Басты ақпаратМәдениет

Ерлан Рысқали, дәстүрлі әнші: Өнерге өз ізімді қалдыру үшін келдім

t6xahDLdAyV77n4Y-lg

Молдабайдың әнін өзіндік орындау мәнерімен ерекшелеп, әнді жаңа бір қырынан ашқан Ерлан Рысқалиды халық әндерін құрметтейтін көпшілік жақсы біледі. Оның орындауындағы Нияз серінің «Балқурайы», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы», Уәйіс Шондыбайұлының «Бозқарағаны» және басқа әндер тыңдармандарды талай мәрте сүйсіндірген. Мектеп қабырғасынан-ақ музыкалық білім алып, кейін консерваторияны тәмәмдаған ол дәстүрлі әндердің дарабоз орындаушысына айналды. Біздің әншімен арадағы әңгімеміз өнерге адалдық, ұлттық құндылық сияқты киелі ұғымдар жайында өрбіген еді.

Ұлттың мүддесі бәрінен биік

– Сіздің өзіміздегі дәстүрлі әншілер арасында да, тіпті Ресейде өткен халықаралық конкурста да бас бәйгені жеңіп алғаныңызды білеміз. Өзіңіз әр жерде айтып жүргендей, өнерді қабылдауда, тануда талғамсыздықтың жайлап бара жатқаны рас. Енді осы жағдайды өзгерте аламыз ба?
– Шынына келгенде, жұрттың талғамын бұзатын мардымсыз дүниелер соңғы кезде теледидарлардан жиі берілетін болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде халықтың руханиятын, ұлттық мұрасын насихаттауда «көк жәшіктің» алар орны ерекше. Біз соны қазақтың мүддесіне тиімді пайдалана алмай отырмыз. Керісінше қазақтың талғамын бұзып, оны тұма бас­тауынан, ұлттық тамырынан ажыратуға пайдаланып жатырмыз. Ал негізінде, телеарналар қазақтың руханиятын жаңғыртып, өшкенін жандырып, жоғалтқанын тауып беретін ұлттың жоқшысы болуы тиіс қой. «Өнердегі осындай жағдайды өзгерте аламыз ба?» дейсіз, турасын айтайын, талғамсыздықпен күресте менің, не болмаса мен сияқты бірен-саран әншілердің тұс-тұстан айқайлағаны жеткіліксіз, ол ештеңе де шешпейді. Қазақ атамыз «жұмылып көтерген жүк жеңіл» дейді, бұл істе ұлттық сана-сезімі жоғары, бойында «Мен қазақпын!» деген қаны бар азаматтар бірігіп, ел болып күресу керек. Телеарналарға талап қойылуы қажет, ол жерде басшылықта отырған азаматтар да, қатардағы журналистер де – өзіміздің қаракөздеріміз, бөтен емес. Олар ұлттың мүддесіне қызмет етіп, ұлттық құндылықтарға сызат түспеуіне жанашырлық танытса деймін. Бұған, сондай-ақ Ақпарат және коммуникациялар және Мәдениет және спорт министрлігі секілді құзырлы органдар тарапынан қолдау қажеттігі сөзсіз. Бірнеше тарап бірігіп, ақылдасып жұмыс жасасақ, «келісіп пішкен тонымыз келте болмас» еді. Сонда ғана біз қазіргі жаһандасу дәуірінде сыртқы идеологияға, қазақтың табиғатына мүлдем жат, тіпті өте қауіпті мәдениеттерге қарсы тұра аламыз. Жағдайды ретке келтірудің басқалай жолы жоқ. Ұлттық мүдде төңірегінде бірнеше тарап бірігіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істемесек, осы кетіп бара жатқан бағытымыз өзгермейді. Өкініштісі сол, қазір телеарналар рейтинг қуалап кетті. Ал осы рейтинг қазақтың мүддесіне кері жұмыс жасап жатыр. Танымдық, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалардың орнына жеңіл-желпі, тәні ғана емес, бар болмысы жалаңаш дүниелер қаптап кетті. Жалаңаш қыздарды, қатынға ұқсаған жігіттерді көбірек беру – қазіргі кезде рейтинг жинаудың ең басты заңдылығы екен. Біздегі отандық телеарналарды халықаралық аренада сонда ғана көбірек көреді-міс. Сол себептен телеарна басшылығы осы бағытқа қатты көңіл бөледі. Ал халықаралық эфирге қазақ жалаңаштанып барса, түбінде ұтылатынын ешкім ойлап жатқан жоқ. Адамзаттың руханиятына, мәдениетіне қазақ ұлттық өнерімен, құндылықтарымен ғана қосыла алады. Тәуелсіздіктің жолында құрбан болған Алаштың әрбір қайраткері, қазақтың руханиятына жанын салып еңбек еткен Әлихан, Ахмет, Міржақып ағаларымыздың өмірлерін дәріптейтін дүниелер көбірек берілсе, бүгінгі ұрпақ ұлтының ұлы тұлғаларын танып өсер еді. Қазір олар «Спанч Боб» немесе тағы сондай шетелдік кейіпкерлерді ғана жақсы біледі, соларды танып өседі. Өкінішті ме? Әрине, өте өкінішті! Телеарналардағы қаптаған осындай дүниелерді қазақыландырмай, қазақтың ұлт болып қалуы күмәнді. Мен Баянөлгейде, Түркияда, былайша айтқанда, қазақстандық телеарналар көрсетілетін шетелдерде көп болдым. Ол жақтағы қазақ көрермендердің талғамы біздің еліміздегі ағайындардан әлдеқайда жоғары, руханияты биіктеу. Олар «Біздің Қабанбай, Бөгенбай сияқты батырларымыз қайда, кешегі Әмірелердің ізін басқан ұрпағы қайда? Солар неге көрсетілмейді?» деп сұрайды. Біздер сонда айтар жауап таппай қиналамыз.

