Басты ақпаратҚала мен Сала

Есіл ауданындағы еңселі істер



Астанадағы ең жылдам дамып келе жатқан ауданның бірі – Есіл. Құрылғанына 15 жылдан асып барады. Жалпы аумағы 200,22 шаршы километрді қамтитын аудан халқының саны бүгінде 240315 адамды құрап отыр. Газетіміздің осы санында елорданы көркейтуге елеулі үлес қосып жүрген ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тыныс-тіршілігіне тоқталғанды жөн көрдік.

Бүгінде Есіл ауданы қарқынды дамып келеді. Әсіресе соңғы жылдары тұрғындар санының тез өсуіне байланысты қолайлы өмір сүру үшін барынша жағдай жасалып, әлеуметтік нысандар салынуда. Саябақтар мен тынымбақтар саны артып, жолдар мен көшелер абаттандырылуда. Алда атқарылар міндет те ауқымды.

Айналаны тазарту – басты назарда

Есіл ауданы – еліміздің әкімшілік орталығы, халық­аралық делегацияларды күтетін және маңызды жиындардың өтетін орны. Сол себептен ауданның санитарлық тазалығы қала және аудан әкімшілігінің басты назарында. Бұл бағыттағы санитарлық жұмыстардың күнделікті жүргізілуі де сондықтан. Тізбектесек, ауданда аялдамаларды, қоғамдық дәретханаларды, көпірлерді, қоршауларды жуып-тазалау іс-шаралары күнделікті атқарылып келеді. Сондай-ақ аулаларды, халық демалатын орындарды, зираттарды сыпырып, қоқыс шығару жұмыстары да тоқтаусыз жүргізіліп жатыр. Соның ішінде ауданның ғана емес, бүкіл елорданың бетке ұстар демалыс орны – Ботаникалық саябақта да көктем басталғалы санитарлық тазарту мен жасыл желектерді ­суару жұмыстары жалғасып келеді. Жалпы осы жазда Ботаникалық саябақ ерекше гүлденбек. Себебі биыл бұл аумақты толығымен жаңарту көзделген. Атап айт­қанда, велосипедке және жүгіруге арналған жолдар, спорт алаңдары, орындықтар, балалар алаңқайлары, жарықшам бағандары толығымен күрделі жөндеуден өтеді. Бұған дейін тұрғындардың өтініші бойынша орталық кіреберіс қосымша пандустармен жабдықталған болатын.

Атадан мал қалғанша – тал қалсын

Тұрғындар арасында экомәдениет қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға баулу мақсатында ауданда тұрғындардың қатысуымен түрлі іс-шара өтеді. «Атадан мал қалғанша – тал қалсын» дейді халық даналығы. Аталы сөзді күні кеше елордалық 10 отбасы өз деңгейінде орындады. Жас отбасылар Мемлекет басшысының тапсырмасына және Халықаралық отбасы күніне орай Абу-­Даби Плаза жанындағы сая­бақта 10 түп шырша ағашын отырғызды. Іс-шараны Есіл ауданы әкімдігі мен Amanat партия­сының Есіл аудандық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.

Ауқымды тал егу жұмыстары «Бағыстан» тұрғын үй кешені маңында да өтті. «Таза Қазақстан» экология айлығы аясында бұл аумаққа 500 түп шырша және қарағаш отырғызылды. Сонымен қатар аталған акция аясында Есіл ауданындағы Қарасу өзені және Нұра-Есіл арнасы жағалауларында сенбіліктер өтіп, жағажай маңы қоқыстан тазарды. Қарасу өзені бойына «Мөлдір бұлақ» экоапталығы аясында мемлекеттік мекемелердің 400-ден астам қызметкері сенбілікке шығып, жағажайды «демалыс» қалдықтарынан тазартты. Нұра-Есіл арнасы да акция басталғанда қоқысқа толы еді. Сол себепті аудан әкімдігі бірнеше мәрте тазалық апталығын өткізіп, аумақты қоқыстан түбегейлі тазартты. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы экоайлыққа белсене атсалысып, екі апта бойы сенбілікке 200-ден астам қызметкер шығарған екен. Ал «Жасыл аймақ» апталығы аясында аталған компания Есіл ауданында 600 түп ағаш отыр­ғызды. Оның 400-і №75 мектептің аумағында, ал 200-і Әбіш Кекілбаев көшесінің жиегінде бой көтерді. Түрлерін атап айт­сақ, шырша, қайың, үйеңкі, алма, алмұрт, қарағаш және линден ағаштары. Сонымен қатар «Самұрық Қазына» АҚ 2000 қыз­меткерімен Президенттік саябақ аумағын көктемгі қоқыстан тазартты, кейіннен дәл осы сая­бақта Есіл ауданының әкімдігі мен BI group холдингі бірлесіп, тұрғындар арасында экомәдениет қалыптастыруға бағытталған жалпыхалықтық пикник пен кинокөрсетілім өткізді. Соның негізінде елорданың мыңға жуық тұрғыны мен қонағы Президенттік саябақ аумағында отбасымен пикникке шығып, таза ауада, табиғат аясында қызықты уақыт өткізді. Ал балалар үшін арнайы аквагрим суретшілері, сиқыршылар мен аниматорлар жұмыс істеді. Пикник соңында тұрғындар саябақ аумағын қоқыстан тазартып, кешкісін «Хатико» фильмін және «Мулан» мультфильмін тамашалады. Жалпы «Таза Қазақстан» экоайлығы аясында BI group холдингі Есіл ауданында бірнеше ауқымды іс-шара өткізді, олар: жалпыхалықтық пикник, кинокөрсетілім, сонымен қатар Ботаникалық бақтағы жаппай йога сабағы мен ашық аспан астындағы караоке.

