Есіл ауданындағы еңселі істер

Елордадағы ең жылдам өсіп келе жатқан ауданның бірі – Есіл. Жалпы аумағы 200,22 шаршы километр жерді құрайтын бұл аудан халқының саны – бүгінде 240 315 адам. Газетіміздің осы санында елорданы көркейтуге елеулі үлес қосып келе жатқан Есіл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тыныс-тіршілігіне тоқталғанды жөн көрдік.
Айналаны абаттандыру – басты назарда
Биыл тамыз айында Есіл ауданының құрылғанына 15 жыл толды. Бүгінде бұл елді мекен қарқынды дамып келеді. Әсіресе соңғы жылдары тұрғындарының саны өте тез өсті. Олардың қолайлы өмір сүруі үшін жағдай жасалып, әлеуметтік нысандар салынуда, саябақтар мен тынымбақтар саны артуда, жолдар мен көшелер абаттандырылуда. Алда атқарылар міндет те ауқымды.
Қаладағы №66 мектеп Есіл ауданының аумағында орналасқан. Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, биыл осы білім ошағының айналасындағы 200 шаршы метрге жуық жердің төсеніші ауыстырылды. Мұнда 2009 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Сонымен бірге Ақмешіт көшесінде осындай жұмыстар аяқталып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тегіс пандустар және антитаран қоршаулары орнатылды.
Көктемде саябақтар мен гүлзарларда абаттандыру элементтерін жөндеу жұмыстары басталған болатын. Осылайша, Ботаникалық бақта ішінара жөндеу жүргізілді. Өткен жылы тұрғындардың өтініші бойынша орталық кіреберіс қосымша пандустармен жабдықталған болатын. Бұл маңда тұрақты негізде санитарлық тазалау және суару жұмыстары жүргізіліп келеді.
Нұржол бульвары белсенді түрде абаттандырылуда. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, шамамен 130 шаршы метр гранитті плиталар жөнделді, 500-ден астам орындық сырланды. Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойындағы «Soho» тұрғын үй кешені тұрғындарының өтініші негізінде жақында осы аумаққа бағдаршам қондырғысы орнатылды. Алдағы уақытта жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру жоспарланып отыр.
Достық, Д.Қонаев көшелері, Мәңгілік ел даңғылы алаңындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды абаттандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп, қозғалыс мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, кеңейтілген пандустар салынды. Сол жағалаудағы халық ең көп жүретін көшелердің бірі болғандықтан, бұл көшелерде демалуға арналған орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылды. Балалар алаңдарын жөндеу-қалпына келтіру ауданның 11 ауласында жүргізілді. Шағын сәулеттік формалар ауыстырылып, асфальт жабыны төселді. Барлық жұмыстарды жүргізу барысында тұрғындардың тілегі барынша ескерілді.
Пригородный тұрғын алабында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалалық Білім басқармасымен бірлесіп №24 мектептің жанындағы төсем ауыстырылды. Сонымен қатар, Мәңгілік ел даңғылындағы тұрғын үйлердің декоративті-сәулеттік жарықтандыруы қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта 3 тұрғын үй кешені қосылған, тағы 12 нысанды жақын арада қосу жоспарлануда.
Биыл қала бойынша 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Абаттандырумен қатар, есіл ауданында көгалдандыру мәселесіне де ерекше назар аударылып келеді
Биыл қала бойынша 165-тен астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Абаттандырумен қатар, Есіл ауданында көгалдандыру мәселесіне де ерекше назар аударылып келеді.
Жылы аялдамалар көбейді
Тұрғын үй кешендерін жылыту маусымына дайындау және аудан аумағында экология айлығын өткізу бойынша жоспарлы жұмыстармен қатар, жылы аялдамаларды жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Барлық аялдамалардың электр диагностикасы жүргізіліп, есіктері жөнделді, 30-ға жуық павильонға есік қақпақтары орнатылды, 30-дан астам аялдамадағы жетіспейтін немесе сынған шыны ауыстырылды. Сондай-ақ біртұтас стиль жасап, эстетикалық көрініс беру үшін 90-нан астам аялдама сырланды. Санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Есіл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, тұрғындардың өтініші негізінде жақында «Бином люкс» мектебіне, «Талисман» тұрғын үй кешеніне және Garden Village-ге жылы аялдамалар орнатылды. Инвесторларды тарту арқылы да жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Достық көшесіндегі бір стильдегі екі жаңа жылы павильон жеке кәсіпкерлердің есебінен орнатылды.
