Мәдениет

ЕСІЛ БОЙЫНДАҒЫ ЕРЕК ШОУ

Биылғы жаздың соңына дейін әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері бас қаланың тұрғындары мен қонақтары керемет кештің куәгері бола алады. Есіл өзенінің жағалауында ұйымдастырылатын лазерлік шоу кім-кімді де таңғалдырары анық.

13534486_600485433444074_1683732826_n

Шоудың ең негізгі көрінісі шеңбер пішінді субұрқақта бейнеленеді. Бұл фонтан елорданың туған күніне арналып жасалған-ды. Оның ұзындығы – 180 метр, ені – 20 метр, ал биіктігі – 22 метр. Фонтанға прожекторлардың 2880 RGB сәулесі, 836 жоғары қысымды сорғы, 909 су бүріккіш және 70 газ бүріккіш қолданылған.

– Сақина тәрізді гидротехникалық құрал-жабдықтар жағалауға параллель жатқан понтондар үстіне орнатылған. Субұрқақтың бүріккіштері от пен су ағынын біркелкі әрі өте үлкен қысыммен шығарады. Соның нәтижесінде пайда болған булы атмосфера лазерлік шоу мен түрлі бейнеқойылымдар трансляциясын жасауға мүмкіндік береді, – дейді Астана қаласының Мәдениет басқармасы өкілдері.

Ұзақтығы 15 минутқа созылатын лазерлік шоуды әдемі музыка сүйемелдейді. Шоу барысында субұрқақ ортасындағы экраннан қыран құс, арғымақ тәрізді ұлттық символдар мен шаһардың сәулетті ғимараттары көрсетіледі. Шоудың уақыты: 21:00-21:10, 21:30-21:40, 22:00-22:15, 22:30-22:45.

Бүгінде мұндай елеулі шара әлемнің түкпір-түкпірінде танымал. Мәселен, Гонконгтағы «Түс симфониясы» лазерлік шоуы әр түн сайын шығанақ пен 40 ғимаратты мың сан түске бояп, 13 минут бойы әдемі әсер сыйлайды. Үздіксіз жүретіні үшін Гиннестің рекордтар кітабына да еніпті. Ғажайып шоуды тамашалауға дүниенің бұрыш-бұрышынан миллиондаған туристер ағылады. Болашақта біздің өңір де дәл осы шоумен танылып, шетелдік меймандарды қызықтырып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button