ИмантаразыСұхбат

Ершат ОҢҒАРОВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі, исламтанушы, PhD докторы: РУХАНИ ИММУНИТЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУЫМЫЗ ҚАЖЕТ

Ершат-Онгаров

– Ершат аға, тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жинаған жыл­дары ел ішін асыл дініміздің атын жамыл­ған ағымдар дендеп кетті. Осы ағымның салдарынан жаста­ры­мыз жік-жікке бөлініп жатқаны да рас. Тәуелсіздігіміздің баянды болашағына жауапты жас­та­ры­мыз­дың рухани һәм дүнияуи да сауатты болып қалыптасуы үшін не істеуге болады?

– Өкінішке қарай, қазіргі таңда халықтың дінге қызығушылығы жоғары болғанымен, діни сауаттылығының төмендігі оң-солын танып үлгермеген жастарымыздың деструктивті топ­тар­­дың­ жетегінде кетуіне себеп болып отыр. Осы қызығушылықты пай­да­лан­ған­ көптеген теріс пиғылды ағымдар азаматтарды өз қатарына тартып, жал­ған уағыз айтып, тіпті, өз халқына, мем­ле­кетіне қарсы қойып жатқан тұстары да жоқ емес. Жалпы, діни экстре­мизм­нің аймақтарға таралуына себеп бола­тын бірнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Солардың бірі – халықтың діни сауатының төмендігі. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Бұл жерде Абайдың иманды «яқини» және «тақлиди» деп бөліп қарастыруы өзекті болуда. Мұның біріншісі – танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын иман. Екіншісі – діннің рухани құндылықтарына терең бойламастан, дін жөнінде әңгіме айтқан кез келгеннің сөзіне еріп, «пәленше солай деді, түгенше былай деді» деген надандықтан шыққан соқыр сенім, үстірт наным. Бұл қазіргі қоғамға тән діни сауатсыздықтың көрінісі, діни радикалданудың себебі болып отыр. Халық арасында дінараздық салуды қалаған кез келген деструктивті ағымның негізгі мақсаты – «Таухидті» желеу етіп, дінге сенуші жамағатты ұлттық құндылықтарға негізделген дәстүрлі исламға қарсы қою. Осылайша қоғамда діни экстремизмнің алғышарттары орныға береді. Ғаламтордағы деструктивті сайттардың ортақ ұраны – «Таухид – бұл мақсат, ал жихад – оны жүзеге асыру жолы», «жихад – әркімнің жеке міндеті» деген идея. Бұл пікір ашық немесе жасырын түрде мейлінше белсенді түрде таратылады, таңылады. Өткен жылы ҚМДБ-ның төрағалығына бас мүфти болып Ержан қажы Малғажыұлы келісімен қолға алған маңызды шара­лардың бірі – осы деструктивті топтардың алдын алу болды. Елдегі діни ахуалдың жай-күйі туралы мониторинг жасалды. Осыған сәйкес, арнаулы өңірлік және республикалық ақпараттық-насихаттық топтары (РАНТ) құрылып, жылдық жұмыс жоспары бекітілді. Ол топтарға еліміздегі білікті, білімді 30-ға жуық имамдар мен исламтанушылар топтас­ты­рылған. Мәселен, наурыз айының 11-15 күндері аралығында еліміздің 9 өңірінде РАНТ халықпен кездесіп, діни экстремизмнің, деструктивті топтардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бір ғана Астана қаласында әртүрлі маңыздағы 24 нысанда 17 000 адамды қамтыған кездесулер болды. 2011 жылы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының қайта қабылдануы, еліміздегі дін сая­сатын реттейтін арнаулы Дін істері агенттігінің құрылуы, тіпті, жуырда ашылған «е-ислам» порталының өзі дінімізге жасалып жатқан қамқорлық деп айтуға болады. Жалпы, діни экстремизм мен терроризм – ғаламдық, жаһандық құбылыс. Бұл мәселеге қатысты Елбасымыз Н.Назарбаев биылғы Жолдауында: «Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс» деп, мәселенің шешімін заң аясында реттеуді басты назарда ұстайды. Ал, түптеп келгенде радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы күресу жұмысын мемлекет пен құзырлы органдарға немесе имамдарға ысырып тастамай, азаматтық қоғам болып, біртұтас шеп құрып, жұмыла атқарып, қарсы тұра білуіміз керек секілді. Сонда ғана тәуелсіздігіміздің баянды болашағына жауапты жастарымызды жамандықтан сақтай аламыз.

– «Отанды сүю иманнан» деп жатамыз ғой, жастарды ортақ мақсатқа, бір мүддеге біріктірудің тетіктерін айтып берсеңіз.

– Ең бірінші жастарымыздың мысық­ті­­леулі, деструктивті идеоло­гия­ларға төтеп бере алатын рухани иммунитетін қалыптастыруымыз қажет. Елбасымыз айтқандай, ішкі сүзгіні бойларына қалып­тастыра білуіміз керек. Ол сүзгі ең бірінші зайырлыққа негізделіп, тағаттылыққа, достыққа, үлкенді құрмет­теп, кішіге ізет көрсету секілді ұлт­тық құндылықтарға негізделуі шарт. Сон­дай-ақ, жастарды біріктіретін ортақ идеялар керек.­ Осы мақсатта хазретіміз Ержан қажы­ Малғажыұлының бас­та­ма­сымен ҚМДБ ішінен арнайы Жастар ісі бөлімі құрылған болатын. Қазіргі таң­да­ атал­мыш бөлім белсенді жұмыс атқаруда.

