Жаңалықтар

Ерте есейген қыз

Ақпандағы аза

Қасқалдақтың қаны қаншалық тапшы болса, бұл кезде елде сауатты адам та соншалық аз еді. Сондықтан, кеңшардың бар шаруасы қолынан өтетін Бекзада баласының жанында ұзақ отыра алмады. Бір күні аяқ астынан шақырту келді де, Бақтиярын енесіне қалдырып, жұмысқа шығып кетті.
Бекзаданың жаңа бастаған шілтерін аяқтауға да мүмкіндігі болған жоқ.
Қарбалас жұмыс, қысқа дайындық тізе бүгуге оның мұршасын келтірмеді. Жұмыстан келсе, үйде – кішкентай сәби. Оны емізіп, жаялығын жуып-шаю және бар…
Осылай күндер өтіп жатты. Баяғы бітпей қалған шілтері Бекзаданың қолы тиюін күтіп, төсегінің басында ілінген қалпы тұра берді.
Ұзамай қыс та келіп жетті… 1951 жылдың соңы еді. Мойнына үкіметтің үлкен жауапкершілігі артылған Бекзада баяғыдай атты шанаға мініп, ауылдарды аралап жүре берді. Ұзақ-ұзақ жолдар… Алыс-алыс ауылдар… Таң ата шығып кетеді де, суықтан бет-аузы домбығып, кешке оралады. Келе сала, киімін ауыстырып, бойын жылытқан соң, бесікте жатқан баласын емізіп, аналық міндетіне кіріседі.

Сәл бұрынырақ Бекзада осылай жұмысбасты болып жүріп, өкпе ауруына шалдыққан. Сол аурудан айыққалы сағағынан үзілгелі тұрған гүлдей баппен, күтіммен ғана шыдап жүрген еді…
Бір күні ол жұмыстан тағы да мазасызданып келді. Енесі ем-домын жасап, барын істеп баққанымен, келінінің беті бері қарамады. Ертесіне бас көтере алмай, төсек тартып жатты да қалды. Ерні кеберсіген. Бет-аузы ісінген. Тіпті, екі бүйрегі істен шығып, бір тамшы зәр шығара алмай қиналып жатты…
Науқасты ауруханаға апарудан өзге амал қалмады.
Кетуге ыңғайланғанда Бекзада Молшадан жанына келіп отыруын өтінді. Әдеттегі темірдей төзімділігіне көшкен. Терең дем алып алды да, сөзін бастады:
– Апа, – деді демі үздігіп әрең сөйлеп, – мен әкеден де, шешеден де ерте айырылған едім. Жетімдер үйінде өстім. Тірі болса да, туған сіңлімді көре алмай зар болып жүрмін. Жазған хаттарыма да жауап ала алмай-ақ қойдым. Бірақ, менен жақсылығын аямаған бір жер болса, ол – балалар үйі. Әкем аштықтан зорығып, қиналып жүргенде де жетімдер үйіндегі біздің жағдайымыз жаман емес еді. Балалар үйі киімімізді көк, тамағымызды тоқ қылып өсірді… Айтайын дегенім… егер… егер маған бір жағдай бола қалса…
