Ержан МҰҚАШ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ және Түркия департаментінің директоры: ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҮРКІ ЕЛДЕРІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ МЫҒЫМ
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таяудағы Ыстамбұл сапарына «Түркі ықпалдастығының жаңа қадамы» деген жоғары баға беріліп жатыр. Осы күні әлемдік қауымдастықта Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы түркітілдес мемлекеттер арасындағы көшбасшы елдер ретінде мойындалады. Ендеше, еліміздің сыртқы саясаты Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасын одан әрі жетілдіру жолында бүгінгі таңда нендей нақты шараларды атқарып оты
– Қазақстанның түркі әлемінде көшбасшы ретінде мойындалуына Елбасымыздың сындарлы интеграциялық саясаты мен жоғары беделі, еліміздің сыртқы саясатындағы жалпытүркілік ықпалдастық үрдісінің маңызды орны себепкер болып отыр.
Бұрынғы Кеңестер Одағы ыдыраған тұста түркітектес елдердің байланыстары жаңа серпін алып, басшыларының тұңғыш кездесуі өткізіліп, түркі халықтарының басын қосқан халықаралық мәдени ұйым – ТүркСОЙ құрылған болатын. Міне, сол кезеңнен бастау алған жалпытүркі интеграциясы бүгінде институционалдық құрылыс тұрғысында айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Елбасымыздың бастамасымен 2009 жылы 3 қазанда Әзербайжанның Нахчыван қаласында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркияның басшылары Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін немесе Түркі кеңесін құру туралы келісімге қол қойған болатын.
Бүгінгі таңда Түркі кеңесі шеңберінде Мемлекет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы, жоғары лауазымды тұлғалар комитеті, Түркі кеңесінің хатшылығы құрылған. Бұл құрылымдар өз құзыреттеріне сәйкес түркі интеграциясын ілгерілетуге жұмылдырылған. Бүгінгі таңға дейін Түркі кеңесінің екі саммиті өткізілді Біріншісі – 2011 жылы Алматыда өтті. Екіншісі осы таяуда, яғни 2012 жылы Бішкекте болды.
Қазақстан 2011 жылы Түркі кеңесінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Бұл Елбасымыздың беделі мен саясатына көрсетілген құрмет екендігін атап өткен жөн. Төрағалық шеңберінде Қазақстан бірқатар маңызды жұмыстарды жүзеге асырды. Әсіресе, Елбасымыз жалпытүркі интеграциясының экономикалық құрамына басты маңыз беріп отыр. Түркітілдес мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін кедендік органдардың өзара ықпалдастығын арттыру, көлік-тасымал саласында кедергілерді жою және транзиттік әлеуетті арттыруға қатысты келіссөздер жүргізілуде. Елбасымыздың Түркі кеңесінің екінші саммитінде берген тапсырмасына орай осы қазан айының басында Бакуде түркітілдес елдердің кеден органдары өкілдерінің кездесуі болып өтті.
Экономика министрлерінің тұрақты кездесулері өткізіліп, экономиканың бірқатар саласында арнайы жұмыс топтары құрылды. Оның ішінде инвестициялық ынтымақтастық, орта және шағын кәсіпкерлікті қорғау, экономиканы әртараптандыру және көлікті дамыту жұмыс топтарының кездесулері тұрақты өткізілуде. Бұл топтар түркітілдес елдердің арасындағы сауда көлемін арттыру, инвестициялық ынтымақтастық пен кәсіпкерлікті дамыту жолдарын зерделеп, тиісті ұсыныстар енгізеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей қамқорлығымен Астанада Түркі Академиясы құрылды. Академия түркітану саласындағы жетекші ғылыми орталық болуы шарт, ол түркі әлемінің ортақ тарихы мен тілін зерттеу, ғұламалардың мұраларын зерделеу, ортақ сөздіктер шығарумен айналысады.