«Таза Қазақстан» айлығы аясындағы санитарлық тазалық жұмыстарының негізгісі – рұқсат етілмеген полигондарды жою. Аудан аумағында стихия­лық полигондардың 6 учаскесі бар. Олардағы қоқыс көлемі 50000 тоннадан асады. Қазіргі уақытта Jetisu Aqsu ТК маңындағы учаскенің қоқысы шығарылып жатыр.

Аудандағы ажарлы аулалар

Тұрғындардың серуендеп, демалатын орындарының қатарында өздері тұратын аула-­аумақтары да бар. Сондықтан Есіл ауданы әкімдігінің алдына қойған міндетінің бірі – аулалардың жай-күйін реттеу. Бұл мақсат, сәйкесінше, бүгіндері орындалып жатыр. Есіл ауданы әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлының айтуынша, қазіргі уақытта аудан аумағында 342 аула бар. Оның 85 пайызы тұрғындар талабына сай абаттандырылған, яғни 293 аула жөндеуді қажет етпейді, тек 49 аулаға абаттандыру жұмыс­тарын жүргізу қажет.

Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, Есіл ауданында ағым­дағы жылы 7 аулада жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кей аулалардың спорт алаңдарына жаңа тартан төселсе, кейбірінде балалар ойын алаңдары боялып, қираған орындықтары ауыстырылды. Сондай-ақ биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ауданда 4 аула қайта жөндеуден өтіп, толықтай жаңарады. Жалпы «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша Есіл ауданы тұрғындарынан 30 өтініш қабылданған еді. Оның 11-і, ережеге сәйкес, дауыс беруге жіберіліп, нәтижесінде ең көп дауыс жинаған 4 жоба биыл іске асады. Олар: Алматы көшесі, 13-үй немесе «Отандастар» тұрғын үй кешені тұрғындарының «Отандастар ТК ауласын абаттандыру» жобасы; Сарайшық көшесі, 5/1-үй тұрғындарының «Балалар алаңы мен аула аумағын қайта құру» жобасы; Қабанбай батыр даңғылы, 42-үйде орналасқан «Инфинити-2» ТК тұрғындарының «Бақытты балалық шақ» жобасы және Қабанбай батыр даңғылы, 40-үйдегі «Инфинити-1» ТК тұрғындарының жобасы.

– Біз аула аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерді ауқымды абаттандыру жұмыстарын жалғастырудамыз. Мұның бәрі аудан тұрғындары мен қонақтарына қолайлы орта қалыптас­тыру, уақытты тиімді өткізу, белсенді спорт түрлерімен айналысуы үшін жасалып отыр. Сонымен қатар бұл аула көркі мен қауіпсіздігін арттырады, – деді аудан әкімі.

Тілге тиек етсек, абаттандырылған аулаларда жаңа ойын және спорт тренажерлері орнатылып, алаңдарға резеңке төсеніштер төселді. Балалар ойнайтын аулалар шарбақтармен қоршалып, түрлі түсті бояулармен әрленді. Күрделі жөндеуден өткен аулалардағы балалар ойнайтын түрлі түсті қондырғыларды, құм төселген алаңдарды, асфальтталған жаяу жүргіншілер жолдарын көрген сайын көңіліңіз толып, қаламызды көгалдандыру және көркейту мақсатында, шын мәнінде, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына тәнті боласыз.