Әрі қарай тыңдап отыруға дәті шыдамаған Молша көзінен жас парлай келінін құшағына тартып, басынан сипады:
– Жетеді, қызым! Олай айта көрме! Сен тәуір боп кетесің. Әлі-ақ орныңнан тұрып, шауып жүресің. Алайда, бұл сөз Бекзаданың кеудесіндегі үміт отын жаға алған жоқ. Дерт індетіп, бар болмысын, рухын билеп бара жатса керек, ол сөзін қайта жалғады:
– Мен олай-бұлай болып кетсем, екі баламды балалар үйіне беріңіз! Олар… өлтірмейді!..
Молша аузын орамалының ұшымен басты да, үнсіз жылап, теріс айналды…
Басқа амалы қалмаған Ділдә сол күні әйелін шанаға жатқызып, аудан орталығындағы ауруханаға алып кетті.
Күндер бойы Бекзада бас көтермей, аурухана төсегіне таңылды.
Молша ана үйде отырып, келінінің амандығын тілеумен болды.
Күләш та күнде бесікте жатқан інісін тербетіп, бала уатады. Анасының жарқырай күліп, үйге кіріп келер сәтін аңсайды. Тезірек жазылып, қастарына оралуын, баяғыдай мандалин тартып, үйді көңілді кешке айналдыруын асыға күтеді.
Күләш бұрын да осылай анасының жолын күтетін. Бірақ, Бекзада күн ұзаққа үйде болмаса да, әйтеуір кештете келіп, балаларын қуантушы еді. Кешке апасы Молша дайындаған дәмді тамақты ішіп, бәрі бір дастархан басында қауқылдасып отыратын. Ал, анасын сағынып қалған Күләш болса оны арқасынан қапсыра құшақтап, еркелеп, жанынан шықпай қоймаушы ма еді…
Енді, міне, анасын сағынған қыздың кішкентай жүрегін ауыр мұң басты…
Бекзада ауруханаға жатқалы Молша мен Күләш күн сайын Ділдәнің жолына қарап отыратын болды. Ол таң ата жұбайының халін білмекке орталықтағы ауруханаға аттанады. Үйге қар кешіп, кештетіп оралады.
Молша ана баласының қас-қабағына қарап, келінінің денсаулығында ешқандай өзгерістің жоқ екенін сезсе де, жақсылықтан үмітін үзгісі келмейді.
– Бекзаданың халі қалай екен? – дейді ол «жақсы сөз айтшы» дегендей жалынышты жүзбен ұлына қарап.
– Бір қалыпты. Дәрігерлер «ес жиғанын күту керек» дейді.
Молша ауыр күрсінеді де, балаларға уайымын сездірмеу үшін зорлықпен ыңылдап ән айтқансып, ас әзірлеуге кіріседі.
Бұл көрініс осылай қайталанып жатты. Апасы мен әкесінің қас-қабағына, дауысына қарап, Күләштің да бойын үрей билей бастады.