Алдағы уақытта Министрлер үйінің жанына осындай жылы аялдама орнату жоспарланып отыр. Қалалық Көлік басқармасы «Orynbor Towers» және «Заречное» тұрғын алабында осындай аялдама орнатты. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ағаш отырғызу – сауапты іс
Елордада жыл сайын көктем-күз айларында экология айлығын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Есіл ауданында өткен осындай жалпы қалалық сенбіліктер барысында мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, құқық қорғау, медицина және білім беру мекемелерінің қызметкерлері, тұрғындар мен кәсіпкерлер өздеріне бекітілген аулаларды жинап, ағаш отырғызды. Жалпы іс-шараға барлығы 482 ұйым қатысып, 120 техника жұмылдырылды.
Айналаға ағаш егіп, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жайқалып өсіп, экологиялық ахуалды жақсартуға да әсерін тигізеді. Бұл бағытта аудан әкімі аппаратының ұжымы коммуналдық қызметтермен бірлесіп саябақтарды, скверлерді, Ботаникалық бақты, аллеялар мен көшелерді көгалдандыруда. Мәселен, Керей-Жәнібек хандар көшесінің бойында белсенді тұрғындар мен депутаттардың қатысуымен 300-ден астам ағаш отырғызылды. Бұл ретте көпжылдық гүлдер мен бұталарға көшу тенденциясын сақтай отырып, көгалдандыруда қанық түс пен жайқалып өсетiн біржылдық гүлдер көбірек егілді. Сонымен қатар, Ұлы дала даңғылының бойында және Керей-Жәнібек хандар көшесінде 250-ден астам балқарағай, қайың, қарағаш және қарағай отырғызылды.
Көшелер жарықпен көрікті
Есіл ауданында жарықтандырылған көшелердің қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл ретте ауданның коммуналдық қызметтері тұрақты негізде қысқа тұйықталуды жою, істен шыққан шамдарды, кабельдерді ауыстыру, жаңа бағандарды орнату жұмыстарын жүргізуде.
Жарықтандыру аумақты абаттандырудың ажырамас бөлігі екені белгілі. Бұл ретте аудан аумағындағы Линейный саябағында 35 жарықтандыру бағанасында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, 4 метрлік 17 бағананың шамдары ауыстырылды.
Сонымен қатар, Жол картасы бағдарламасы аясында Пригородный тұрғын алабының «Юг» тұрғын үй кешенінен «Аспан» спортпен сауықтыру кешенінен Е-697 көшесіне дейінгі аумағына жарықтандыру бағандары орнатылды.
Көшелерді жарықтандыру сапасы тұрғындардың көшелер мен жолдардағы қауіпсіздігін сақтауға әсер етеді. Есіл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, қазіргі кезде «Астана қалалық жарық» мекемесінің қызметкерлерімен бағаналарды, көше жарығын басқару шкафтарын тексеру жұмыстары жалғасуда.
Жаңа қоғамдық кеңістік ашылды
Есіл ауданының 15 жылдығына орай «Салтанат қақпасы» монументінің жанында жаңа гүлзар пайда болды. Оны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы көлік қызметкерлері күні қарсаңында елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап сыйға тартқан болатын.
Алаңның жалпы ауданы 1 га құрайды және онда балалар ойын алаңы, work-out тренажерлері, орындықтар, көгалданған орындар бар.
Сквердің құрылысы ұлттық компания мен Есіл ауданының әкімдігі арасында бұрын қол қойылған меморандум аясында жүзеге асырылды.
Тұрғындар тілегі ескерілуде
Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуінде жиі қозғалатын өзекті проблемалардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік нысандар, жолдар, қоғамдық кеңістіктер, инфрақұрылым нысандарын салу, газдандыру мәселесі алдыңғы орында тұр. Сондай-ақ апатты жағдайдағы үйлерді бұзу, жарықтандыру, интернет, автобус, көгалдандыру, тығыз салынған құрылысқа қатысты мәселелер де есілдіктерді жиі мазалайды. Олардың барлығы да кезең-кезеңімен шешіліп, аудан аумағында жаяу жүргіншілер жолының төсенішін жөндеу және қалпына келтіру бойынша жоспарланған жұмыстар жалғасуда.
– Біздің аудан басшысы халыққа әрдайым ашық, тұрғындармен жиі кездеседі. Өтінішімізге құлақ асып, жақында жүргіншілер бағдаршамын орнатып берді. Қуанышымызда шек жоқ. Бұрын, әсіресе балалар мен қарттар үшін, жолды кесіп өту өте қиын және қауіпті болатын. Міне, енді тұрғындардың тілегі ескерілді. Мәселелерді дер кезінде шешіп, халқына жақын болып жүрген аудан әкіміне және орынбасарларына алғысымызды білдіреміз. Еңбектері жана берсін! – деді аудан тұрғыны Жадыра Әлімбай.