Басты ақпаратРуханият

Есесі қайтқан еңбек – игі

Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы  Мемлекеттік басқару академиясына 30 жыл толды. Тарих тұрғысынан алғанда, бұл қас-қағым сәт. Десек те, Мемлекеттік басқару академиясының қалыптасу тарихы – тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты және оның ажырамас бір бөлігі екені ақиқат. Қазіргі уақытта республикамыздағы заңды түрде мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәртебесін иеленген жалғыз жоғары оқу орны болып табылады.

Егемендіктің бас­тапқы кезеңінде жаңа экономика құру және елді басқарудың жаңа талаптары аясында білікті кадрларға деген қажеттілік ерекше байқалды.

Мемлекет басшысының кәсіби мемлекеттік аппаратты құру және стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыра алатын ұлттық элитаны қалыптастыру жөніндегі идеясы – жоғары білікті кадрларды даярлау қажеттілігін  одан сайын арттыра түсті. Сонымен бірге мемлекеттік қызметке кадрларды даярлау жүйесіне елеулі өзгерістер енгізуге түрткі болды. Осы күрделі кезеңде елдің нарық талаптарына бейімделген мемлекеттік басқару органдары үшін мамандар даярлайтын бірнеше мамандандырылған оқу орындары құрылды.

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерді кәсіби оқытудың инфрақұрылымын құру бағытында бірқатар маңызды қадамдар іске асырылды. Олардың құрамындағы Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты (1991 ж.), Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі (1994 ж.), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық жоғары мектебі (1996 ж.), Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты (2001 ж.) ерекше мәнге ие болды. Осы аталған оқу орындары жаңа формация­дағы кәсіби мемлекеттік қызметшілерді даярлау­ға зор үлес қосты. Олардың түлектері еліміздің көрнекті мемлекет қайраткерлері, орталық және жергілікті билік органдарының басшылары сияқты жоғары дәрежедегі мамандарға айналды.

Кәсіби оқыту құрылымы

Жас тәуелсіз мемлекеттің алдында стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыра алатын кәсіби мемлекеттік аппаратты құру міндеті тұрды. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында 1994 жылғы 29 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің негізі қаланды. Сондықтан бұл күнді академия­ның алғашқы айтулы күнтізбесіне енгізіліп, қалыптасқан күні ретінде тарихта қалды десек те болады. Сондай-ақ Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің тұңғыш директоры ретінде Нұрлан Жұмағалиұлы Дәненов тағайындалды. Осы тұста айта кететін бір қызық дүние – Ұлттық басқару мектебі өз қызметіне үлгі ретінде Францияның мемлекеттік әкімшілік мектебінің (ENA) моделін таңдады. Ол да кездейсоқтық емес, өйткені біздің еліміздің саяси жүйе­сінің құрылымның негізінде Франция республикасының моделі жатыр. Оны көпшілік тарихтан біледі. Осылайша 1995 жылы алғашқы тыңдаушылар қабылданды.

Ұлттық басқару мектебінің мәртебесіне алғашқы тыңдау­шыларды жинақтау да ерекше мәнге ие болды. Мектепке қабылданған алғашқы білім  алушылар  мемлекеттік органдардың ұсынымдары негізінде, емтихандар мен сұхбаттасудан өткен кандидаттар арасынан іріктелініп алынды. Бүгінде, осы алғашқы түлектердің есімдері көпшілікке белгілі. Олардың арасында  Қ.Келімбетов, С.Қапаров, Ф.Қуанғанов, ­А.Перуашев, М.Мусатаев, Д.Қалетаев, ­Ә.Исекешев және басқалары бар. 1995 жылдан 1998 жылға дейінгі аралықта мектеп базасында 81 мемлекеттік басқару менеджерлері түлеп ұшты. Бүгінде олар еліміздің алыс және жақын шетелдерінде танымал сарабдал саясаткерлерге айналды.

Бүгінгі таңда академия құрамындағы Дипломатия институты да Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 10 қыркүйектегі  «ҚР Сыртқы істер министрлігінің жанынан Жоғарғы дипломатиялық мектебін ашу туралы» №1102 қаулысымен құрылды. Содан кейін, Үкіметтің 24 желтоқсандағы №1589  қаулысымен кейінірек елордамыздағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрамына енгізілді. Дипломатиялық мектептің алғашқы директоры ретінде мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков тағайындалды.

