзіне жақын саланың мәселесін көтереді. Бізде сайлауалды бағдарламалардың орындалуы бойынша жол картасы бар, соның әр тармағына әр депутат бекітілген. Әрқайсысы сол тармақтардың орындалуын бақылайды. Мәслихатта ең әуелі баспана мәселелеріне көбірек көңіл бөлінеді. Одан кейін әлеуметтік нысандарға назар аударылады. 2000 жылдары қаламызға 16 ауыл-аймақ қосылған болатын, үшінші кезекте сол тұрғын алаптарды дамыту мәселесі біздің жіті бақылауымызда. Өйткені елорда халқының бестен бірі шеткі аймақтарда тұрады.

– Астанада ақылы авто­тұрақтар белгіленген. Қазіргі таңда олардың саны шамамен 500-дей. Алайда біздің оқырмандарымыздың айтуынша, бұл тізімге аула маңындағы аумақтар да кіріп кеткен. Мысалы, Желтоқсан көшесі 32-үйде осындай проблема бар. Сонда автомобиль иелері өз үйлерінің жанында тегін тоқтай алмай ма?

– «Астананың көлік тұрағы кеңістігі» – мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы. Қателеспесем, ол төрт жылдай уақыт бұрын жүзеге асырыла бастаған. Бірақ жоба биыл ғана іске қосылды. Өйткені техникалық-экономикалық негіздемесі, келісімдік міндеттерді орындау бойынша біраз кедергі бар еді. Барлық тұрақ орындары тұрғындардың келісім бойынша белгіленуі керек. Онсыз біз бірде-бір ауланың жанындағы бос кеңістікті ақылы автотұрақтар тізіміне қоса алмаймыз. Ақылы автотұрақтар даңғылдардың, негізгі көшелердің бойында орналасуы тиіс. Егер оқырмандар бағанағыдай нақтылы бір жағдай бойынша шағымданып жатса, онда осы мәселені қарастырып көрейік. Өйткені ақылы автотұрақ орындарының бәрі Көлік басқармасымен, Жол полициясымен, аудан әкімдіктерімен келісіліп, одан соң Қоғамдық кеңесте қаралып, содан кейін ғана мәслихаттың қарауына түскен болатын. Сондай-ақ айта кету керек, әлеуметтік осал топтарға жататын адамдар, көпбалалылар, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер автотұрақтарға тегін тоқтай алады.

– Мұндай топтағы адамдар автотұрақ қызметін тегін пайдалануы үшін белгілі бір орынға жүгінуі керек пе?

– Кез келген адам сайттағы ақпараттан немесе колл-орталыққа хабарласып, аталмыш жоба аясында өздерінің сол санатқа жататын-жатпайтынын анықтай алады. Егер сол санатқа жататындардың атында көлік бар болатын болса, онда тұраққа тоқтағанда камера оны автоматты түрде «таниды».

– Биыл қалалық мәслихатқа «Нұр Отан» партиясымен қатар Қазақстан халық партиясы мен «Ақжол» партиясының да өкілдері енді. Бұл жағдай шешім қабылдау процесіне қалай әсер етті? Депутаттар арасында пікір қайшылықтары жиі болып тұра ма?

– Елордалық мәслихат тарихында тұңғыш рет биыл үш партияның өкілдері бас қосты. Бірінші шақырылымды бізде 25 мандат болатын. Кейін қаланың өсіп келе жатқанын ескеріп, депутаттардың саны өсті, бүгінде мәслихатта 31 депутат бар. Оның 26-сы «Нұр Отан» партиясының өкілдері болса, 3-еуі – «Ақжол», 2-еуі – Қазақстан халық партиясының өкілдері. Бірақ мәслихат белгілі бір партияның емес, халықтың мүддесін көздейді. Барлық сайлауалды бағдарламалар халықтың талап-тілегі негізінде әзірленген. Яғни бізде халыққа қатысы жоқ бағдарламалар жоқ. Біз «109» қызметіне талдау жасадық, оған халықтан 3 миллиондай талап-өтініш келіп түскен. Біз оларды жүйелеп, 10 негізгі бағытты іріктеп алдық. Әлбетте, келіспеушіліктер болып тұрады. Бірақ сондай болған күннің өзінде барлық шешім өзара дауыс беру арқылы шешіледі.

– Сіз әлеуметтік желілерде үнемі белсенділік танытасыз. Посттарыңызды өзіңіз жазасыз ба?

– Әрине, не істеп жатқанымыз жайлы халықты ақпараттандыруымыз керек. Бірақ онымен ғана шектелмей, кері байланысқа да көбірек мән беруіміз қажет. Кейбір кезде адамдар біздің посттарымыздың астына пікір қалдырады, қалаға қатысты мәселелерді жазады. Ол да бізге пайдалы.

– Демек, әлеуметтік желідегі сыни пікірлер сіздердің жұмыстарыңызға көмектеседі ғой. Нақты мысалдар айта аласыз ба?

– Аруақты сыйлаған халықпыз ғой. Үш жыл бұрын қаланың орталық зираты қала сыртына көшірілген болатын. Орталықтан шамамен 15-20 шақырымдай алыстау. Көбінің көлігі жоқ, оның үстіне зиратқа баратындардың басым көпшілігі – қарттар. Осы мәселе жайлы сәуір айында бір-екі кісі әлеу­меттік желіде маған жазып, зиратқа баратын қоғамдық көлік қарастыруымызды сұрады. Олардың пікірін ескере келе біз ол жаққа қатынайтын кезеңдік бағдарды іске қостық. Сәуір айының аяғынан бастап қазан айының соңына дейін сол зиратқа көлік қатынап тұрды. Одан бөлек, тапсырылған үйлердің сапасы, аулаларды абаттандыру жайлы да келіп түскен көп пікірді ескереміз.

– Әлеуметтік желіде депутаттарды тэгтеген посттардың бәрін оқисыз ба?

– Әрине. Кешкісін жұмыстан қолым босаған соң Facebook, Instagram сияқты желілерді бір шолып шығам.

– Тұрғын тікелей депутатпен жолығып, талап-тілектерін айта ала ма?

– Иә, әр депутаттың WhatsApp желісіндегі нөмірін жариялап қойғанбыз, сол нөмір арқылы кез келген тұрғын хабарласа алады. Одан бөлек, мәслихаттың сайтындағы тікелей эфир арқылы да сұрақ қоюға болады. Сондай-ақ депутаттар өздерінің жұмыс орнында, партияның ғимаратында, әкімдікте, «Жанұя» орталығында қабылдайды. Қазір сол жағалаудан депутаттар қабылдайтын ғимарат іздестіріп жатырмыз. Яғни депутаттармен жолығуда аса көп кедергі жоқ.

– Ал мәселені шешуде қандай да бір мерзім бекітесіздер ме?

– Шамамен екі аптада ше­шіледі. Егер қосымша деректер керек ететін өтініш болса, онда бір айдай уақытты алады. Әдетте, біз екі аптадан соң қабылдауға келген азаматқа хабарласып, мәселесі шешілді ме, жоқ па – соны анықтаймыз.

– Қызметтік куәлігіңізді қаншалықты жиі пайдаланасыз?

– Қызметтік куәлігіміз қалтамызда, үнемі өзімізбен алып жүруіміз керек, өйткені оның ішінде ғимаратқа кіретін «магниткамыз» бар. Сол кезде ғана пайдаланамын. Былай басқа мақсатта пайдаланған кезім болған емес.

 Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button