* * *

Ақпан айы. Қыстағы сарышұнақ аяз шорт сынып, ақ ұлпа қар астынан ғана ери бастаған.
Қырғыз жері таулы болып келеді. Бұл күні таудың төбесі сұрғылт тартып, күн бұлттанып тұрып алды.
Күләштар тұратын Совет көшесі Кировканың шет жағы болатын. Үйге ауыл шетіндегі қалың тоғай қолмен қойғандай көрінуші еді.
Дәл осы күні аудандық аурухананы бетке алып таңертең ерте аттанған Ділдә ерте қайтып келе жатты. Көзі көргеннің көңіліне қорқыныш ұялататындай қары кетіп, қап-қара болып ағаштары сидиған қалың тоғай ішімен ол жалғыз келеді. Әдеттегіден бөлек, өкіріп жылап келе жатыр. Күңірене шыққан үні бүкіл қырғыз бен қазақ жеріне естілетіндей еді…
Ұлының қайғылы хабар ала келгенін сезген Молша да дауыс көтеріп жылай бастады…
Анасынан айырылғанын түсінген Күләштің сай-сүйегі сыздап, жүрегі қан жылап сала берді…

* * *

Бекзаданы жерлейтін күні аспан да бірге жылағандай жауын тамшылай бастады. Жерде ақ қар жатса-дағы бұл күндері табиғаттың өңі сұрықсыз тартып кеткен.
Келінінің қазасына қайғырып жоқтау айтқан Молша ананың зарлы үні шартарапқа тарап, сар даланың өзін күңірентіп жіберердей еді.
Бұл күні Күләштің үйінен ескі таныстарының, туған-туыс, тіпті, көптен көрінбей кеткен ағайындарының бәрін көруге болатын. Көршілес тұратын балалар да ата-анасына еріп, келіп алған. Араларында Күләштің өзі құралпы достары да бар. Олар бұған аяй қарайды. Баяғыдай құйрығын бұлғаңдатып, еркелеп, үй иелерінің бірін қарсы алып, бірін шығарып салып жататын Балтеке жоқ. Ол да өзінше қайғырғандай ұясына кіріп алып, шықпай қойған.
Күләш бір-ақ күнде есейіп, мойнына міндет артылғандай, бесік басынан кетпеді.
Жылап-сықтап, жұрт қалды да, ер-азаматтар жағы ақ шанаға Бекзаданы жатқызып, ақ қары кете қоймаған жол бойымен алып кетіп бара жатты.
Бұл жер – таулы. Ат пен шана болмаса, көлік ылдилап, жүре алмайды.
Бір кезде аспаннан жауған тамшылар жиілей бастады. Әлі көктем болмаса да, жас ғұмыры азапқа толып өткен, өмірден түк қызық көре алмай, небәрі жиырма жеті жыл өмір сүрген жас ана үшін табиғат та бірге жылап жатыр…
Ақындардың қиял атты қанаты болады екен. Қиын сәттерде, қайғы үстінде сол қанат қиял иесін көкке көтеріп, алып кететін тәрізді.
Алтыға аяқ басқан Күләш та осы сәт өзінің болашақ ақындық әлеміне алып ұшар қанатына мінді.
Ақ киізге орап, анасын ауыл ақсақалдары алысқа, туу алысқа жерлеуге алып бара жатқанда қиял әлемі оны қайғы атты тажалдан арашалап алды. Бәлкім, әлі бала болғаны үшін…
Күңірене Құран оқылып, анасының жаназасы шығарылып жатқанда қарлы қыс екеніне қарамастан, расында, Алланың жауған нұрындай болып, аспаннан жаңбыр жауа бастаған. Ақ ұлпа қардың бетін жұқа ғана мұз жапқан еді… Сырт-сырт тамған тамшылар көгілдір мұз бетінде тағат таппай, секіре түсіп, дөңгеленіп, ылди іздеп жатыр… Олар көздің жасындай мөп-мөлдір еді… «Беті көк мұз болғандықтан, ақ қарға сіңісіп, қонақтай алмай жүр. Тамшылар енді қайда барар екен?..»
Табиғаттың тылсымына сүңгіген Күләш жерге отыра қалды. Жанары жер бетінен байыз таппай жайылып жатқан тамшыларда…
Үйде бесіктегі інісі бір уанбай жылап жатқан…

Үшаралға оралу

Анасы қайтқалы Күләштің көңілі көтерілген жоқ. Бұлардың үйінде бітпейтін қайғы әні орындалып жатқандай еді. Күңіренген қобыз даусы, қаралы музыка алыстан талып естіліп тұрғандай болатын.
Үйдегінің бәрі көңілсіздіктен арыла алмады.
Молша да бұрынғыдай кешкі алтыда дастархан жайып, өзі пісірген дәмді тағамдарды тізіп, тойға қамданғандай дайындалмайтын болған.
Ділдә болса күнара арақтан ұрттап, сүйген жарының қайғылы қазасын ащы сумен «жазуға» ұмтылды.
Бесікте – бала. Молша оған сиырдың, ешкінің сүтін беріп, анасыз өмірге үйретуге әлектенді.
Бекзаданы сағынған оның достары, таныстары із суытпай, үйге келіп тұрды. Күләш жақсылық күтеді. Өйткені, үміт тірі еді. Анасының достары келіп отырса, «мені күтіп қалдыңдар-ау» деп, анасы да қайтып келетіндей сезінеді ол. Қайтыс болу дегеннің келмеске кету екенін кейде түсінсе де, ақша бұлттарға қарап, ақ мамасының ай жүзін бір көріп қалардай, сағына іздейді. Алыс-алыс жолдардан күтеді. Аспаннан іздейді, даладан іздейді… ол анасын.