Алтай – адамзаттың алтын бесігі

– Жуырда Түркия қазақтарының кіші құрылтайына барып келгеніңізден хабардармыз, осындай құрылтайлардың ұлттық мұраны насихаттауға бір пайдасы, ықпалы бола ма, әлде ат төбеліндей азшылықтың бас қосуы ма?
– Жер-жердегі қазақтарға барып құрылтай өткізіп тұру, жиі басқосу – жақсы бастама. Бұл және өте қажет деп ойлаймын. Мәселен, Түркияда ат төбеліндей қазақ бар, соларға жиі барып тұрсақ, ұлт ретінде сақталуына, тілін ұмытпауына септесер едік. Мына соңғы барғанда байқағаным, көңіліме қаяу түсірген жай – ол елдегі қазақ жастары толықтай түрік тіліне ден қойған. Оларға қазақ тілінде сұрақ қойсам, өте қиналып, тіпті түгелге дерлік түрік тілінде жауап береді. Бұларға қазақ тілін меңгерту үшін қазақ тілін оқытатын мектептерге орналас­тыру аздық етеді, сонымен бірге қазақтың ән-күйін насихаттаса, қазақы дәстүрді саналарына сіңіру бағытында жұмыс жасасақ, сонда олар басқа ұлттың болмысына жұтылып кетпес еді. Осы басқосуда жат жұрттағы ағайындар кәдімгідей арқаланып, өздерінің қазақ екенін сезініп, бір жасап, рухтанып қалды. Мұндай жиындарды жиі өткізу қажеттігі сонда анық байқалды. Бір қынжылтатын жай, біздің елімізде басқа ұлттардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға арнайы қаржы бөлінеді. Ал, шетелдегі қазақтардың тілін, ділін дамытуға қаржы қарастырылмайды. Шетелдегі ағайындар ол шаруалардың бәрін өз қаражаттарына атқарады, әрине, ауқымды жұмыстар жасауға ол жеткіліксіз. Сондықтан, бұл жайды ескеруіміз керек сияқты. Бұл басқосуда сол жақтағы ағайындар тіл оқыту мәселесін, қазақтың ән-күйін насихаттау, әдеби кітаптармен қамтылу жайын айтып, біздің мемлекетіміз тарапынан қолдау болса деген тілегін жеткізіп жатыр. Оларға осы бағытта көп көмек қажет. Маған артқан негізгі аманаттары – осы.
– Ал, өзіңіз мүше болған «Алтай мұрасы» экспедициясынан қандай әсермен оралдыңыз? Алтай жақта ұлттық музыкаға деген құрмет бөлек деседі…
– «Алтай мұрасы» экспедициясы жай сапар емес, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды шара болатын. Біздің маусым айындағы сапарымыз мемлекеттік рәміздер мерекесімен сәйкес келді. Соған орай, Ерлан Сыдықов бастаған біздің экспедиция құрамында Елтаңбамыздың авторы Жандарбек Мәлібеков болды. Ол кісі өзімен бірге халықаралық стандартқа сай қайта өңделіп жасалған Елтаңбаны алып шыққан еді. Оны сол жақтағы ағайындарға өзінің қолтаңбасымен табыстап келді. Экспедиция құрамында Елтаңба авторының өзі болуы – біздің сапарымыздың үлкен ерекшелігі еді. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болған ел ретінде өзіміздің жетістіктерімізді паш еттік. Біз жүріп өткен бағыттарда, дәлірек айтқанда, Астанадан Қарағандыға, одан әрі Қарқаралының үстімен Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы мен Семей, одан соң Ресейдің Барнауыл – Таулы Алтай өңірі, Қосағаш және бірқатар аумақтарды аралап, Барнауылда есеп беру концертін өткіздік. Жүріп өткен жолымызда қазақтың небір әдемі, шұрайлы жерлерін «Қазақстан» ұлттық арнасының жігіттері бейнетаспаға түсірген болатын. Қазір осы сапар бо­йынша арнайы фильм дайындалуда. Ол бұйыртса, елімізге туристер тартуға, жалпы туризмді дамытуға септігін тигізетін фильм болады деп есептеймін. Бейнетаспаға еліміздегі адам аяғы тимеген әсем жерлер де ілікті. Мұндай өлкелер, біле білсеңіздер, әлемде сирек кездеседі. Одан соң Таулы Алтайдың аймағын да сол фильмнен тамашалауға болады. Кез келген қазақ білуі тиіс, Алтайдың төрт тарапына да түгел қазақтар қоныстанған. Алтай – жалғыз қазақтың, бүкіл түркі әлемінің ғана емес, жалпы адамзаттың алтын бесігі. Алтай бауырында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған ескерткіштер, көне мұраларды сараптай келе ғалымдар осындай тұжырым жасаған. Осы сапарда мен Ресей аумағындағы Алтай өңірін мекендеген қазақтардың табиғи болмысын жақыннан көріп, танып, тәнті болдым. Олар өз бойындағы табиғи тектілігін, табиғи тазалығын сол күйі сақтап қалған. Даланың дархандығын, көңілдерінің шексіз кеңдігін көресің. Қазақтың тұма бастауындағы ақкөңіл, мәрт мінездермен қайта қауышқандай әсер алдым. Өйткені осы мінез, осы болмысты, өкінішке қарай, осындағы қазақтардың бойынан табу өте қиын ғой. Біздің ұлт бұрынғысынан көп өзгерді. Оны Алтай тауының әр жағында Табиғат-Ананың құшағында бәз-баяғысынша ғұмыр кешіп жатқан өз қазағыңмен кездескенде анық байқайды екенсің. Бір ғана кемшілігі – олар біздің әдебиетімізден, тарихымыздан алшақтап қалған. Мектепте Ресей тарихын, солардың тұлғаларын оқып өседі. Қазір тізгінді ұстап отырған ақсақалдардың өзі кеңес заманының тәрбиесімен қалыптасқандар. Олар қазақтың әдеби, басқалай оқулық­тарына өте мұқтаж. Осы бағытта Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры Ерлан Сыдықов ағамыз көп көмек көрсетіп жатыр. Әлихандардың, Мағжандардың, Абай атамыздың жинақтарынан құралған көп кітап қорын апарып берді. Тарихи кітаптарды авторлардың өздері тарту етті. Генетика саласындағы ғалымдар да өздерінің кітаптарын сыйға ұсынды. Шыны керек, ол жақта кәсіби тұрғыдан біздің ұлттық өнеріміз дамымай қалған, тың дүниелер жоқ. Олардағы жоғары немесе арнайы орта оқу орындары қазақтың ән-күйін оқытпайды. Бұлар Қазақстанға ғана келіп оқи алады. Осы жағынан келгенде де оларға қолдау, көмек жасалса, жақсы болар еді.

