Жаңалықтар

Есігімді ластапты Есілімді ластапты

Мен ағылшыншадан қақпаймын. Қасымдағы тілшілердің де «I love you!» дегеннен басқаға тілдері келмей-ақ қойған. Сөйте тұра, бәріміз ағылшындық әріптесіміз Джонатан Ньювеллден ұялып жүрміз. Өзіміз оның ана тілін меңгере алмағандықтан емес, есігімізден есін шығара қуғанымыз үшін! Қалай дейсіз ғой?..

Бірде ол жігіт Астанаға келгенде «халықаралық» деген мәртебесі бар әуежайымыздан «қатты сасып, бетті басып, тұра қашты жалма-жан». Еліне жетіп алғаннан кейін, «қазақстандық ұлттардың» халықаралық тілден мақұрымдау екенін бетке салық етіп, әлеуметтік желі арқылы әлемге жар салды. Әуежай терминалдарынан қате жазуларды көріп, өз көзіне өзі сенбепті. Енді бұған өзге жұрт сене ме екен дегендей, бір суретті ғаламторға жариялап көрген. Сөйтсе, телетілші Джонатанды біз рас қуыппыз. Бүй дейді ол: «Қазақ елордасының «Астанаға хош келдіңіз!» дегендері – дұрыс аударма. Ал, «Push» – «итер» де, «Push off» – «бұл жерден кет» деген сөз. Бұндай жазуды әуежайдан сыртқа шығатын оншақты есіктен байқадым. Демек, жолаушы «бұл жерден кет» дегенді Қазақстанның кез келген есігінен оқи алады. Басқасын қайдам, әйтеуір, астаналық әуежайға жаңа аудармашы қажет деп ойлаймын».
Үйбай-ай! Ұят-ай! Масқара-ай!.. Есігімді ластапты.
Опшым, «өзіңе қарай», «өзіңнен кері» деп сөзді көбейтіп жүрген аудармасымақтарымыз сол Джокеңнің тілінен тікелей тәржімалағанда «тарт», «итер» ғана екен ғой. Бір сөзді екі етіп, екі сөзді екі еселеуден көретін құқайымыз – осы!
Ағылшын әріптесімнің базынасы ғаламторға шыға салысымен, Астана әуежайының президенті Қайрат Жауханов қате жазулардың түзетілгендігін былайша хабарлап жатты: «Астана әуежайындағы жолаушылар терминалының ресімделуіне аса үлкен көңіл бөлгені үшін Джонатан Ньювелл мырзаға алғысымды білдіремін!». Беу де! Қызды-қыздымен «Ньювелді Нобельге ұсыну керек!» демегеніне шүкір. Егер анау қатені ептеп ағылшын тілін оқыған біздің көрші қыз көре қалса, оған «пішту…» деп мұрын шүйірулері мүмкін. Қазақстандық қазақ болғаны үшін ғана жазықты болып қалар еді-ау, байғұс!
Ол әуежайымыздың тағы бір хикаясы бар. Биылғы жаздың басында табиғатқа залал келтіргені үшін 13 млн 600 мың теңге айыппұлға түсіп қалған. Өсек емес, Астананың Авиациялық көліктік прокуроры Нұрлан Ахметбаевтың өзі айтып отыр. «Әуе керосині төгілгеннен кейін тексеру жүргізіліп, әуежайдың экологиялық заңнаманы бұзғандығы анықталды» дейді ол.
Үйбай-ай! Ұят-ай! Масқара-ай!.. Есілімді ластапты.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button