Мәдениет

ЕРТЕҢI НҰРЛЫ ЕЛМIЗ

Астана қаласы Тiлдердi  дамыту  басқармасы «Зерде»  тiлдердi  дамыту  жөнiндегi  инновациялық орталығының  ұйымдастыруымен  «Бiз – бiрлiгi жарасқан елдiң болашағымыз!» атты  дөңгелек үстел отырысы өттi.  2012 жылға арналған тiлдердi қолдану мен дамытудың қалалық бағдарламасының аясында өткен жиынның мақсаты – мемлекеттiк  тiлдi жетiк меңгерген өзге ұлт  өкiлдерi арасында мемлекеттiк тiлдiң маңызын арттырудың  жолдарын айқындау болып табылады.
Халықтар бiрлiгi күнi қарсаңында өткен шарада  жастар  мемлекеттiк тiл саясаты туралы  пiкiрлерi мен  тұшымды ойларын ортаға салды. Елордадағы бiлiм ордаларында оқып жатқан өзге нәсiлдi өрендер қазақ тiлiнде таза сөйлейдi екен.
Елiмiзде мемлекеттiк тiлде сөйлеймiн деген жанға барлық жағдай жасалып, ешқандай шек қойылмаған. Қазiргi жастар арасында тiл игеруге деген құлшыныстың арта түскенiн аңғаруға болады. Себебi, жастардың денi оқу бiтiрген соң мемлекеттiк қызметкерлер қатарында болғысы келедi, өз болашағын қазақ жерiмен байланыстырады. Қазақ елiнде тұрып, тiлiн бiлу мiндеттi екенiн жақсы түсiнедi екен. Дөңгелек үстел барысында осындай ой түйiндедiк.
Астана медицина  университетiнiң  студентi, болашақ дәрiгер – Бакир Абашев «қазақ тiлiн бiлу өте қажет» деп атап өттi. Бакуде туып-өскен Гюнель Мамедова да қазақ тiлiн бiлудi мақсат етiп қойыпты: «Бес жасымда  Қазақстанға келiппiн. Осында №14 гимназиялық мектептi бiтiрiп, колледжге оқуға түстiм. Бiздер үшiн мемлекеттiк тiлдi бiлудiң  маңызы зор. Өйткенi, тәуелсiз мемлекеттiң тiлiн бiлмеу дегенiмiз бұл – қоғамның толыққанды мүшесi емес деген сөз. Тiлдi жетiк бiлу ортаға да байланысты. Менiң  таныстарымның көбi қазақша сөйлейдi. Ал, ата-анам менiң тiл бiлудегi iзденiстерiмдi қолдайды. Өзiм оқитын тобымда қазақ тiлiн бiлудiң артықшылығын күн сайын дәлелдеп жүрмiн. Маған қарап көптеген достарым мемлекеттiк тiлдi игерудi бастағанын айтқым келедi», – дедi.
«Мемлекеттiк тiлде сөйлегiсi келген талабы бар адамға оның ешқандай  қиындығы жоқ. Мен шетел тiлдерi факультетiнде оқып жатырмын. Мамандығым – педагог. Көп тiл бiлген сайын, жаңа мәдениет әлемiн ашқандай әсерге бөленемiн. Тiлiн бiлу арқылы белгiлi бiр халықтың әдебиетi мен мәдениетiн бiлуге  жол ашылады. Астаналық студенттер жиi бас қосып, осы мәселенi қозғаудың  ерекше маңызы бар. Бiз «арпа iшiнде бiр бидай емес» екендiгiмiздi, бiздей ынталы жастардың көп екенiне көзiмiз жетедi. Тiл меңгерудегi өз ойларымызбен бөлiсiп, тәжiрибе алмаса аламыз.   Алдағы уақытта бiлгенiмiздi ұштайтын сайыстар жиi өтiп тұрса жақсы болар едi». Бұл Екатерина Зубареваның сөзi.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың пiкiр-таласын қыздырған  белгiлi журналист Максим Рожин болды. Сонымен қатар, ол жастыққа тән жiгермен ұсыныстарын ашық айтты. Мемлекеттiк тiлдi ауыз-екi сөйлесу деңгейiнде емес, кәсiптiк деңгейге көтеру үшiн пәндердiң қазақ тiлiнде жүргiзiлуiнiң маңыздылығы, студент жастар арасында аптаның бiр күнi – «мемлекеттiк тiл  күнi» деп атап өтудiң дұрыстығын және тiл бiлетiн жастар арасында сайыстардың жиi болып тұрғанын қалайтындарын бiлдiрдi. Ендi бiрi қазақ жастарының ана тiлiн бiлуге, ана тiлiнде сөйлеуге немқұрайлы қарайтынын айтып қынжылды. Ендiгi жерде, бар мүмкiндiктердi пайдаланып, мемлекеттiк тiлдi игеру өзiмiзге ғана байланысты деген тоқтамға келдi.
Елордалық өрендердiң үлкен ортада бас қосуының басы жақсы өттi.
Отырыс соңында Астана қаласы тiлдердi дамыту басқармасының  бастығы  Ербол Тiлешов өзге ұлт өкiлдерiнiң мемлекеттiк тiлдi меңгеруi ең алдымен мемлекет құрушы қазақ ұлтының айналасында топталып,  елiмiздегi  сан ұлт өкiлдерiнiң  бiрлiгiн нығайтуда рөлi зор екенiн атап өттi.
Олардың мемлекеттiк тiлдi игеруге деген ықыласын оятып, iзденiстерiн ұштап, жаңа көзқарасы мен бетбұрысын айшықтауға септiгiн тигiзген дөңгелек үстел жұмысы жиналғанның көңiлiнен шықты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button