Жаңалықтар

Ерлік сабағы

Астана қаласындағы  №59 мектеп-лицейде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ерліктің де, еңбектің де медалі бір металдан құйылады!» атты патриоттық сабақ  өтті. Арнайы сабаққа Ұлы Отан соғысының тыл ардагерлері, Ауғанстан соғысына қатысқан жауынгер-интернационалистер, зейнеткер ұстаздар және мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

Астана қаласы мәслихатының депутаты Зәуре Жүсіпова басқаратын мектеп-лицейде жас ұрпақты отандық патриотизмге тәрбиелейтін шаралар жиі ұйымдастырылатынын алдымен айтқымыз келеді. Осы оқу  ордасында жұмыс жүргізетін «Сұңқар» патриоттық клубы мен «Әкелер одағы» ұйымының тәжірибесі тек  қалаға емес, республикаға танылып отыр.

Жақында өткен арнайы сабақ та қатысушыларға тағылым бергені айқын. Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мария Тикенова жүргізген сабақта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Мемориальная зона» іздестіру тобының жетекшісі Майдан Құсайынов Ұлы Отан соғысына қатысты мазмұнды мағлұматтар айтса, Астана қаласындағы Ресей мәдени- ғылыми орталығының бөлім жетекшісі Светлана Петрова, жауынгер-интернационалист Жанкелді Мақашев, еңбек ардагерлері Ирина Черных пен Рысты Айтмағанбетова, «Сұңқар» патриоттық клубының жетекшісі Жанболат Хайрулин өз ойларын ортаға салып, оқушылар танымын жаңғыртты.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап әсерлі шара ұйымдастырған тәжірибелі мұғалім Мария Тикенова мен оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Камила Жапинаға  шақырылған қонақтар алғысын білдіріп, мектеп қабырғасында жүргізіліп жатқан патриоттық-танымдық жұмыстардың сәтімен жалғаса беруіне тілек қосты.  Оқушылардың санасына аға ұрпақтың ерлігін сіңіріп, отансүйгіштік рухтарын шыңдаған тағылымды шара шағын концертпен тәмамдалды.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button