* * *

Бекзаданың қырқын берген соң Молша келінінің киім-кешектерін, жеке заттарын іріктеп, туған-туыс, дос-жарандарына таратып берді. Күләшім анасының көзіндей көрсін деп, Бекзада қолданған қызыл тәрелке мен қысқа тонды және тоза қоймаған қызыл етігін бөлек алып қалды. Үйдегі жұмыс үстелінің астынан да біраз құжат, дәптерлер табылған. Оларды басқармаға өткізіп, арасындағы бір қойын дәптерді сақтап қойды. «Күләш әріп танығанда берермін» дегені…
Келесі күні Ділдәмен отырып, алдағы күндер жайлы әңгімелесті. Әдеттегідей емес, әңгіме ала таңнан басталды.
– Балам, біз тағдырдың аз ауыртпалығын көтерген жоқпыз. Әне бір аштық жылдары әкеңнен айырылдық. Ел татарға нәр таппай, қиналып жатқанда нағашыларыңа еріп осында көшіп келдік. Өзің де білесің, біз мұнда қалағанымыздан келгеміз жоқ. Басқа қатер төнгенде қу жанымызды шүберекке түйіп келдік. Мұнда жаман болған жоқпыз. Аллаға шүкір! Сен ер жеттің. Түтін түтеттің. Міне, алтындай ұл мен қызың өсіп келе жатыр.
Бұдан әрі әңгіме ауаны өзгерек болатын болған соң, жақсы сөзден жаңылғысы келмей қиналған Молша аз кідіріп қалды. Бірақ, амал не… Терең күрсіне дем алып алды да, қарт ана әрі қарай сөзін сабақтады:
– Мұнда келісімізбен аузымыз асқа жарып, әл жинадық дегенмен де, өзің білесің, біздің ең шуақты күндеріміз Бекзада барда өтіп еді… Адамның дегені болмайды, Алланың дегені болады екен. Біз енді сол асылымыздан айырылдық…
Молша осылай дегенде ішіндегі аһ ұрған жүректің өзекті өртеген жалынын сыртқа ата ауыр күрсініп алды. Аузынан дем емес, бейне от, жалын атылғандай…
– Бізге енді қырғыз жерінде не бар. Жақсылықтары құдайдан қайтсын. Мына балалардың болашағын ойлау керек! – деді апасы. – «Есің барда, еліңді тап» дегендей, атажұртымызға жетіп алайық.
Ділдә бесіктегі балаға бір, Күләшқа бір көз салды да, үнсіз ғана басын изеді. Бірақ, «осы жерде тұрып та балаларымыздың болашағын ойлауға болмаушы ма еді?» деген сұрақ тұрғандай еді көзінде. Әйтеуір Молша Ділдәнің бірден «жөн екен» деп, тіл қата қоймағанын солай топшылады.
Молша ұшқары ойлап, ұшып-қонып жүре беретін адамдардан емес-ті. Қыз күнінде де ондай болмаған. Ал қазіргі бар ойы – Алладан тілеп жүріп өзі қалап алған сүйікті келіні Бекзаданың аманатын ақтау. Жо-жоқ, балаларды Бекзада айтқандай, балалар үйіне апарып өткізе салу емес. Керісінше, оларды анасы қалағандай көйлегі көк, тамағы тоқ, сауатты адам етіп өсіру. Балалардың жарқын болашағын қамдау.
Шынында да, Бекзада ауруханаға кетерінің алдында енесіне соңғы сөзін айтып отырып: «Екі баланы балалар үйіне беріңіз» деген. Мұнымен оның алда-жалда балалардың әкесі үйлене қалса, екі жетімек түртпекке тап болмасын, қараусыз қалып қоймасын, ешкім оларды жетім екен деп көзін шұқымасын дегісі келген еді. Содан кейін сауат ашып, білім алып, көштен қалмай өмір сүрсін деген ниет болғанын да Молша бірден ұғынған. Бесіктегі сәби мен сүп-сүйкімді қызын еркелетіп, ойнатпай, олардың жұпар иісіне қанбай кетіп бара жатқан ананың өзегін өртеген өкінішін сезінген… Бекзада көз жұмған күннен бастап, сол соңғы сөз Молша ананың құлағында жаңғырып қалды. Мойнына артылған аманат еді ол.
Екі ботақанның өмірі мұның жатса-тұрса ойлайтын мұңына айналған. Бірақ, өзінің оларды балалар үйіне өткізбейтініне титімдей де күмәні болған жоқ. Ал енді балалар үйіне бермейді екен, оларды ешкімнен кем қылмай өсірудің жауапкершілігін арқалайды. Молша ана оны да жақсы сезінеді…
Сонымен сөз бітті. Молша мен Ділдә қырғыз жерінен атамекеніне көшудің қамына кірісті.