Қазіргі кездегі Қазақстан Рес­публикасы Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясы да өз уақытында Мемлекеттік басқару академиясының құрамында болғанын атап өткіміз келеді. Анықтама ретінде айтар болсақ, арнайы оқу орнын құру 2001 жылы басталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 4 желтоқсандағы № 1557 қаулысымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанында судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты ашылды. Институтты Қазақ КСР, ­Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бұрынғы төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбетов Тамас Қалмұхамбетұлы басқарды. Институт 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастады. Осы алғашқы жылынан бастап-ақ шамамен 300 судья өздерінің біліктілігін көтерді.

Білім ордасын әр жылдары елімізге танымал А.С.Серікбаев, Ж.А.Құлекеев, А.С.Ахметов, Б.К.Есекина, А.А.Өрсариев, Б.С.Әбдірасилов, Ф.Н.Жақыпова, А.А.Ахметов сынды тұлғалар басқарды. Олардың әрқайсысы да академияның тыныс-тіршілігіне өз заманына сай тың өзгеріс­тер, идеялар мен жаңашылдық енгізді. Бүгінде академияны экономика ғылымдарының кандидаты Е.Қ.Әбіл басқарады. Осы оқу орнында елімізге танымал Т.Ы.Сүлейменов, А.Б.Зейнелгабдин, Б.М.Сапарбаев сынды қазақтың көрнекті тұлғалары дәріс оқығанын және оқып жүргенін мақтанышпен айта аламыз.

Академиялық беделі артты

Академия өз қызметінде «Дәстүрді сақтай отырып, болашаққа ұмтыламыз» қағидатын қатаң басшылыққа алады. Қазіргі таңда оқу орнының тыңдаушыларын сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында  81 оқытушы-профессор құрамы табысты еңбек етуде. Соның ішінде 12 ғылым докторы, 32 ғылым кандидаты, 21 PhD қыз­мет атқарады.

Жыл сайын академияға 132 тыңдаушы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейі бойынша қабылданады. Соның ішінде магистратураға 120,  докторантураға 12 адам қабылданды. Осы жерде ақпарат ретінде айта кетсек, академия өзінің 30 жылдық тарихында магистратурада –11, докторантурада – 3, Білім беру бағдарламасы бойынша 3000-нан астам түлектер даярлап шықты. Кейінгі толқын түлек арасында бүгінгі таңда биік мансап белесінде жүрген бірқатар азаматтарды айтуға болады. Мысалы, Талғат Ілиясұлы Ешенқұлов – Ғылым және жоғары білім вице-министрі, Тамабек Абулхаир Ғалымұлы – Ауылшаруашылық вице-министрі, Айдаров Алмас Айдарұлы – ­Сыртқы істер вице-министрі, Нұрлан Жаңбыршаұлы Нүркенов – Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары.

Академияның төрт магистрлік бағдарламасы EAPAA (Еуропалық мемлекеттік басқару аккредитация қауымдастығы) тарапынан аккредитациядан өтті: «Мемлекеттік басқару», «Экономика», «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар». Академиялық саясатты іске асыруда Смарт академия жобасы аясында келешекте жасанды интеллектіні пайдалану қарқынды жолға қойылмақ. Бұл жоба келешекте мемлекеттік қызметшілердің тиімді басқарушылық шешім қабылдау құзыреттіліктерін дамытуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, академияда мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік және жеке сектордың базаларына тыңдаушыларды көшпелі дәріс­терге апарумен қатар, аталған мекемелерден қонақ дәрістерге лекторлар шақыру үрдісі жақсы жолға қойылған. Сондағы біздің мақсатымыз – тыңдаушылардың бойындағы кәсіби құзыретті қатар дамыту.

Оқытушы-профессор құрамы білім беру барысында тыңдау­шыларға кейстік әдістер, интерактивті баттл және гемификациялық әдістерді кеңінен пайдаланады. Нәтижесінде тыңдау­шылардың сараптамалық құзыреттері дамиды.