Ал, Қазақстанның Түркиямен екіжақты қарым-қатынастарына келер болсақ, өзіңізге белгілі, күні кеше қазанның 11-і мен 12-сінде Елбасымыздың Түркияға ресми сапары табысты аяқталды. Сапар барысында Президентіміз Түркия Президенті Абдулла Гүлмен және осы елдің Премьер-Министрі Реджеп Тайып Ердоғанмен келіссөздер өткізіп, Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысына, сондай-ақ екіжақты бизнес-форумның жұмысына қатысты. Биыл екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толып отыр. Осыған орай Елбасымыздың Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып таныған Түркия елінің екі жетекшісін еліміздің «Алтын Қыран» жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттауы екіжақты қатынастардың табыстылығын тағы да растап берді. Сапардың қорытындысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркияның Премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоғанның Бірлескен мәлімдемесі мен екі ел жетекшілерінің қамқорлығындағы «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының 2012–2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары да қабылданды.
Түркия Қазақстанның маңызды экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Екі елдің арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл жоғары қарқынмен даму үстінде. 2015 жылға қарай тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Бауырлас елдер арасында келешегі зор бағыттар туризм, көлік-транзит және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық болып табылады. Қыркүйекте Анкарада өткен Астана мәдениетінің күндері екі елдің арасындағы рухани байланысты нығайта түсті. Екі бауырлас елдің ынтымақтастығы екіжақты да негізде де, сонымен қатар Түркі кеңесі аясында да табысты дами беретін болады.
– Дегенмен, Қазақстанның геомекені – Орталық Азия. Ал, Орталық Азия болашақта стратегиялық маңызы зор өңір болады деген үміт те, мақсат та бар. Ендеше, осы аймақта жетекші рөлге ие болып отырған Қазақстанның сыртқы саяси бағыты іргелес мемлекеттермен еларалық қарым-қатынасты дамытудың перспективасы мен басымдығын айқындау жолында нендей шараларды атқарып жатыр?
– Иә, Орталық Азия өңірінің жоғары геостратегиялық маңызы баршаға аян. Бұл негізінен өңірдің геосаяси орналасуы, оның ішінде көлік-коммуникациялық әлеуеті, орасан табиғи байлықтарының болуына байланысты.
Ең алдымен, Қазақстан бауырлас, көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен тағдыры бір, өйткені алдында тұрған міндеттері мен қатерлері де ортақ деп түсінеді. Еліміздің күш-жігері Орталық Азияда өңірлік қауіпсіздікті нығайту, тең терезелі саясат, өзара тиімді және тату-көршілік қатынастарды дамытуға бағытталған. Мұнда жемісті экономикалық ынтымақтастықтың мәні ерекше маңызды, себебі тап осы ынтымақтастық өңіріміздегі күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуалды жеңілдетуді мұрат етеді. Сонымен қатар тығыз экономикалық қатынастар Орталық Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізін қалайды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азия бағытында бірқатар сыртқы саяси мақсаттарды көздеп отыр. Олар аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, мәдени саладағы қатынастар, экологиялық, ғылыми-техникалық ықпалдастықты кеңейту сияқты аса көкейкесті мәселелерді қамтиды.
Орталық Азияда көлік-транзиттік әлеуетті дамыту, энергетикалық нарықты қалыптастыру, су-энергетикалық қорларды бірлесе пайдалану, әлемдік экономикаға ықпалдасу, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту, гуманитарлық байланыстар салаларында кезек күттірмейтін мәселелер өте көп. Орталық Азия мемлекеттерінің трансшекаралық өзендер суын бірлесе пайдалану мәселесі бойынша ортақ шешімдерге келуі және Арал теңізі маңындағы экологиялық ахуалды сауықтыру шараларын қолға алуы қазіргі таңдағы аса өзекті мәселелер болып отыр. Жалпы, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен қауіпсіздік, экономика, энергетика, көлік және коммуникациялар салаларындағы интеграция үдерістерін дамытудың келешегі зор екеніне сенеді.