Ұлттық өнерді оқытатын бағдарлама керек

– Оқу дегеннен шығады, бізде ұлт­­тық өнерді оқытатын оқу орын­да­ры­ның өзінде жүйелі оқу бағ­дар­ламасының жоқтығын, әр­кім әртүрлі оқытатындығын айт­қан едіңіз, өз тарапыңыздан қан­­дай ұсыныстарыңыз бар?
– Мен оқу бағдарламасы туралы айтқанда күйшілерге, жыршыларға емес, әншілерге қатысты айттым. Өйткені бізде орта білім саласындағы колледждерде, әншілік мектептерде сабақ беретін ұстаздар жоғары оқу орнына барғанда да сол бағдарламамен сабақ береді. Яғни оқу бағдарламасы – орта буынға да, жоғары оқу орындарына да бірдей. Бұл – әншіні құрту, басқа ештеңе де емес. Салыстырмалы түрде айтсақ, бірінші сыныпта әліппені жаңа танып жатқан балаға «Он жердегі он қанша болады?» деп сұрақ қойғанмен тең жағдай ғой. Немесе колледжді жаңа бітіріп, бірінші курсқа келген студентке Әсеттің «Қисметін», Біржан салдың «Айтбайын», Сейітжан салдың «Қанатталдысын», Уәйіс Шондыбайұлының «Бозқарағаны» мен «Періуайымын» берсе, ол алып кете алмауы мүмкін. Бұлар қиын шығармалар. Сондықтан өсіп келе жатқан жас талантты орта жолдан үзбес үшін арнайы мамандармен бірлесіп отырып жоспар жасау керек, бағдарлама әзірлеу қажет. Осы бір қарапайым нәрсені жасау өте қиын. Себебі, қазір бәрі бір-бір «жұлдыз», өзі ғана білетін бас бермес маман, бір-бірінің сөзіне құлақ асып тыңдау жоқ, әркім өзінікін дұрыс санайды. Бұған министрліктің өзі бас болып, мамандарды жинап, пікірлерін анықтамаса, бір қозғау жасамаса, оқу бағдарламасы бір жүйеге келмейді. Ал бізге оны жүйелеу аса маңызды, онсыз болмайды. Содан кейін оқу орындарында дауыс қою мәселесі өте төмен. Менің дауысымды консерваторияда оқып жүргенде қазақ опера өнерінің жарты ғасырлық жылнамасы, көптеген елге белгілі бірегей әншілердің ұстазы Бекен Жылысбаев ағамыз қойып берген болатын. Содан кейін консерваторияда Қанат Құлымжанов деген ағамыз жақсы дауыс қоятын, ол кісі зейнеткерлік демалысқа шыққан. Ал қазір дауыс қойып жүргендер қазақы дыбыс шығару мәнерін түсінбейді, опера мәнерін әкеліп тықпалайды. Бұл өз кезегінде қазақтың ұлттық бояуын құртады. Қазақта «жез таңдай», «күміс көмей» деген сөз тіркестері бар емес пе?! Жез таңдай әнші деп дауысы таңдайға жиналған әншіні, ал күміс көмей деп дауысы көмейінен күмбірлеп шығатын әншіні айтады ғой. Осыны қазір дауыс қойып жүргендер түсінбейді. Сосын академиялық ән айту үрдісін тықпалап әуреге түседі.
– Астаналық көрермендер әнді үндемей, өте сабырлы тыңдайтыны туралы пікір білдіргеніңізді біле­міз, қазіргі ойыңыз қандай?
– Бір кездері өнер адамдары Астана туралы тек біржақты пікір білдіретін. Бұл жақтың ауа райына байланысты адамдары да салқынқанды, салмақтырақ дегендей. Әйтсе де, Астана бұрынғыға қарағанда көп өзгерді. Мұндағы халық та домбырамен ән салғанда, делебесі қозып отыратын болды. Жақында Астана күніне байланысты біраз жерлерге барып, концерт бердік қой. Халықтың ұлттық өнерге деген ықылас-пейілі арта түскенін көріп, қуанып қалдық. Лайым, осылай жалғаса берсін!
– Өнерде жүргеніңізге де біраз жыл болып қалды, тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз көп пе?
– Қазір мен бірыңғай сахнада жүрмін, кезінде сабақ бергенмін, бірақ оның машақаты көп екен. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді ғой Абай атамыз. Ұстаз болу үшін адамға қажырлылық, сабырлық, еңбек пен білім керек. Ұстаз алдына келген баланың кем-кетігін дәп басатын көрегенділіктен де кенде болмайды. Алдыңа келген шәкіртке жетістігі мен кемшілігін дер кезінде айтпасаң, ол кемтар болып қалады. Бұл – өнерге бір мүгедек қосылды деген сөз. Сосын ол мүгедек өзінен кейін тағы бір мүгедекті дайындайды. Сөйтіп жалпы өнерді мүгедек жағдайға душар етуіміз мүмкін. Сол үшін бұған үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Менің сабақ беруден кетіп қалған себебім, балаға асықпай сабақ беретін мүмкіндігім болған жоқ. Оқу-жұмыс бағдарламасын жасаумен күнің өтеді, оны бекіту одан да үлкен шаруа, жыл – он екі ай бойы тек қағаз толтырумен жүресің. Алдыңа ән үйренуге келген балаға дұрыстап көңіл бөлуге уақытың да қалмайды. Бір жағынан соған ашындым, екінші жағынан өзіме деген, баланың алдындағы жауапкершілікті, ұстаздық жауапкершілікті сезінгендіктен, бұл жұмысты қойдым. Сабақ беріп жүрген уақытта өз міндетімді мүмкіндігім жеткенше адал атқаруға тырыстым. Қағаз толтырып үлгере алмаған жағдайда, шәкірттерімді жұма, сенбі, жексенбі үш күн үйіме шақырып тәрбиеледім. Қалай болғанда да мен оларға барымды беріп кетуге күш салдым. Қысқа уақыт ішінде, Құдайға шүкір, біраз шәкірт тәрбиелей алдым. Оның алды Алматыдағы Жамбыл мемлекеттік филармониясында, Қаскелең, Талғар мәдениет үйінде, бірқатары осы Астанада қызмет етіп жатыр.