Сондай-ақ академия қабырғасында әр аптаның жұма күндері тыңдаушылардың қызығушылығына қарай даму күні өтеді. Даму күні аясында олар еліміздегі көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік және жеке сектордың  өкілдерімен кездесіп, өз бойларындағы Мемлекет басшысы көтеріп жүрген мемлекеттік қызметшілердің бойындағы кәсіби және коммуникациялық құзыреттер мен бірге «Адал азамат» пен «Әділетті қоғам» құндылықтарын дамытып қана қоймай, оларды өз бойларына сіңіреді.

Сонымен қатар, тағы бір жақсы жолға қойылған академия­лық үрдіс – көшпелі қорытынды аттестация өткізу. Тыңдаушылар өз магистрлік жобаларын мемлекеттік органдар және оған бағынысты ұйымдарда қорғайды. Сондағы мақсат – бітіруші түлектердің ұсыныстарын жылдамырақ мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруде пайдалану және олардың мансаптық өсуіне жол ашу.

Академия құрамында Кәсіби даму институты да өте жемісті қызмет атқарып келеді. Ол мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруға маманданған.

Институттың басты мақсаты – жоғары білікті мемлекеттік аппарат қалыптастыруға және басқару, талдау, коммуникация сияқты маңызды бағыттар бойынша құзыреттер деңгейін арттыруға қолдау көрсету. Институттың білім беру саясаты Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы № 125 Қаулысына негізделеді, ол бойынша әкімшілік мемлекеттік қызметшілер үш жылда бір рет біліктілікті арттырудан өтуі тиіс. Оқу бағдарламалары мемлекеттік қызметшілердің функционалдық міндеттеріне сәйкес бағыттар бойынша әзірленіп, олардың өзектілігі мен практикалық қолданылуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, академияда алғаш рет «Б» корпусының мемлекеттік қызметіне жаңадан тағайындалған қызметкерлер үшін қайта даярлау курстары қарастырылған. Оқу процесі қайта даярлау курстарын және әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерге арналған біліктілікті арттыру семинарларын қамтиды. Оқудың ұзақтығы форматқа байланысты: семинарлар 8-ден 80 академиялық сағатқа дейін, ал қайта даярлау курстары 120 академиялық сағатқа дейін созылады.

Институт кәсіби және жеке құзыреттерді дамытуға бағытталған 100-ден астам тақырыптық бағыттар бойынша біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлеп, табысты іске асыруда.

Президенттік жастар кадр резерві (ПЖКР) мүшелері үшін жыл сайын оқыту бағдарламалары өткізіліп, басқарушылық дағдылар дамытылады.

Академияның халықаралық әлеуеті

Оқу орнының халықаралық байланыстары академияның тұрақты дамуында стратегия­лық маңызға ие. Жаһандану жағдайында мемлекеттік қыз­метшілер халықаралық саясатта өз елінің мүдделерін ұлтжандылықпен мемлекетшілік рухта қорғай білуі өте өзекті. Қалыптас­қан геосаяси жағдайда еліміздің экономикалық әлеуе­тін арттыру, жаңа инвестиция көздерін тарту, жаңа технология және инновация саласында сырт­қы байланыстарды жандандыру үшін алыс және жақын шетелдермен байланыс орнату, тәжірибе алмасу өте өзекті болып тұр. Сонымен бірге, бірлес­кен ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен конференциялар ұйымдастыру, дамыту бағыттары да жаңа сапалық деңгейге көтерілді.

Қазіргі таңда академия қыз­метіндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту маңызды орын алады. Тәжірибе көрсеткендей, біліктілікті арттыру жүйесін жетілдіру, қазіргі заманғы ғылыми әдістемелерді енгізу, сондай-ақ магистратура және докторантура бағдарламаларын іске асыру үшін ғылыми және білім беру қызметінде халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды кеңейту аса маңызды.

30 жылдық қызмет барысында академия мемлекеттік басқару және мемлекеттік саясат саласындағы әлемнің жетекші университеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, АҚШ, Бельгия, Италия, Франция, Финляндия, Сингапур, Түркия, БАӘ, Литва, Қытай, Болгария, Ресей, Грузия, Үндістан, Орталық Азия елдері, Әзербайжан және басқа да елдерден серіктестерімен белсенді ынтымақтаса отырып, өзара тиімді серіктестікті жалғастырып келеді.

