Қоғам

ЕШКІМ ДЕ, ЕШТЕҢЕ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Мамырдың мерейлі мерекелері артта қалды. Мектеп оқушылары мен студенттер, ардагерлер мен жастар, кәсіпорындар, мәдени-ағарту мекемелердің ұжымдары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс күні мерекелерінде Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен тыл еңбеккерлеріне және қарттарға жауынгерлік ерліктері, сондай-ақ, ерен еңбектері үшін құрмет көрсетіп, ілтипат білдіріп, қамқорлық танытты.

ERM_2936

Былтыр Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланғаннан кейін жастардың бойындағы отаншылдық сезім ұлғая түскені қуантады. Биыл да қала мектептерінде соғыс арда­герлері мен тыл еңбек­кер­лерімен ұйымдас­тырылған кез­десулерде өз мемлекетіне, туған халқына деген шексіз
махаббат, аға буынға деген құрмет пен алғыс ерекше көрініс тапты. Майдангерлер мен тыл еңбеккерлері өз тараптарынан жастарды Отанды сүюге, оның дамуы мен гүлденуіне үлес қосуға шақырды.
№1, 22, 28, 63 және басқа да мектептерде өткен Ұлы Отан соғысы тарихы мен халықтың теңдесі жоқ ерлігін аша түсетін әдеби-сазды кездесулер ешкімді бейжай қал­дыр­мады. Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен «Жеңіс үшін рахмет!» атты кездесу Тұңғыш Президент кітапханасында өтті. Оған генерал С.Нұрма­ғамбетов атындағы респуб­ликалық «Жас Ұлан» мек­тебінің тәрбиеленушілері, «Кемел Ел» мәдени-ағарту жұмыс пен жастарды тәр­бие­леу орталығы, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар-жасөс­пі­рімдер ұйымы» РҚБ, қала мектептерінің оқушылары қатысты. Астана қаласы Тарихи-мәдени мұра нысандарын және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жө­ніндегі дирекция Сарыарқа аудандық ардагерлер кеңесімен бірігіп ұлы мереке қарсаңында Ресейдің ғылым және мәдениет орталығында Ұлы Жеңіс күні мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына орай және оның «Ле­нинградтық өренім» атты өл­мес өлеңінің 70 жылдығына арнап «Олар Отан үшін шай­қасты» атты тақырыптық кеш өткізді. Ұлы Отан соғысы жауынгерлері ескерткішінің алдында «Ұлы Жеңіске мың тағзым» атты тақырыптық кеш ұйымдастырылды.
Қалалық Ардагерлер кеңесі Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Ауғанстан соғысы ардагерлер ұйымы қауымдастығымен бірігіп, Б.Момышұлы ескерт­кішінің алдында «Бізді есте­ліктер 1941 жылға оралтты» атты шарасын ұйымдастырып, 316-атқыштар дивизиясын майданға шығарып салу тарихи көрінісін жаңғыртып, әскери-патриоттық акцияны өткізді.
Әлия Молдағұлова, Иван Панфилов, Ауған жауынгерлері ескерткіштері алдында соғыс ардагерлерімен кездесу өтті. Ардагерлердің қатысуымен Ақмола госпиталінде жара­қаттардан қайтыс болған жауынгерлер ескерткішіне, Отан қорғаушылар алаңындағы Мәңгілік алау монументіне Даңқ гирляндалары қойылды.
М.Горький атындағы Мем­лекеттік академиялық театры «Ештеңе де ұмытылмайды» деген қойылыммен сұрапыл соғыстың ауыртпалығын арқау етті. «Астана Опера» театры әртістерінің қатысуымен өткен тақырыптық концерттер «Қазақстан» концерттік залында, Бейбітшілік және келісім сарайында өтті.
Мыңдаған қайырымды ас­та­­налықтар Жеңіс күнінде кө­шелерге шығып, кең көлемді «Мәңгілік полк» акциясына қатысты. Олар Отан үшін от кешкен, ұрпағы бейбіт өмір сүруі үшін жанын пида еткен жауынгерлерді құрметпен еске алды. Ардагерлерге арналған және солардың қатысуымен өткен шаралар бұл ғана емес.
Қарттарға материалдық қол­дау да жан-жақты көрсетілді. Астана қаласының әкімдігі мен мәслихаты әрбір соғыс қатысушысына бір миллион теңгеден берді. Ал ардагерлерге теңестірілген азаматтарға – 20 мың теңгеден, тыл еңбек­керлеріне – 10 мың теңгеден, соғыс ардагерлерінің жесір­леріне – 50 мың тең­геден, қаза болған соғысқа қа­ты­сушылардың әйелдеріне 10 теңгеден бөлінді.
Елордадағы 44 ұйым Ардагерлер кеңесінің өтініш-тілегін жерге қалдырмай, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көңіл аударып, қолдау көрсетті. «Цеснабанк» АҚ 171 ардагерге 100 мың теңгеден берді. «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ 81 ардагерге 100 мың теңге бөлді. «Самұрық Энерго» ЖШС мен «Добрые дела» атты Астана қаласының бастамашыл тобы мұқтаж жандарға 6 мүгедек арбасын алып берді. «Рухани қоғам әлемі» ҚҚ 53 қарияға азық-түлік берді. Мұндай мысалдарды көбірек келтіруге болады.
Қалалық Ардагерлер кеңесі Жеңіс үшін күрескен батыр­ларға, тыл ардагерлеріне бейжай қарамай, көмек қолын созған тұрғындарға шын жүректен алғыс білдіреді. Біз ардагерлеріміздің өжеттігін, қайсарлығын ешқашан ұмыт­паймыз. Олардың ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін мақтаныш. Ардагерлер қандай құрметке де лайық. Қарттарымыздың қатары күннен күнге азайып бара жатыр. Біз оларға жан-жақты қолдау көрсетуге міндеттіміз. Тек қана мереке күндері ғана емес, күн сайын, әсіресе, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында ардагерлерімізді ардақтап, олардың ерлігін жадымызда сақтап, жүрегімізде аялап өтуге тиіспіз.

Сансызбай ЕСІЛОВ,
Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button