* * *

Мұң басқан сұрықсыз күндерден жалыққан бала Күләш әжесі көп айта беретін Үшарал деген ауылға баруға асыға берді. Мына үйді тастап, басқа жаққа көшіп кетсе, анасы алдынан күтіп алардай, анасымен қауышардай сезінеді…
Жаз шығып, күн жылығанда Молша көрші-қолаң, ағайын, ел-жұртқа үйден дәм татқызып, буып-түйген дүниелерін арбаға тиеді.
Бұрындары ақ гүлдердің арасында әппақ болып тұратын бұлардың үйі бұл кезде қоңырқай тартып кеткен. Бекзада қайтқалы осы үйге келіп, кір-қоң жуып, қолғабыс етіп жүрген Алтын деген әйел болғанымен де, үйдің бұрынғыдай шырайы кіре қоймаған.
Күләштің ешкімге көз тоқтатып қарағысы келмеді. Жанары жасқа толып кетіпті. Алты жасар баланың емес, есейген есті кісінің көзіндей мұңлы, шерлі…
Жұрт бірі жылап, енді біреулері ақ тілегін жаудырып, қимастық танытып жатыр.
– Ал, жүре ғой, Күләжан, кетеміз! – Молша ана соңғы түйіншекті көтерген күйі кішкентай Бақтияр жатқан арбаға қарай бет алған.
Күләш қозғала қоймады.
Қоштасу мұншалық қиын болар ма?.. Осында ең бақытты күндері, балалығы қалып бара жатқаны есіне енді түскендей. Булығып әрең тұрған Күләш үйдің жанындағы баяғы гүлдердің орнына өсіп кеткен көк шөптің үстіне жата қап еңіреп жылады. Туған үйін қимай, ботадай боздады. Көрген жұрттың көңілі босады.
Өз-өзіне берік Молша ана да көз жасы мөлтілдеп балаға қарай жүгірді…