Тойға көп шығатын әнші тозады

– Қалай десек те, сіздің концерт түгілі тойдың өзінде әнді фонограммамен айтуға тыйым салдыру керек дегеніңіз көңілге қонды, жалпы дәстүрлі әншілерді тойға жиі шақыра ма?
– Рас, бұрын дәстүрлі әншілер тойға оншалықты көп шақырылмайтын. Соңғы бес-алты жыл көлемінде жиі шақыратын болды. Қазір домбырасыз той көрмейтін болдық. Бұл, әрине, жақсы. Негізінде әншінің шақырылуы, шақырылмауы өзіне де байланысты. Той қуған, дүниенің артында жүрген әншілер де бар. Олар солай дүниенің соңына түсіп жүре береді. Ал енді өнерге адал әншілер тойларға көп бармайды. Мысалған Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкімән той тойлап жүр дегенді мен естімеймін. Олар тойға өте сирек барады. Мен өзім де солаймын, айына көп болса бір-екі тойға баратын шығармын, болып жатқан жағдайда. Негізі тойға көп шыға беруге болмайды. Өйткені тойдың сахнасы, тойдың ортасы бөлек, кәсіби сахна бір бөлек. Кәсіби сахнадағы адамның көрермендермен қарым-қатынасын тойдағымен салыстыруға мүлдем келмейді, екеуінің арасы жер мен көктей. Тойда сен қалай болса солай, еркін жүресің, өйткені ол кәсіби сахна емес қой. Ән айтып тұрып, біреуге қолыңды көтере салуың да ғажап емес, не болмаса ақшаңды алып алғаннан кейін бір-екі әнді жүректі қоспай, жаныңды салмай жай әншейін бер жағыңмен орындай салуың мүмкін. Бір тойдан солай өтсең, екінші тойда да оны қайталайсың, тағы бір той солай жалғасады. Сөйтіп, біртіндеп-біртіндеп ақырын сол әдет бойға сіңе береді. Ол әдеттің өн бойыңды жайлап алғаны сондай, ақырында кәсіби сахнада да сен сондай кейіпке енесің. Қазір эстрада әншілерінің тойда жүрген бейнесі мен экрандағы бейнесінде еш айырмашылық жоқ. Көпшілік экран алдында отырып алып та дарақыланып күледі, жартылай жалаңаш жүреді, әңгіме айтса, көпшілік тойда жүргендей қолын сілтелеп, эфирдің мәтінін бұзады. Эстрада әншілерінің басым көпшілігі бейәдеп әрекетке еті өліп кеткен, той олардың кәсібилігін құртты. Кәсібилік, мәдениет Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты аға буын өкілдерінде қалды. Одан кейінгі буында мәдениеттің иісі де жоқ. Эфирге келіп алып, талтайып отыратындарды да көріп жүрміз. Қайтесің, тойда талтаңдап, тайраңдап жүріп үйреніп қалған. Кеңес заманында тойда жүретін әншілерді эфирге шығармайтын болған. Қазір керісінше, кім тойда көбірек жүріп, мол ақша жинап алса, оған эфирге жол ашық. Өнерді өсірмейтін, дамытпайтын осындай жайлар. Ал өнер дамымаса, халық қайдан алға жылжиды? Сол себептен хабарласушылар көп болса да, өзім тойдан қашамын. Өйткені мен кәсібіме адалмын, өнерге ақша табу үшін келген жоқпын, дипломды тойға шығу үшін алғаным жоқ. Өнерге қазақтың тарихында Біржан, Ақандар сияқты атым қалсын, халықтың рухани жан дүниесіне азық болатын затым, өскелең ұрпаққа өнеге болатын ізім қалсын деп келдім. Егер мен тойларға жиі барып, ақша жинауды мақсат етсем, қазіргідей Астанада төрт баламен пәтер жалдап жүрмес едім. Бірақ менің мақсатым – қазақтың өнеріне қызмет ету, руханиятына үлес қосу. Қазақтың киелі құндылықтарын кір шалмаса екен деймін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button