Көшелер жарықпен көрікті және қауіпсіз

Есіл ауданында жарықтандырылған көшелердің қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Ауданның коммуналдық қызметтері тұрақты негізде қысқа тұйықталуларды жою, істен шыққан шамдарды, кабельдерді ауыстыру, жаңа бағандарды орнату жұмыстарын жүргізуде. Өздеріңіз білетіндей, ауданның кейбір жерлерінде 2000 жылдардан бастап мүлдем ауыстырылмаған кабельдер бар. Аудан әкімшілігі ондай тозығы жеткен кабельдерді кезең-кезеңімен ауыстырып жатыр.

Жарықтандыру – аумақты абаттандырудың ажырамас бөлігі. Бұл ретте аудан аумағындағы Абу-Даби Плаза саябағында 35 жарықтандыру бағанасында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 4 метрлік 17 бағананың шамдары ауыстырылды.

Ауданның нақ ортасында тұрған Шұбар шағын ауданында кей көшелерде жарықтандыру проблемасы болған еді. Нақты айтқанда, Темірқазық, Көктем көшелерінің жарықтануы. Ол жердегі істен шыққан 8 жарықшам ауыстырылды. Сондай-ақ Е.Тайбеков көшесінде сым желілері де жаңартылды. Бұдан бөлек, «Пригородный» тұрғын алабындағы коттедж қалашығында 12, «Тельман» кентіндегі Аңырақай, Жайсан және Ақкемер көшелерінде 7 жарықшам ауыстырылды. Жарықтандырудың тағы бір маңызды бөлігі – ол жарықшам бағандарын күтіп-баптау жұмыс­тары. Айталық, көктем мезгілі басталғалы 1588 бағана боялды, 119 люк жабылды, 1336 жарықшам бағаны жуылып, тазартылды.

«Жол картасы» бағдарламасы аясында өткен жылы «Пригородный» тұрғын алабының «Юг» ТК мен «Аспан» спорт-сауықтыру кешенінен бастап Е-697 көшесіне дейінгі аумақта түгелімен жарықтандыру бағандары орнатылған болатын.

Жалпы ауданда жарықтандыру бағытында күнделікті атқарылып жатқан жұмыстар тізімі көп, біз тек ең маңыздыларын жазуды жөн санадық.

Жайлы да жылы аялдамалар

Халықтың көптеп шоғырланатын маңызды орнының бірі – аялдама. Автобус күтетін орын болғандықтан, жолаушылар легі де толассыз. Сол себептен аялдамалардың санитариясы күнделікті жүргізілуі тиіс. Есіл ауданында бүгінде 191 аялдама кешені және 222 аялдама ­пункті бар. Оның 26-сы – жылы, 7-еуі – вандализмге қарсы жабдықталған, 75-і – әйнек типтегі аялдама.

Аялдамаларды жуу, қоқыс­тарын шығару, әйнектерінің тазалығы, сынған элементтерін қалпына келтіру аппарат құзыретіне кіреді. Аудан әкімдігі 108 аялдама кешеніне қызмет көрсетеді және аталған жұмыс­тар күнделікті атқарылады. Мәселен, өткен аптада 60 аялдама боял­ды. Қалалық типтегі 20 аялдамаға әйнек орнатылды. 3 аялдаманың есігі жөнделді. Сонымен қатар жылы аялдамаларда кондиционерлер қосылды.

Өткен жылы «Бином люкс» мектебіне, «Талисман» тұрғын үй кешеніне және Garden Village-ге жылы аялдамалар орнатылды. Достық көшесіндегі бір стильдегі екі жаңа жылы па­вильон жеке кәсіпкерлердің есебінен қойылды. Ал қалалық Көлік басқармасы «Орынбор ­Тауэрс» және «Заречное» тұрғын алабында осындай жылы аялдама орнатты.

Ауданның бүгінгі тыныс-­тіршілігі осындай. Газет бетінің сыйымдылығына байланысты маңызды деген жұмыстарды ғана көрсеттік. Қорытындылай келе айтқым келетіні, еңселі елорданың ерке Есілі атымен аталатын Есіл ауданының дамуы үдей түспек, халық игілі­гіне ­жарар жоспар көп.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button