* * *

1952 жылдың маусымы. Таңертең Жамбыл облысымен іргелес жатқан Қырғызстанның Кировка селосынан шыққан жолаушылар тау жоталарын бірінен соң бірін артта қалдырып, алға басып келе жатты. Жо-жоқ, жәй жолаушылағандар емес, көш еді бұл. Шағын бір отбасының көші. Сонау қазақтың басына түскен зобалаң жылдары жел айдаған қайықтай болып, жан сақтау үшін қырғыз жеріне ауып кеткен бейбақтардың көші.
Бұл көш, расында да, баяғы көш емес. Әрқайсысының жанында – жара, жанарында – мұң, жүрегінде дерті бар. Уайымы әлі тарқамағандардың көші бұл. Алда не өмір, тағы қандай азап күтіп тұрғанын өздері де білмейді. Бірақ, қуаныштан, шуақты күндерден үміттенеді. Әйтеуір білетіні, атақонысқа, ел ішіне бара жатыр. Өз елім өзектен тебе қоймас, бауырына тартып, барын аямас деп сенеді.
Бұл көштің үлкені – «қасіретке бой бермеймін» деп, ұрпақ үшін қайратына мінгендікті ұқтырып, өмір айғыздаған әжімді жүзінде жанары оттай жанып тұратын Молша ана. Жастығын уақытқа ұрлатқанын, жалғыз ұлды қайтсем де әдібұлыққа жеткізем деп жүріп жасының елуге де таяп қалғанын жасырғысы келгендей, ерте ағарған шашының бір талын да шығармай, жаулық астына бүркеп алыпты.
Арба үстіндегі Молшаның алдында кішкентай Бақтияр пырылдап ұйықтап келеді. Күләш ұйқылы-ояу, даланы, баяғы әдетінше табиғат ғажайыптарын тамашалап, тоймайды.
Тау мен дала, әртүрлі ағаштар – Күләштің жанын қуаттандырар қайнары сияқты. Көз салса болды-ақ, әлемнің бәрін ұмытып, жаны жадырап сала береді. Ойы тереңге тартып, бәрін-бәрін ұмытады.
Жол тізгінін ұстап отырған адам, ол – Ділдә. Анасының айтуы бойынша бағыт ұстанып келеді.
Егдерген анасы бар, еңбектеген баласы бар – алты адам мінгескен ат-арба бірнеше сағат жүрген соң ежелгі Әулиета жерінің қақпасына келіп тоқтады. Енді жалғыз қадамнан соң Күләш өз Отанына, атамекеніне келіп кірмек. Әдетінше, Молша «биссімілләсін» айтып, ішінен дұғасын оқи бастады… Жиырма жыл бұрын дәл осы жерден бес жасар баласын жетектеп, қу сүлдері сүйретіліп өткен…
Молша маңдайындағы қатпары тереңдей түсіп, бір күрсініп алды. Сөйтті де, туған жерден қуат алғандай болып, еңсесін тік көтеріп, Ділдәға алға басуға ишара білдірді.