Академия тыңдаушылары Қазақстанда және шет елдерде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие. 2023-2024 жылдары Мохаммед бин Рашид мектебі, Анвар Гаргаш академиясы (БАӘ), Миколас Ромерис университеті (Литва), Қазан федералдық университеті (Ресей), Кавказ халықаралық университеті (Грузия), Джавахарлал Неру университеті (Үндістан), София университеті (Болгария), ADA университеті (Әзербайжан) сияқ­ты білім беру мекемелерінде тағылымдамалар сәтті ұйым­дастырылды.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарынан басқа, магистранттар мен докторанттар халықаралық ұйымдарда тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие. Қазіргі уақытта Дипломатия институтының докторант­тарының бірі Дүниежүзілік зият­керлік меншік ұйымында тағылымдамадан өтуде.

Қазіргі уақытта Академия­да Сейняйоки қолданбалы ғылымдар университеті (Финляндия), Сиракуз университеті (АҚШ) және Мохаммед бин Рашид мемлекеттік басқару мектебімен (БАӘ) бірлескен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2024 жылы Италияның Ұлттық мемлекеттік басқару мектебі және Франция, Қытай, Түркияның озық университеттерімен қос диплом бағдарламаларын іске асыру жоспарлануда.

Академия Erasmus+, БҰҰДБ, Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) сияқты халықаралық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысады. Орталық және Шығыс Еуропадағы Мемлекеттік басқару институттары мен мектептері желісі (NISPAcee) және Америка мемлекеттік басқару қоғамы (ASPA) сияқты халықаралық қауымдастықтардың мүшесі ретінде академия түрлі іс-шараларға, форумдарға және конференцияларға қатысады, сондай-ақ халықаралық деңгейде серіктестік байланыс­тарды нығайтуда.

Қорытындылай келе, академия өзінің 30 жылдығы аясында бірнеше табысты жобаларға қол жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында берген тапсыр­маларын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлескен жобалар арқылы жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың қыркүйегіндегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі толыққанды стратегия­лық HR институтына айналуға тиіс» деген тапсырмасын іске асыру бағытында академияның жанынан «Адами ресурстарды басқару» институты құрылды.  Ал 2023 жылғы 01 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы «Мемлекеттік аппаратты бюрократия­дан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғастыру туралы тапсырмасы Агенттікпен нақты жоба арқылы әлі де жалғасып келеді. Сонымен бірге, Президентіміздің «Жоғары лауазымға ие болғысы келетіндер көп, бірақ олардың біліктілігі тиісті талапқа сай келмейді, сондықтан кадр мәселесін міндетті түрде қолға алуымыз керек, сапалы мамандар тәрбиелеу қажет» деген тапсырмасы да екі ұжым тарапынан нақты жоба ретінде жүзеге асуда. Биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы Мемлекет басшысы «мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көше бастады. Енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Үкімет бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек» деген тапсырмасын жүзеге асыруда қоян-қолтық бірігіп жұмыс жасауда.

Дана халқымызда «Есесі қайтқан еңбек – игі» деген қанатты сөз бар. Осыдан 30 жыл бұрын негізі қаланған оқу орнының мемлекетті басқару саласындағы мемлекеттік қызметшілерді даярлау бағытындағы атқарған еңбектері еліміздің  саяси-экономикалық әлеуетін көтеруде еселеніп қайтты деп айтуымызға толық негіз бар деп ойлаймыз.

Айтулы жыл аясында, академияның барлық құрылымдары мен қызметкерлері Мемлекет басшысының тапсырмаларында көрсетілгендей мемлекеттік басқару мен оны жетілдірумен қатар, мемлекеттік қызметшілердің беделін арттыру жолында  аянбай еңбек етуде. Осы тұрғыдан алғанда, Агенттік басшылығына үлкен алғысымызды білдіреміз.

Зулфухар ҒАЙЫПОВ,

ҚР Президентінің жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, елордалық Қоғамдық кеңесі төрағасы, ҚР Ұлттық Құрылтай мүшесі

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button