Қала тіршілігіҚоғам

Есілдің суын мұз басты

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы Есіл ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері №59 мектеп-лицейде дәріс өткізді. Дәріс барысында қаладағы өзендер мен су қоймаларында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін түсіндірді. 

[smartslider3 slider=879]

Қыс түсіп, алғашқы аяздарда-ақ қаланы екіге бөліп тұрған Есілдің суы және қала айналасындағы кішігірім су көздерін мұз баса бастайды. Судың беті қабыршықтанғаннан, мұз қабатының қалыңдауын балалар мен жасөспірімдер мұздың бетін айдынға айналдырып, сырғанауға асығатыны белгілі. Қыс  күшіне еніп, аязбен буып өзенді құрсаулап тастағанша, мұндай жұқа мұз айдындары әлі де өте қауіпті. Ауыр салмақтан жарылып, адамдардың су түбіне кетуі ықтимал. Қатерлі жағдайдың алдын алу үшін, қауіпсіздік ережелерін есте сақтаған жөн.

Су айдындарында алғашқы мұз қатысымен өзенді кесіп өту, коньки тебу, шаңғы тебуге тыйым салынады. Мұздың жұқа қыртысы адамның ауырлық күшіне төтеп бермейді.

  Мұзды айдынды кесіп өтпес бұрын, арнайы өткелдерді анықтап алып, соны бойлай өту керек. Мұздың адам салмағын көтере алатындай беріктігіне көз жеткізу керек. Мұздың беріктігін аяқ киімнің өкшесімен мұзды тесіп көруге болады. Егер бірінші соққыдан кейін мұз жарылып, үстінде су пайда болса, дереу тоқтату керек және келген ізіңізбен жағаға қайтыңыз. Қайтар жолда адымдап емес, табаныңызбен сырғанай отырып, мысықтабандап сырғып жүріңіз.

Барлық жағдайда міндетті түрде айналаға мұқият қараңыз, қауіпсіз сүрлеуді таңдай отырып, қою көк түске боялған жалаң мұздың үстімен өтуге тырысыңыз. Қалың қар жатқан аймақты баспаңыз, қар астындағы мұз әрқашан ашық жерге қарағанда жұқа. Айдынның бетіне ұшы шығып тұрған өсімдіктердің, ағаш-бұталардың айналасы қатерлі. Ондай жерлерде су тез қатпайды.

 Мұзды айдынды бірнеше адаммен кесіп өтпек болсаңыз­дар, 5-6 метрлік ара қашықтықты сақтаңыз. Топтың алдында бара жатқан адамнан көз жазып қалмаңыз. Егер ауыр жүк болса, шанамен немесе ұзын ағашпен итеріп алып жүруге болады.

Коньки тебуге тек арнайы жабдықталған жерде ғана рұқсат етіледі. Ал табиғи су айдынында мұздың қалыңдығын тексергеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Мұздың қалыңдығы 10-12 см-ден аз болмауы керек. Мұнда жаппай сырғанау үшін мұздың қалыңдығы 25 см кем болмауы керек. Түнде бейтаныс жерлермен мұзды кесіп өту, әсіресе мұзда жүру және коньки тебу қауіпті.

Шаңғымен өзендерден өткенде тапталған шаңғы жолымен басып өткен дұрыс. Егер қары тапталмаған жолмен жүргісі келсе, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шаңғының аспа бауын босатып қойған жөн. Мұз жарылған жағдайда шаңғыны тастап жаяу кетуге қолайлы болады. Шаңғының таяқтарын қолыңызға алып, қол жүгіңіз болса, бір иығыңызда ұстаңыз. Бірнеше адам болса, 5-6 метр ара қашықтықты сақтаған дұрыс.

Мұзда балық аулағанда ойықтардың арасы тым жақын болмауы керек. Және оның айналасында секіріп, не жүгіріп қатты қозғалыс жасауға болмайды. Әрбір балықшыда ұзындығы 12-15 метрдей арқаны болғаны дұрыс, оның бір жағында 400-500 келідей ауыр зат байланып, екінші ұшынан тұзақ етіп қойы­лады. Бұл – адам мұзға кеткен жағдайда құтқаруға арналған амал. Егер мұз жарылса адам екі қолымен таянып, қатты жерге шығып, жер бауырлап не арқамен жылжып жағалауды бетке алуы тиіс.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button