Ерте кәсіби бағдарлау институты: жастарға берілген мүмкіндік
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесі қазіргі заманның жаңа сынақтарына тап болып, жаңа шешімдерді қажет етуде. Осындай шешімдердің бірі – 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік қызметтің даму тұжырымдамасына енгізілген ерте бағдарлау институты. Мұның аясында жастармен білім беру бағдарламалары, тағылымдамалар және тәлімгерлік бастамалар арқылы белсенді жұмыс жүргізілмек.
Ерте бағдарлау институтының негізгі мақсаты – жастарды мектеп жасынан бастап мемлекеттік қызметке дайындау. Басты міндет – жас буынның көшбасшылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау және мемлекеттік қызметтің кәсіби өсу жолы ретінде маңыздылығын ұғындыру.
Қазіргі қоғам мемлекеттік органдарға жоғары талаптар қояды. Мемлекеттік қызметшілер жай ғана орындаушылар емес, елді басқару жүйесіндегі басты ойыншыларға айналып келеді. Олардың қабылдайтын маңызды шешімдерінің нәтижесіне азаматтардың әл-ауқаты мен мемлекеттің дамуы тәуелді. Бүгінгі таңда, таланттар үшін бәсекелестік жеке және мемлекеттік секторларда күшейіп жатқан кезде, болашағы бар жастарды дер кезінде байқау және оларды мүмкіндігінше ертерек дайындау қажет.
Ерте кәсіби бағдарлау мектеп пен жоғары оқу орны деңгейлерін қамти отырып, мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшін қажетті дағдылар мен білім алуға, мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері мен артықшылықтарын ерте жастан тануға мүмкіндік береді. Мұндай жүйе қазақстандық жастардың алдында үлкен мүмкіндіктер ашып, күрделі мемлекеттік міндеттерді орындауға дайын жоғары білікті мамандарды қалыптастыруға ықпал етпек.
Халықаралық тәжірибеде заманауи, әлемдік үрдістерге сай дағдылары бар жастарды мемлекеттік қызметке тартуға ерекше назар аударылады. Жапония мен Сингапурде таланттарды іздеу мектеп кезінен басталып, жоғары оқу орындарында жалғасады, бұл кадрлық резервті ерте жастан қалыптастыруға ықпал етеді. Ұлыбритания, Канада және АҚШ сияқты елдерде студенттердің мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өту бағдарламалары жүзеге асырылады. Сондай-ақ, АҚШ-та кәсіби бағдарлаудың арнайы бағдарламалары бар, оның ішінде мемлекеттік білім беру тапсырыстары мен National Security Education Program (NSEP), Scholarships for Service (CyberCorps SFS) және ROTC (Reserve Officers’ Training Corps) сияқты студенттер мен жас мамандарды мемлекеттік қызметтің маңызды салаларына оқытуға бағытталған бағдарламалар бар. Бұл тәжірибе Қазақстанда мемлекеттік қызметте ерте кәсіби бағдарлау жүйесін енгізу үшін пайдалы болуы мүмкін.
Жаңа Тұжырымдама аясында, ерте кәсіби бағдарлау бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам ретінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10-12-сыныптарының бірнеше оқушысы орталық мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік секторларында таныстыру тағылымдамаларынан өтті. Бұл тағылымдамалар жоғары сынып оқушыларына мемлекеттік құрылымдардың жұмыс істеу негіздерімен танысуға, олардың жұмысын іштен көруге және мемлекеттік қызметке қажетті алғашқы дағдыларды алуға мүмкіндік берді.
Мұндай тағылымдамалар жастарға мемлекеттік аппарат алдында тұрған міндеттерді тереңірек түсінуге ғана емес, сонымен қатар, осы саладағы болашақ мансапқа саналы көзқарас қалыптастыруға көмектеседі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп ұйымдастырған, дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тартуға және елдің болашақ көшбасшыларын дайындауға бағытталған «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы Астана қаласында да жүзеге асырылуда.
Жоба аясында осы жылы елордамыздағы бірнеше жоғары оқу орындарының 4-курс студенттері арасынан 36 қатысушы іріктеліп, оларға мемлекеттік қызмет негіздері, этикалық нормалар, стратегиялық менеджмент, көшбасшылық, тиімді коммуникация және жобаларды басқару бойынша дәрістер мен практикалық сабақтар өткізілді. Сабақтарды тәжірибелі мемлекеттік қызметшілер мен сала мамандары жүргізіп, өздерінің тәжірибелері және білімдерімен бөлісті.
Жобаның басты ерекшелігі – заманауи оқыту әдістерін қолдануы. Жоба шеңберінде интерактивті оқыту, симуляция, кейс-стади және командалық жұмыстар ұйымдастырылды. Мұндай әдістер арқылы жас мамандар күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауды, сындарлы ойлауды және тиімді басқаруды үйренеді.
Оқыту бағдарламасын сәтті аяқтаған түлектерге сертификаттар берілді. Бұл олардың мемлекеттік қызметке орналасуында артықшылық беріп, қолдау көрсетуге ықпал ететіні сөзсіз.
Жоба Қазақстанның мемлекеттік қызметі үшін білікті кадрларды даярлауға елеулі үлес қосып, жастардың кәсіби дағдыларын дамытуға және елімізге қызмет етуге деген ынтасын арттыруға ықпал етуде. Оған дәлел -– жоба түлектерінің Астана қаласының бірқатар мемлекеттік органдарына орналасуы.
Ерте кәсіби бағдарлау – бұл мемлекеттік секторға дарынды жастарды тартудың механизмі ғана емес, бұл патриотизм, елдің болашағы үшін жауапкершілік басты құндылықтарға айналатын жаңа мемлекеттік қызмет мәдениетін құруға қадам.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Астана қаласы бойынша департаменті