SportЖаңалықтар

Ертең «Астана» футбол клубы «Селтик» командасымен ойнайды

Ертең футболдан Еуропа Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойындары басталады. Үшінші електік кезеңде еліміздің атынан сынға түсіп жатқан елорданың «Астана» клубы шотландиялық «Селтикке» қарсы ойнайды. Қос құрама арасындағы алғашқы ойын 27-ші шілде күні Астанадағы «Астана Арена» стадионында өтеді.

champions-league

«Селтик» клубы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс болуы керек. Себебі, 2013-ші жылғы ЧЛ турнирінің плей-офф раундында қарағандылық «Шахтер» командасымен ойнаған болатын. Екі ойынның қорытындысы бойынша «Селтик» 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Енді қазақстандық жанкүйерлер «Шахтер» жіберген есені елордалық «Астана» клубының қайтаратынына сенеді.
«Селтик» клубы 1887 жылы құрылып, бүгінге дейін Шотландия чемпионатында 47 рет жеңімпаз атанған. 1966/67 жылы Еуропа кубогы чемпионатында (қазіргі Чемпиондар лигасы – ред) чемпион болған. Сондай-ақ, 2002/03 жылғы УЕФА кубогының финалына дейін жеткен. Қазіргі таңда клубты 2012/15 жылдары Англияның «Ливерпуль» командасын баптаған Брендан Роджерс жаттықтырады. 2015/16 жылғы УЕФА рейтингінде «Селтик» клубы 40-орында болса, «Астана» командасы 96-орынға жайғасқан.
Ойын алдында мынадай статистикалық мәліметті назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз. «Астана» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының өз алаңында өткен ойында бір рет болсын жеңіліп көрмеген. Былтырдан бері осы турнир аясында 7 ойын өткізіп, ешбірінде жеңілмеген. Тіпті, Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен испаниялық «Атлетико Мадрид» клубымен топтық кезеңде тең түскенін жанкүйерлер әлі ұмыта қоймаған болар. «Астана» командасы бұл жолы да жеңісті жолын жалғастырады деп сенеміз.
«Астана»-«Селтик» арасындағы қа­рымта ойыны 2 тамыз күні Шот­ландиядағы «Селтик парк» аренасында өтеді.

Әли БИТӨРЕ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button