Президент пәрмені

ЕСЕП БЕРУЛЕР ЕСЕЛЕНЕДІ

Мемлекет басшысының Жарлығына сәй­кес, мемлекеттік органдардың жұмысынан жұрт хабардар болуы керек. Сәйкесінше, би­­лік пен бұқара арасы жақындауға тиіс. Со­­ның алғышарты – жергілікті әкімдердің тұр­­ғын­­дармен есептік кездесуі. Биылдың өзінде елі­­міздің жер-жерінде 8,5 мыңнан астам есептік кез­­десу өтіпті. Бұл туралы Орталық коммуника­ция­­лар қызметінің брифингінде ҚР Президенті Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов хабарлады.

Жыл басынан бері өткен 9 мыңға жуық кездесуге 1 миллионнан астам ел тұрғыны қатысқан екен. Яғни, 2007 жылы өткен кездесулерге қарағанда 1,5 есе көп. Бұл – халықтың өз әкімдерінің есептік кездесуіне қызығушылығы артқанын білдіреді. Әлбетте, кездесуге келген жұрттың ішінен бәрі болмаса да, бірнешеуінің әкім-қараларға сауал жолдауы заңды. Міне, сол кездесулерде 24 мыңнан астам сұрақ берілді. Ел Президенті бұл кездесулердің көрсеткіштеріне арнайы талдау жасатып, соған байланысты бірқатар тапсырмалар берді. Олар төмендегідей.

Талдау көрсеткендей, ауыл тұрғындарын газ тарту, сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, әлеуметтік-мәдени нысандарды жаңарту мәселелері көп толғандырады екен. Ал, қалалықтарды қолжетімді баспана, балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту, инфрақұрылым желілерін жөндеу, қоғамдық көлік қозғалыстарын ұйымдастыру, аулаларды абаттандыру және тағы да басқа мәйекті мәселелер ойландырады.

Тағы бір айта кететіні, кездеуге келген кейбір жандар жергілікті әкімдіктердің құзыреті жүрмейтін және орталық органдар мен ұлттық компаниялардың құзырындағы мәселелер бо-йынша көптеген мәселелер көтерген.

Біз жоғарыда түгендеген мәселе­лер­дің ішіндегі ең күрделісі – халықты жұмыспен қамту. Жұмыссыздық, әсіресе, өңірлерде белең алған. Бүгінде елімізде бұқараның екі қолына бір күрек тауып беруді мақсат еткен бір емес, бірнеше бағдарлама бар. Алайда, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар барлық қалалар мен аудандарды бірдей қамтымай отыр. Осы орайда баяндамашы былай деді:

«Жүргізілген талдаулардың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма берді. Атап айтқанда, Астана, Алматы қалаларының және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, әкімдердің есеп беру кездесулеріне орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтер мен компаниялардың өкілдерін тартуды, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар деңгейінде қолға алуды талап ететін ұсыныстар мен мәселелерді шешу жөніндегі іс-шаралардың жоспарын әзірлеуді міндеттеді».

Оған қоса, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған ҮИИД, «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды және «ҚазАгро» инвестициялық жобаларын іске асырудың нәтижелігін арттыру туралы нақты міндеттер белгіледі.

Сондай-ақ, баяндамашының айтуынша, Президент тапсырмасы бойынша жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай жетілдіру және жергілікті атқарушы органдардың жұмысына деген қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында есеп беру кездесулерінің форматына және олардың өткізілу мерзіміне өзгертулер енгізу жоспарлануда. Атап айтатын болсақ, ауыл әкімдерінің есеп беру кездесулерін ең кем дегенде тоқсан сайын, аудан және қала әкімдерінің кездесулерін жылына екі реттен өткізу көзделіп отыр.
Әкімдердің халықтың алдына жиі шығып тұрғаны жөн. Неге десеңіз, бұқарамен кездесу кезінде атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттердің бағыты айқындалады.

Айнұр САНАБЕК

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button