– Қазақстан мен Орталық Азия республикалары арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-рухани қарым-қатынас қандай сипатта өрбіп келеді?
– Аймақтық саясатта саяси және экономикалық мүдделердің тығыз ұштасуы, географиялық көршілік, өзара қатынастардың дамуының жоғары деңгейіне байланысты Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасы үшін маңыздылығы аса жоғары. Екіжақты қатынастар өзара сенімге, екі елдің ұлттық мүдделерінің сақталуына негізделіп отыр.
Қазақ-қырғыз екі жақты қатынастары жоғарғы деңгейдегі қарқынды саяси диалогпен және тығыз экономикалық ынтымақтастықпен сипатталады. Мәселен, осы жылдың өзінде Қырғызстанның Президенті мен Премьер-Министрінің Қазақстанға сапарлары, осы жылдың 22 тамызында біздің Елбасымыздың Қырғызстанға ресми сапары болды.
Экономикалық қатынастардың деңгейі де жоғары. Қырғызстанда экономиканың әр түрлі секторларын қазақстандық капиталдың қатысуымен 400-ден аса бірлескен кәсіпорын болса, елімізде қырғыз капиталының қатысуымен 250-ден аса кәсіпорын тіркелген.
Қазақстанның Өзбекстанмен қатынастарының стратегиялық мәні бар.
Осы жылдың 6-7 қыркүйегінде болып өткен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың Қазақстанға ресми сапары аса мазмұнды болды. Оның барысында Қазақстан мен Өзбекстан лидерлері өңірлік қауіпсіздік және ынтымақтастықты дамыту жөнінде ашық пікір алмасты. Екі ел арасындағы инвестициялар, ауыл шаруашылығы саласындағы, көлік-транзиттік әлеуетті тиімді пайдаланудағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қаралды. Бұл келіссөздер өңірлік қауіпсіздіктен, саяси ынтымақтастықтан, сауда-экономикалық қатынастардан бастап мәдени байланыстарға дейінгі көптеген салалардағы қатынастарды, екі жақты ынтымақтастықтың ерекше сипатын куәландырды.
Әсіресе, екі елдің Орталық Азия өңірі су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалануға өзара қызығушылығы бар. Өйткені, су-энергетикалық қорларды бірлесе тиімді пайдалану мәселесі бүгінде мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық даму ахуалына және экологиялық ортаға тікелей әсер ететін фактор болып отыр.
Көршілес елдер арасында сауда-экономикалық мәселелерді дамыту аса маңызды. Өзбекстанда қазақстандық инвестициялардың қатысуымен 200-ге тарта кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы жылдары екіжақты сауда айналымының өсу үрдісі байқалды.
Мәдени-гуманитарлық салада да байланыстар өте белсенді. 2010-2012 жылдарға арналған мәдениет саласында ынтымақтасу бағдарламасы іске асырылып, оның шеңберінде түрлі мәдени шаралар өткізіледі.
Түрікменстанмен қатынастар да оң сипатта дамып отыр. Екіжақты үкіметаралық комиссияның шеңберінде Қазақстан мен Түрікменстанның отын-энергетика, көлік және коммуникациялар, ауыл шаруашылығы, инвестициялар салаларында және банк секторында табысты ынтымақтастығын дамыту мүмкіндігі бар.
Соңғы жылдары көлік және коммуникациялар саласында өзара ықпалдасу екпінді түрде дамуда. Қазіргі уақытта Қазасқтанның Өзен, Түркіменстанның Гызылгая–Берекет–Этрек және Иранның Горган бағыты бойынша темір жол желісін салу аяқталып келеді. Осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған Түрікменстан Президентінің Қазақстанға сапары кезінде оны ашылады деп күтіпі отырмыз.
Осы жылы Астанада Экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-түрікмен Мемлекетаралық комиссиясының 5-ші отырысы өткізіліп, екіжақты өзекті мәселелер талқыланды. Жыл соңында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың Қазақстанға ресми сапары күтілуде.
