БілімМәслихат

Ерлан Сыдықов, Астана қаласы мәслихатының депутаты: Бас қалада білім алу – бір бақыт

Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан жастар көп тоғысатын шаһарға айналып отыр. Бас қалаға білім алуға, сонымен қатар, жұмыс істеуге келетін жастардың қатары жыл санап арта түсуде. Сондай жастардың басын қосқан оқу ордаларының бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық универ­ситеті. Біз бүгін осы оқу орнының ректоры, Астана қаласы мәсли­хатының депутаты Ерлан Сыдықов мырзаны әңгімеге тартқан едік.

KBB_5712

– Елбасының бастамасымен ашылған Еуразия Ұлт­тық университеті елордамыз­дағы ең үлкен оқу ордасы саналады. Мұнда қанша студент білім алады?
– Бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде 17 мың студент оқып жатыр. Еліміздің бас қаласында білім алып жатқан жастарды шын бақытты деп есептеймін. Олар осында өткен төрт жылда қос дип­ломды қатар алып шығады. Бірі – жоғары оқу ордасында алған мамандығын растайтын құжаты болса, Астана төрінде өткен оқиғалардың тәжірибесі мен өнегесі де молықтырып, көңілге түйіп қайтады. Өйткені, біздің студенттеріміз саяси қоғамдық өмірі қайнап жатқан ортада қалыптасуда. Мұның бәрі үлкен – мектеп. Елордаға тау­дай талабы бар, өзіне сенген талантты жастар ғана келеді. Үш тілде еркін сөйлейтін біздің жастарымыздың белсенділігі жоғары болып, қатарынан озық тұруының бір себебі Астана қаласының статусына да байланысты. Олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап, талабын ұштай білуіміз керек.
– Сіз бірнеше жыл қата­рынан Жергілікті басқару органының құрылымы – қалалық мәслихатқа депутат болып сайландыңыз. Сол тәжірибелеріңізбен бөлісе отырсаңыз.
– Жалпы саны 15 жыл мәс­лихат депутаты ретінде, жер­гілікті басқару жұмысына араласып келемін. Алдымен үш шақырылым бойынша Шығыс Қазақстан облысында және Астана қаласының қалалық мәслихатына екі шақырылым бойынша қалалық мәслихат депутаты болып отырмын.
Осыдан бірнеше жыл бұрын қандай мәселелер қойылушы еді? Қазіргі күнгі сайлаушыларымызды нендей сұрақтар мазалап жүр? Айырмашылығы жер мен көк­тей. Бұрындары жылу мен су, отын-көмірдің тапшылығы, жалақы, зейнетақының дер кезінде төленбеуі әр сессияның күн тәртібінен түспейтін. Күрделі кезең артта қалып, бұның бәрі шешілгелі қашан. Бүгінде тұрғындар аулалар мен көшелердегі жасыл желектің күтімі, жолдарға бағдаршамдар орнату, қоғамдық тәртіптің сақтау мәселелеріне мән береді. Бұрындары тұр­ғын­дарымыз сұрақтарын төпе­леп, депуттардың ізіне шам алып түсетін. Қазір халықтың белсенділігі саябырсыған. Себебін сұрасақ, «күйіп тұр­ған шаруа жоқ» деген жауап естиміз. Ал, өзге қалалардан озық тұрған, үлгілі шаһардың даму бағдарламасында барлық жағдайлар бүге-шүгесіне дейін қамтылып, мәселенің ұсақ-түйегіне дейін бәрі қала басшы­лығының назарында тұр.
– Дегенмен, халықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартудың шегі болмайтын болар?
– Әрине, қала аумағы артып, тұрындардың да саны мил­лион­ға жеткенде жергі­лікті атқарушы органдарға қойы­латын талап­тың салмағы да артады. Қазірде ескі үйлерді сыру мен көлік­тердің тұрағы – бірінші кезекке шығып тұр. Аулаларды абаттандыру, оны спорт пен демалыс алаңқайларына айналдырып, салауатты өмір салтын қалып­тастыру қажеттілігін сезінеміз.
Неше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан автокө­ліктердің тұрағы мәселесі қала бойынша басты мәселе деп едім. Бір жағынан алсаңыз, жеңіл көліктердің көбеюі ха­лықтың ауқаттылығын біл­діреді, екінші жағынан қала көшелеріндегі кептеліс авто­тұрақтар мәселесін алға шы­ғарды. Тұрғын үйлердің алдын
бер­мейтін жеке көліктер жедел жәрдем, өрт сөндіруші тағы басқа қызметтердің қозға­лысына қиындық тудырып отыр. Бұл мәселені шешу қала бас­шыларының басты назарында. Инвестиция тарту арқылы авто­тұрақтар салынып, жаңа орындар ашылған кезде бұл мәселе де күн тәртібінен түседі деп ойлаймын. Айта кету керек, батыстың мегақалаларының тәжі­рибесі зерттеліп жатыр.
– Қаланы салғанда болжам­дағы біраз жылдан кейін ғана 300-400 мыңға жетеді деген халық саны қазір миллионға жетеғабыл, бұл шегі емес. Ендеше, миграцияның мәселелері қордаланатын болар?
– Жыл сайын 40 мыңға жуық адам Астанаға келеді екен. Олардың барлығының әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Алған білімі, мәдениеті мен дүниеге көзқарасы сан түрлі болса да жиналып келіп, астаналық менталитетті қалыптастырады. Ендігі жерде мониторинг жасап, қаншама адам қайдан келді, оның жергілікті ортаға қандай әсері бар, олардың күшін қала дамуына қалай жұмылдырамыз деген зерттеулер жүргізу керек. Жалпы астаналық қалалардың өзгешілігі болады. Мұнда халық жан жақтан жиналады. Келген жерлерінің мәдени өзгешіліктерінің бір бөлшегін алып келеді. Осыны ескере отыра ортақ бағыттағы қалалық менталитетті қалыптастыратын идеология ойлап тауып, аста­налықтарды тұтастыра білуі керек. Елордамыздың бұрын­нан қалыптасып қалған моно­қалалардай емес, өзгешелігі бар дейтінім сондықтан.
Қала тұрғындарының қауіп­­сіздігі көбімізді ойландыратыны анық. Бұл ретте бейнекамералар құқық бұзу­шылықтың алдын алып, қауіп­сіздік шараларын біршама жетілдіріп отыр. Қазір әрбір аулалардағы, үйлердің кіре­берісіндегі бейнекамералар орталықтандырылған полиция қызметінің құзіретіне беріліп, барлық жағдайлар қырағы тексеріліп отырады. Құқық бұзушылық азайды, дегенмен «нөлдік шыдамдылық», яғни тұрғындар белсенділігінің қыл­мыс санын қысқартуға тікелей әсері бар.

