Мәдениет

Ертегілер әлеміне ертеді

Бала кезімізден бәрімізге таныс «Мың бір түн» ертегісін еске түсіріп көрейікші. Шахерезаданың аңызға бергісіз шерткен қызықты әңгімелерінің оқығандарды еліктіріп әкетер қасиетімен қатар, түсінген адамға тәлім-тәрбиелік мәні зор емес пе еді? Ертегіде сипатталатын оқиғалар талай шығармашылық өкілдеріне шабыт берді. Мәселен, шығарма желісі бойынша көптеген қисса-дастандар туды. Әйгілі композитор Николай Римский-Корсаков ХІХ ғасырдың аяғында «Шахерезада» симфониялық сюитасын жазды. «Бағдадтың қулары», «Синдбадтың жеті сапары», «Аладиннің сиқырлы шамы» сынды көркем фильмдерге ертегідегі хикаялар арқау болды. «Мың бір түн» сахнаға да көшіп, осы аттас балет қойылды.

Астанадағы «Наз» мем­лекеттік би театры шығыс ертегісіндегі оқиғаларды өнер тілінде жаңғыртты. «Мың бір түннің бір түні» хореографиялық спектаклін қойып, елордадан бөлек осы қойылыммен ел өңірлеріндегі көрермендерді де тамсантып қайтты. Бұдан бұрын Қарағанды жұртшылығы спектакльді тамашалаған еді. Жуырда елордалық би театры осы қойылыммен Ақтөбеде болды.
Спектакльдегі оқиғалар желісі араб елінің ірі ша­һарларының бірінде өрбиді. Бас кейіпкер етікші Маруф сиқырлы жүзікті қолға түсіреді. Оның асыл тасын сүрткенде, Эфрит атты қолынан келмейтіні жоқ қызметшісі пайда болады. Оның көмегімен Маруф байлыққа белшесінен кенеледі. Эсмигүл есімді ханшайымға ғашық болып, небір шытырман жолдардан өтеді. Ақырында Шахерезаданың көмегімен зынданнан шығып, сүйгеніне қосылады. Спектакльдегі басты рөлдерді сомдайтын әртістер жөнінде де айта кетейік. Маруфтың бейнесінде театр әртісі Асхат Мәден көрінеді. Эсмигүл ханшайым рөлін Әмина Самарбаева, ал Шахерезаданы Гүлнәр Сүттібаева сомдайды.
Қойылым кейіпкерлерінің костюмдері мен сахна декорациялары да спектакльде баяндалатын оқиғаларды толықтыра түсіп, қызылды-жасылды бояуымен көз қа­рықтырады. Шығыс сазы­ның әуезді ырғағымен қимыл­дайтын бишілердің дене плас­тикасы, мимикалары мен актерлік шеберлігі адамға тән қуаныш пен қайғы, қатыгездік пен зұлымдық, қызғаныш пен ашу, бақыт пен махаббат сезімдерін аша білген.
– Біз – ансамбль емес, би театрымыз. Сондықтан, қара­пайым би форматынан күрделі жанрларға көш­кенбіз. Тіпті, концерттік бағдарламалардың өзін шағын би спектаклі ретінде қоямыз. Би – тілсіз өнер болса да, сол арқылы өзімізді алаңдататын мәселелерді, кейбір құбылыстарға көз­қарасымызды көрсетіп, туған тарихымызды жеткізгіміз келеді. «Мың бір түннің бір түні» спектаклі жайлы айтар болсақ, бұл қойы­лым арқылы біз шығыс әле­міне қарай бетбұрыс жасап, бұл да қолымыздан келетінін таныттық, – дейді хореографиялық спектакльдің қоюшы режиссері, театрдың бас балетмейстері – көр­кемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Қадиша Ағымбаева.
Оның сөзінің жаны бар. «Наз» мемлекеттік би театрының қоржынында «Мың бір түннің бір түні» спектаклінен бөлек өзге қо­йылымдар бар. Атап айтсақ, Күлтегін заманы­нан тартып, егемендік алған күнімізге дейінгі ата-бабаларымыздың ұрпағына қалдырған өсиеті іспеттес, халықтық хорео­графия тілімен сомдалған «Тұйғындар», Испан халқының фламенго на­қышында қойылған М.Ра­вельдің «Балеро» би спек­таклі, жасөспірімдерге ар­налған «Ақ пен Қара» ат­ты жақсы мен жаманның айыр­машылығын көрсететін қо­йылымы және КСРО Халық әртісі, күйші, компо­зитор Нұрғиса Тілен­диевтің ұлы музыкалық шығар­­ма­ларын негізге алған «Нұр­ғиса» атты би спектаклі. Бұл қо­йы­лымдар театр репер­туа­рындағы ерекше туындылар деп айтуға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button