Жаңалықтар

ЕРТЕ КЕТКЕН АҚЫНДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Ұлттық академиялық кітапханада «Әділбек Абайділданов шығар­ма­лары» атты көлемді кітаптың тұсау­кесері өтті. Мұнда небары елу екі жасында өмірден озған көрнекті ақын­ның әр жылдары жарық көрген «Ақ қайың», «Салтанат», «Қыран», «Алыс көкжиек», «Маржан» атты кітап­тары­нан таңдап алынған өлеңдері мен поэмалары топтастырылған.

 

Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы ұйымдастырған шараға елордалық қоғам қайраткерлері, қаламгерлер және студент жастар қатысты.
Жиында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік Тұрғын­бекұлы баяндама жасап, Әділбек Абайділ­дановтың жан әлемін, суреткерлік қырын әңгімелеп, ақындық қуатын ашатын өлең­дерін жан-жақты талдады. Жазушы, ғалымдар Қойшығара Салғараұлы мен Сұлтан Оразалинов, Қуаныш Жиенбай, режиссер Сәулебек Асылханов, аудармашы Мәткерім Әкімжанов сынды кеш қонақтары ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында естеліктер айтты. Олар ақын­ның қыран текті болмысын, кербез тұл­ғасын әңгімелеріне арқау етті. «Әділбек Абайділданов өткен ғасырдағы қазақтың азат ойлы, ғажап суреткер ақындарының алдыңғы шебінде тұрады» десті.
Салтанатты рәсімді Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының төрағасы, ақын Несіпбек Айтұлы қорытындылады.

Ауыт МҰҚИБЕК

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button