OLYMPUS DIGITAL CAMERA
– Білім беру саласының маманы ретінде орта білім беру орындарының жұмысы қандай деңгейде деп айтасыз?
– Оқушылардың білім шам­шырағы – мұғалім екені белгілі. Еліміздің бас қаласында ұстаз­дарды даярлайтын педаго­гикалық оқу орыны жоқ. Бұрындары болған бұл оқу орыны Еуразия университетіне қосылды. Алайда, университет зерттеу орталығы болған соң орта мектеп мұғалімдерін дайындауға мүмкіндігі жоқ әрі тиімді де емес. Меніңше, бұл мәслихатта қаралып, арнайы оқу орынын ашу өмір талабы деп есептеймін.
Бүгінгі күнге дейін, өзге өңір­лерде даярланған маман­дар ұстаздық етіп келеді. Жүйе бір болғанмен, өзіне тән түйінді тұстары бар. Ал аста­налық білім берудің өзіндік үлгісін қалыптастыратын, осы қалада өсіп-жетілген ұстаз­дардың да біліктігі ерекше бола­тыны белгілі. Мұның әлеу­меттік жағы да бар. Елордада педа­го­гикалық білім алып ұстаздық жолын осы жерде бастаған тұрғылықты адам болса, оны үй-жаймен қамтамасыз етудің қажеттілігі жойылады.
– Айналып келгенде, жастар үшін әлі де талай жұмыстар атқарылуы керек дейсіз ғой?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын әріптестеріміз бірлесе әлеу­мет­тік жағынан аз қамтылған сту­денттердің қоғамдық көлікте жүру жолақысына жеңілдіктер қарастырған болатынбыз. Бұл мәселе шешілді, енді жалпы студенттердің қоғамдық көлікте жүру ақысын қайта қарау мәсе­лесін шешу керек сияқты. Айта кету керек, мәдени спорт меке­мелері жұрттың бәріне қолжетімді емес. Жастар кинотеатр­ларға барғысы келеді, бірақ оның да бағасы арзан емес. Астана – жастар қаласы. Олай болатын болса, сол қаланың болашақ иелері жастарға бүгіннен бастап жағдай жасалуы керек.

Әңгімелескен Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button