Ақынның бой көтеруі

Күләш жетінші класта оқып жүрген. Жаңа мектеп, жаңа орта… Баяғы бірге оқыған достарын сағынып, көңілі құлазыса да, балалық өміріндегі барлық өзгерістерге көндігуге мәжбүр.
Бірде өмірінің жаңа белесін ашқан мынадай жағдай болды. Қазақ тілі мен әдебиеттен Мәдина Зәріпқызы деген мұғалім сабақ беретін. Математика, физика пәндеріне мықты болмаса да, Күләш бұл сабақтар бойынша алдына жан салмайтын еді. Әсіресе, әдебиет – болашақ ақынның сүйікті пәні.
Бір күні мұғалім өлеңнің құрылысы туралы баяндады. Өлең туралы айтып отырып қазақтан ақын, жыршылар көп шыққанына, негізі ақындық өнер кез келгеннің бойында жасырын жатуы мүмкін екеніне тоқталды. Содан соң:
– Қане, осы класта өлең жазатын бала бар ма? – деп оқыстан сұрау тастады.
Бағаналы бері өлең туралы айтып, өлең құрылысын талдап жатқанда әлденені өзгелерден бұрын сезіп, сұрақтарға бұрын жауап беріп отырған Күләш бұл сұраққа елең ете қалды. Мінеки, бойын бүкпей, бар өнерін ортаға салар кез де туған сияқты.
Қаршадай қыз іркілмеді:
– Апай, мен өлең жазамын, – деді ол қолын көтеріп.
Мұғалім жалт бұрылды:
– Қазір өзіңмен өлең дәптерің бар ма?
– Жоқ. Әкелген жоқпын.
– Онда келесі сабаққа жазған өлеңдеріңді әкеле ғой.
Сол сәттен бастап Күләш көптен оқшауланып, ой құшағына сүңги түсті.
Төребек жәкесі қызметте. Көбіне үйде жеңгесі екеуі қалады. Бірақ, директордың үйінде тірлік бітпейді.
Үй алдында әппақ қаздар бар. Күндіз далада жайылады. Күләш кейде соларды айдап қайту үшін түс ауа сыртқа шығады. Мұндай оңаша сәттерде жаны тыншып, қиялына ерік береді. Бірақ… бұл жолы бәрі басқаша болды. Үлкен ақындар тәрізді өлең жазам деп талпынған Күләш қаламы мен қағазын қалтасына сала шыққан. Далада отырып, айналаға саналы көзбен қарады… Шалғынға жайылған ақ қаздар әдемі көрінеді екен. Адамның көңілін ағартып, өмірдің жазын сезіндіреді.
Әппақ қаздар… Күләшқа бала күнін көз алдына әкелді.
Анасы барда, расында, алаңсыз еді бұл. Ақ гүлдерді өбіп, далада, әппақ үйдің алдында жүретін. Жұмысқа кеткен анасының жолын тосатын еді. Үй ішіндегілер тегіс жиналып, дастархан басына жайғасар кешкі мезгілді асыға күтетін. Әкесі домбыра шертуші еді. Анасы мандалин тартатын… Ал бұл… балалық биін билеуші еді. Етегі төгіліп қалған әдемі көйлегін киіп алып, апасының, әкесі мен анасының алдында шыр көбелек айналып, еркелеп жүретін…
Күләштің көңілін сағыныш биледі. Көзінен ыршып жас шығып кетті. Ащы бір өкініш, өксік кеудесін қарып тұрып алды. Бірақ… аһ ұрып жылаған жоқ.
Есесіне жүрегінен анасына деген ұлы сағыныш жыр боп төгілді:
Жүрегім сенен нәр алған,
Бөлек боп неге жаралған?
Үмітіңмін ең нәзік
өміріңмін жалғанған.
Жаныма болмай жан серік
Қалыпсың мәңгі сен сөніп.
Шағымда-ақ сәби кетсемші,
махаббатыңа өртеніп…
Жан-әлемінде найзағай ойнап, нөсер жауып, боран ұлып, дауыл соғып, теңіз толқып… әйтеуір жан-жүрегі жай таппай тулап, аласұрды. Күләш емес! Иә, ол Күләш емес! Ол – ақын! Баланың бойынан болашақ ақын, естияр ақын бой көтергені еді бұл.
Бала Күләш бұқты да, бойында ақын Күләш тұра қалды.
Ұлы сағыныштан тізбектеліп түзіле берген төрт шумақты жыр жолдарын аяқтаған соң, оған өзі «Анама» деп ат қойды.
Ертеңінде Мәдина апайына Күләш екі өлең ұсынды. Бірі – кеше ғана жазылған, әлі сиясы кеппеген өлең – «Анама», екіншісі – «Туған ел».
Бірер минөт қағазға шұқшиып, өлеңді оқып шыққан мұғалімнің көздерінен нұр шашылды. Құртақандай ғана шәкіртінің осындай өлең жазғанына, оның бойында үлкен бір ақын жасырынып келгеніне қуанып отыр. Қуанышы қойнына сыймай, балаларға өлеңді дауыстап оқып берді.
Бүкіл класты Күләштің бойындағы рух, болашақ ақын рухы биледі.
Үлкен ақындардың өлеңіндей өлеңнің құрылысын талдап, ұйқастарын теріп мәз болған мұғалім, екі өлеңді өзінің газетке беретінін айтып, сөмкесіне салып алды.
Арада бірер апта өткенде екі өлең облыстық «Еңбек туы» газетінде жарияланды. Төменгі жағына «Күләш Ділдаева» деп қойыпты…

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button