Әлеумет

Ерте есейген

Елордалық еңбек ардагері 85 жасқа толды

Ел ағасы Тұрсынбай Ахметұлы балалық шағын былай деп еске алады: «Жас кезімде, жетім қалып, кішкентай кезімнен бастап бір үзім нанға зәру болып, талай түндерді, күндерді аш-жалаңаш өткізіп, қиындықты көріп, соғыс кезінде жас баласың деп қараған ешкім жоқ, анаммен бірге ұжымшар жұмысына ерте араласып, еңбек еттім».

1939 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданының Мұстафа Шоқай кеңшарында Тұрсынбай Ахметұлы дүниеге келді. Кішкентай кезінен же­тімдіктің дәмін татып, бір татым нанға зәру болып, талай түндерді, күндерді аш-жалаңаш өткізіп, қиындықтың зардабын көрді.

Ол 1941-1945 жылдар ара­лы­­ғындағы соғыс 5-6 жастағы балаларды ерте есейтіп, анасымен бірге құрбы-жолдастарымен бірге, кеңшар жұмысына ерте араласып, жаңқиярлық еңбекпен жұмыс істеді.

Тұрсекеңнің осы өмірін естіп, сол соғыстың алдында туған балалардың өмірін көз алдыңа елестетесің. Әр өңірдің өз ерекшеліктері бар…. «Бір дәуірдің өсіп жеткен жастары едік»… демекші өлеңде.

Бұл кісімен замандас бол­ғаннан кейін, өмір жолдарымыз ұқсас. Ол кісі балалық шағында Қызылорда өңірінде күрмек тазалап, тары терсе, Солтүстіктің жастары масақ жинап, картопты арамшөптен тазалаған. Қырманда еңбек етіп, малды күту шөп дайындауға қатысу, жүн қырқу т.б. жұмыстар өңірге ортақ шаруа болды. Тұрсекең айтқандай, ұжымшарда еңбек етсек жеңісті жақындатуға тырыс­тық, үй шаруасына аралассақ, күн көрудің шарасы болды.

Тұрсынбай замандасым осы­лай қиындықта жүрсе де, білім алуды ұмытқан жоқ. Мектепті ойдағыдай аяқтаған ауыл баласы үш жылдай шаруа­шылықта еңбек етіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында ауылшаруашылық институының мехфакультетін бітіріп, инженер мамандығын алады. Содан еңбек жолына араласып, кәсіптік техникалық училищеде, жол саласында, газ шаруа­шылығында, коммуналдық шаруашылықтарда қатардағы инженерден бас директорлыққа дейін көтеріледі. Осы салаларда абыройлы отыз бес жыл еңбек етеді. Оның көрсеткіші «Еңбек ардагері» медалі, Қазақстанның Құрметті «ЖКХ қызметкері» белгісі, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» т.б.

марапаттары. Одан кейін бес жылдай қала әкімінің кеңесшісі, бірнеше мәрте қалалық, облыстық дәрежедегі депутаттығы.

Тұрсекең өмірінің елу үш жылын Отанына адал қызмет етуге арнаған. Осылай абыройлы қызмет ету отбасындағы жағдайға алаңдамаудан туады. Оны алаңдатпайтын – жанындағы сүйіп қосылған зайыбы. Сондай адам бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Мәрия Жүсіппекқызы. Бұл кісі жұбайының жауапты қыз­метте екендігін түсініп, ұстаз, сауда қызметін тастап, үй шаруасымен айналысып, балалары дұрыс тәрбиеленіп, жақсы азамат болуына күш салуы. Соның нәтижесі – ұл баласы Ғалымжан әскери қыз­меткер болса, Ғалиясы «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқуы, ал Гүлсімі Нархозды бітіріп, банк саласында абыройлы қызмет атқарып жатуы.

Тұрсынбек ақсақал институтта жерлесі, ұзақ жыл жоғары партия-кеңес қызметінде болған Сейілбек Шаухаманов­пен бірге оқыпты. Қызылорда облысын басқарған басшылардың ішінен жақсы лебіз білдірген кісілері Бердібек Сапарбаев халыққа жақын болды десе, Еркін Әуелбековтің іскерлігін, талапшылдығын, тәртіпті ұнататындығын тілге тиек етті.

Тұрсекеңнің ұзақ жылғы адал еңбегін ескеріп, облыс басшылары мемлекеттік марапатқа ұсынып, Прези­ден­тіміздің Жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері ата­ныпты. Мінеки, елге істеген еңбегің елеусіз қалмайды деген осы.

Тұрсынбек Ахметұлы бүгінде өткен ғасырдың аяғынан «Аманат» партиясының, Ас­та­на қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі болып, қо­ғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ.

Менің кейіпкерім – бәйбішесімен тоғыз немереге және бір шөбереге ата-әже болып, ұрпақтарының аман-саулы­ғын, елінің тыныштығын, өркендеуіне қуанып отырған қария.

Замандасым, өзіме не ті­лесем, сізге де соны тілеймін. Айтарым, ел Президенті ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа, адал, әділ бағдарламасы іске асып, заңымыз үстем болып, тәртіп нығая берсін демекпін.

Ұрпақтарымыз өз салаларында еліміздің қуатты болуына, халқымыздың бай болуына, үлестерін қосуларына Алла Тағала жар болуын тілейміз! Ең жоғарғы баға – ол сіздің отбасыңыз! Өскелең ұрпағыңыз­дың төрінде, шаңырағыңыздың шаттығында, бақытты күндеріңіз ұзағынан болуына тілектеспіз! Әрқашан көптің сыйлы ортасында құрмет пен қошеметке бөлене беріңіз! Ғұмырлы жастың иесі болыңыз!

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
«Құрмет» орденінің иегері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button