Ұлттық құрылтай

Ешкімді өзектен теппейік

Жаһандану сынағына төтеп беру үшін біз жаңа технологияларды игерумен қатар ұлттық озық дәстүрлерімізді сақтап, әлемге қазақтың көзімен, ұлттық мүдде тұрғысынан қарауға қол жеткізуіміз қажет. Сондықтан қазақ тілінде және қазақ туралы заманауи формада ақпарат, білім, әдебиет көздерін қалыптастыру маңызды. Осы орайда қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың образын пайдаланатын компьютерлік ойындарға және комикстерге халықаралық бәйге жариялауды ұсынамын.

[smartslider3 slider=3265]

 

Қазақ «Сөз – көмек, тіл – құрал» дейді. Көмек көлемді, құрал заманауи болу үшін қазақ тілін қолдану аясын кеңейтумен қатар сөздік қорды жүйелі жаңғырту маңызды. Бұл істе тіпті бір миллиондай ғана халқы бар Эстонияның тәжірибесі де пайдаға асар еді. Ол елде эстон тілінде жаңа сөздерге ұлттық бәйге жарияланып, онлайн дауыс берумен анықталған жеңімпаздарды Президент марапаттайды.

Барлық салада мемлекеттік тілге мәтін, видео, аудио өнімін аударуға және оларды заңдастыруға субсидия беру жүйесін қалыптастырып, одан басқа да шараларды қамтитын «Ұлттық білім қоры» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау – уақыт талабы.

«Құлақ асатын мемлекет» концепциясы толық жұмыс істеу үшін халықтың мұңы мен мұқтажы, даты мен дауысы билікке арыз-шағымсыз жететін құрылтайдан басқа да жүйелер қажет. Заманауи демократияларда бұл жүкті бұқаралық ақпарат құралдары алып жүр. Бұл мақсатта «Хабар» және «Қазақстан» арналарын қоғамдық телекорпорацияларға айналдыру қажет деп ойлаймын. Олардың басты мақсаты ағарту болып, директорлар кеңесіне зиялы қауым өкілдерімен қатар озық елдерде білім алып, еңбек еткен жастарды да қосқан абзал болар еді. Әлемге қазақтың көзімен қарау үшін осы арналар жаһанның әр аймағында тілшілер ұстап, сол елдердегі қазақстандық жастардың да әлеуетін пайдаланған жөн.

Қоғамдық құндылықтар үшін бәсекелестікте отандық контент сапасымен қатар ақпараттық қауіпсіздік те маңызды. Біз бейбіт саясат мемлекетіміз. Пандемия денсаулықтың, ал қасіретті қаңтар мен Украинадағы соғыс бейбітшіліктің қадірін терең түсіндірді.

Адами капитал дамуында экономикалық саясаттың орны ерекше. Мемлекет басшысының демонополизацияға бағытталған батыл шешімдері қоғамдық психологияға да әсер етіп, алпауыттар елдің иесі – ұлт бар екенін сезе бастағандай.

Референдум арқылы жер мен жер қойнауы иесі халық екені бекітілді. Енді жер қойнауын пайдалану контрактілерінің жария болуын міндеттейтін заң қажет.

Үкімет осы күнге дейін беріліп келген салықтық, кедендік, тарифтік жеңілдіктер мен преференцияларға ревизия жасап, арнайы комиссия қайта шешім қабылдағанша олардың берілуін тоқтата тұрған дұрыс.

Экономикада мемлекет үлесі азайып, әділ бәсекелестік орнығып, әлеуметтік лифттілердің жұмыс істеуі өз кезегінде еңбек пен білім құндылығын да көтерер еді.

Бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайтып, әлеуметтік шиеленістердің алдын алуда Үкімет-кәсіподақ-жұмыс берушілер үшбұрышындағы тепе-теңдік маңызды. Әзірше бұл қисық үшбұрыш болып тұр. Егер ол түзеліп, әлеуметтік әріптестік қалыптасса, онда жалақы мөлшері, бейнеттің әділ бағалануы секілді өткір мәселелер ұжымдық және салалық келісімшартта шешілер еді.

Қазақстанның қоғамында сенім шайылуы мен басқа да өзекті мәселелердің негізгі себебі – мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін және ұлттың абыройын төгетін жүгенсіз жемқорлық. Оған қарсы күресте соңғы уақытта атқарылған істерге қоса бірнеше ұсыныс бар.

Біріншіден, мемлекет ортақ игіліктерді, яғни пәтер, жер телімдерін бөлгенде, кадастрлар жасақталғанда блокчейнді енгізу.

Екіншіден, мемлекеттік бюджет пен кәсіпкерлер, компаниялар арасындағы транзакциялардың жариялығын қамтамасыз ететін интернет платформа жасау.

«Айыр пікір айып емес, айыр пікірсіз өмір абақты» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтып кеткендей, ағымдық саясаттағы пікір алуандығы – демократияның шарты. Ендеше ішкі саясатта ешкімді өзектен теппей, өңменінен итермей тәрбиелеу, ағарту, қажет болғанда көзі ашықтың көкірегін ояту, көкірегі ояудың көзін ашу – біздің ортақ парызымыз.

«Жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жаны ашымағандық». Сондықтан ағымдық саясатта әр саладағы кемшілікті айтқандарға жанашыр ретінде қарау – «құлақ асатын мемлекет» мәдениетінің сипаты болуы тиіс. Ал күнделікті өмірде әркім өзінің және өзгенің абыройын, еңбегін, уақытын, хақын құрметтейтін мәдениет қалыптастыру абзал.

Ең бастысы, бәрінен де қастерлі тәуелсіздік, мемлекет тұтастығы, ел бірлігі, жер иелігі, мемлекеттік тіл тағдырына келгенде барлығымыз бірігіп, ортақ құндылықтарды қорғауға тиіспіз. Осы сауапты да жауапты істе Ұлттық құрылтайға баянды табыс тілеймін!

Алихан БАЙМЕНОВ,

қоғам қайраткері, Ұлттық құрылтай мүшесі

Тағыда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button