– Бүгінде асыл дініміздің баба дәстүрімен біте қайнасқанын біз айтып отырған ағым жетегіндегі жас­та­рымыз мойындай бермейді. Құран мен сүннетке қайшы кел­мей­тін­ әдет-ғұрыптарға шариғаттың тыйым салмайтынын қысқаша айтып өтсеңіз.

– Мұсылман діні халық санасынан орын алып, шариғат негізіне қайшы келмейтін дәстүр мен әдет-ғұрып­тар­дың күнделікті өмірде қолданыс табуына мүмкіндік беріп, қазақи мәдениеттің қалыптасуына септігін тигізеді. Ислам дінінде мынадай қағида бар: «Егер кез келген халықтың салт-дәстүрі исламға қарама-қайшы келмесе, оны ұстануға болады». Мысалы, шариғат салт-дәстүрге сай киімдерді киюге рұқсат етеді. Қазақтың мақал-мәтелдеріне, ауыз-әдебиетіндегі жыр-дастандарға үңілсек, оған исламдағы шариғат заңдары арқау болғанын көреміз. Осының бәрі қазақтың исламды терең ұстанғанына дәлел етеді. Ислам діні қазақ арасында тұрмыстық деңгейде ғана қалған жоқ. Мемлекетті басқаруда, іс жүргізу сияқты мем­ле­кет­тік идеология деңгейінде қолда­ныл­ды. Тіпті, қазақ даласындағы про­цесуал­дық кодекстер Исламдағы қылмыстық іс жүргізу заңдарына сүйенген. Мысалы, «Жеті жарғыны» алсақ, көптеген тұстарының ислам заңынан алынғанын байқауға болады.

– Діни басқармамызға қарасты 22 ресми сайт бар, Ханафи мазхабы негізінде қаншама кітаптар да жарық көріп, көпшілікке жол тартуда. Одан қалса, мешіттерімізде сауат ашу курстары жұмыс істеуде. Қарап отырсаңыз, азды-көпті істер атқарылып жатыр. Дегенмен, жас­тар ұстаздарын интернеттегі «шейх­тар­дан» іздеуінің себебі неде?

– Қазіргі жастарымыз ғаламторды ұстаз қылып алғаны шындық. Мұның себебі, елімізде рухани ұстаздардың жоқ­ты­ғында емес. Керісінше, жас­тар­дың жал­­қаулыққа бой алдыруларында деп білемін. Діни білімді мешіттегі имам­дар­дан сұрауға немесе мешіттегі сауат ашу курстарынан тәлім алуға әдетке айналдырмаған жастар жеңіл жол іздеп, ғаламторды ақтарады да мар­ги­налды мәліметке жолығады. Сон­дық­­тан да әрбір технологиялық жаңа­­лық­ты жұмысымызға оңтайлы пайда­лана білуіміз шарт. Аллаға шүкір, ғаламтор кеңістігін меңгеруде қазіргі таңда қалыс қалып жатқан жоқпыз. Ақпараттық кеңістікте  жастарды дәс­түр­лі дінге шақырып келеміз. Дәстүрлі ислам тағылымын дұрыс әрі заманға сай ыңғайда ұсынуға талпынудамыз. Мәселен, жұма уағыздарында айтылатын уағыздарды ресми сайттарымыз, әлеуметтік желілер арқылы бұқараға ұсынамыз. Жақында ғана тұсауы кесілген ҚМДБ-ның «Hikmet.tv» теле­­­ра­­­дио­­студиясы арқылы дүйім жұрт­­­тың­­ діни деңгейін көтеру жолында қазір­­­дің өзінде біршама жұмыстар атқа­рылуда.

– Шариғатымызда ілім үйрену әрбір мұсылман баласына парыз екені айтылған. Бұл ретте интернет ресурстарын ілім алудың көзі ретінде қарай аламыз ба?

– Жалпы, діни ілімге ақпарат ретінде қарауға болмайды. Ислам дегеніміз – ізгі ілім, мәңгілік сарқылмайтын қазы­на, шалқар дария. Қазіргі таңда көп­теген жастарымыз базалық білім мен ақпараттың орнын алмастырып алған, соның нәтижесінде қоғамда кей­бір түсінбеушіліктер туындауда. База­лық білім дегеніміз – кезеңдік, сатылы білім алу жүйесі. Яғни, бастау­ыш білім – орта білімнің, орта білім – жоға­ры білімнің, жоғары білім ғылыми ізде­ніс­тің базасы болады. Сол секілді, шариғатты тереңірек біліп-тану үшін интернеттен алған ақпарат жеткіліксіз. Дін іліміне терең бойлағысы келген адам міндетті түрде ұстаздың алдында отырып, дәріс тыңдап, оны қағазға жазып, көкейге тоқуы керек. Бұл бел­гілі бір жүйеге негізделуі тиіс. Құран кәрім­нің алғашқы аятының өзі пайғам­ба­ры­мызға «оқы!» деп түскен. Өз кезегінде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Білімді жазу, сызу арқылы байлаңыздар» деген хадисі еске түседі. Сол үшін ғылым мен технология қан­ша­лық­ты дамыса да, сандық технология басым болса да, адамзат өмірі үшін­ қаламсаптың маңызы еш уақытта жоғал­майды. Шын дін ілімін тереңдеп оқу­ды қалаған адам сол ілімді тер төгіп, жазып-сызбай үлкен жетістікке жете алмайды дегім келеді. Сол үшін менің қағидам – «Ұстазымыз – ғаламтор емес, ҚМДБ-ның білікті имамдары болсын!»

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Жайық НАҒЫМАШ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button