Ал, Тәжікстан Республикасымен қатынастар екі ел тәуелсіздік алған сәттен бері өзара саяси ықпалдасудың жоғары деңгейімен достық пен әріптестік рухында дамып келеді. Еліміз Тәжікстан халқына мейірімділік көмегін көрсетіп, әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды еңсеру үшін әркез қол ұшын беріп келеді.
Душанбеде қазан айының соңында Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 10-шы отырысы өтпек.
Екі ел арасында инвестициялық ынтымақтастықты жоғарылату мақсатында «Қазақ-тәжік тікелей инвестициялар қоры» құрылған.
Осылайша, Қазақстан Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен тең терезелі, өзара тиімді, қоян-қолтық байланыстарды табысты дамытып отыр.
– Қап тауы аймағында да тілі де, ділі де бір туыстарымыз тұрады. Егемендіктің алғашқы жылдарында Елбасымыздың Қарабаққа қатысты қырғи-қабақтың «қырын сындыруға» көп қызмет еткені елдің есінде. Өйткені, Кавказ өңіріндегі Әзербайжан Республикасы – түркі дүниесінің белді тұтқасының бірі. Бүгінгі күнгі Қазақстан–Әзербайжан еларалық қарым-қатынасы қай салада басым сипатқа ие болып отыр?
– Әзербайжан – еліміздің Кавказ аймағындағы маңызды әріптесі. Елдеріміз халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде белсенді ықпалдасып отыр. Көптеген халықаралық көкейкесті мәселелерге байланысты екі елдің ұқсас ұстанымдары екіжақты қатынастардың табысты дамытылуына септігін тигізіп отыр. Әсіресе, Бакудің Каспий теңізі тақырыбына қатысты көптеген ұстанымы біздің елдің ұстанымдарымен сәйкес келуі аса маңызды. Сонымен қатар, мұнай-газ саласында бірлескен ірі жобалардың жүзеге асырылуы, қазақстан мұнайы мен астығының әлемдік нарыққа транскаспий бағытымен тасымалданып отырғаны белгілі. Әуе қатынасы, теңіз қатынасы белсенді де табысты дамытылып келеді.
Былтыр 19-21 қазанда Әзербайжан Президенті И.Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары ұйымдастырылып, ол Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің І Саммитіне қатысты. Ал, үстіміздегі жылы 26-27 қыркүйекте үікметаралық комиссияның 9-шы кезекті отырысы ұйымдастырылып, екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
– ЮНЕСКО Қазақстанның ұсынысы бойынша 2013 жылдан бастап 2022 жылға дейінгі аралықта Мәдениеттер жақындасуының халықаралық он жылдығы деп жариялады. Осыған орай, түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының әлемдік мәдениетке қосқан орнын айқындап, үлесін насихаттауға Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосы нендей жобаны іске асырмақ?
– Қазақстанның ЮНЕСКО шеңберіндегі жұмысы аса табысты. Түркі халықтарының дүниежүзілік мәдениетке қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Бұл бағытта түркі мәдениетін дамыту және насихаттаумен ТүркСОЙ айналысады. ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп, ЮНЕСКО-ның мұралар қоры тізбесіне қазақтың айтыс өнерін, наурыз мейрамын тойлау дәстүрін, киіз үйді және оның бұйымдарын жасау өнерін енгізу туралы ұсыныстар жасалды.
2012 жылы түркі әлемінің астанасы болып Қазақстанның елордасы Астананың белгіленуі біраз нәрсені аңғартады. Бұл мәдени мереке елордамызда кеңінен атап өтілді. Түркі әлемінің қылқалам шеберлері, қол өнер шеберлері, шығармашылық топтар өкілдері бас қосып, өзара байланыстар нығайтылуда. Қазақтың бай мәдениеті мен өнері дүниежүзілік өркениет қазынасында өзінің лайықты орнын иемденуіне бағытталған жігерлі жұмыс жалғастырыла беретін болады.
Әңгімелескен: Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