Қала мен Сала

Есім ТАНАБЕРГЕНОВ, Астана қаласы Ішкі істер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы: ІШКІ ІСТЕР ҚЫЗМЕТІНДЕ ЕРЕКШЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК КЕРЕК

Есім Танабергенов

Ардагер – ардақты есім. Ұлы Отан, Ауған соғыстары, тыл еңбегі ардагерлерімен қатар құқық қорғау органдарында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп, қызметінің қызығымен қатар бейнетін көріп, зейнетке жеткен ардагерлер баршылық. Солардың бірі – тың өлкесінің Ішкі істер басқармасының автоинспекция бөлімінде 28 жыл тынымсыз қызмет еткен Есім Танабергенов. Қазіргі таңда да Есім Кәрібайұлы Астана қаласының Ішкі істер департаментінің Ардагерлер кеңесіне төрағалық етеді. Жетпіс алты жасқа таяғанымен қызметіне сергек, қоғамдық жұмыстарға тиянақтылықпен араласып жүр. Ардақты ардагердің Ішкі істер қызметіндегі жетістіктері, ғұмыры мен еңбек жолында жинақтаған тәжірбиесі жас буынға үлгі болар деген оймен Қазақстан Республикасының полициясы күні қарсаңында сұхбаттасқан едік.

– Есім Кәрібайұлы, еңбек жолы­ңыз­дың қалай басталған­дығы жайында баяндап берсеңіз.

– Мен 1938 жылы 15 қазанда Ақмола облысында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Ауылымдағы орта мектептен білім алып, 1957 жылы Мәскеу түбінде байланысшы болып әскерге алындым. Қарапайым қазақтың қара домалақ баласы едік. Бірақ, арман қуып, мамандық таңдайтындай мүмкіндік те болмады. Әскердегі борышымды өтеп, 1960 жылы Ақмолаға келіп, автожол техникумына түсіп, 1963 жылы автотехник-механик мамандығын алдым. Техникумды бітіре салысымен комиссия көбімізді ауылдық жерлерге жұмысқа жіберіп жатты. Қалада туыстар тұратындықтан әрі Ақмолаға бауыр басып қалғандықтан, ауылға баруға зауқым соқпады. Бірақ, амал нешік, шешім шығаратын комиссия. Сөйтіп, жағдайымды түсіндіріп ем, сонда комиссияның мүшесі, капитан «саған тың өлкесінің Ішкі істер департаментінде автоинс­пек­циядағы қызметті ұсынсам, қалай қарайсың?» деді. Мен де келісе кеттім. Кейін инженерлік институтты тәмамдап, автоинспекцияда орынбасар қызметін атқарып, демалысқа шықтым. Содан бері әр жерде, әртүрлі қызмет атқардым. Ғұмырымда көкейіме түйгенім – өмірден асқан тәрбиелеуші жоқ екен. Иә, өмірден де, қызметтен де үйренгенім мол.

– Кез келген қызметтің қиын­ды­­ғымен қатар қызығы да бола­тыны рас. Автоинспекцияда қыз­мет етіп жүрген кезде сіздің жады­ңыз­да жатталып қалған, таң­ қал­дырған уақиғаны айтып берсеңіз.

– Әрине, кез келген құқық қорғаушы үшін қоғамдағы тәртіпті реттеу асқан жауапкершілікті талап ететіні рас. Қызықты да қиын жағдайлар олардың қызметінде жиі кездеседі. Мен де небір қызықты уақиғалардың ортасында болдым. Ол уақытта біз мәшинамен емес, мотоциклмен жүреміз. Бірде бір азамат мас күйінде «КамАЗ» жүк көлігін жоғары жылдамдықпен жүр­гізіп, зырылдап келеді екен. Біз оның артынан қуып, тоқтата алмай әлекпіз. Қанша тырыссақ та, оның тоқтайтын түрі жоқ. Әріптесім екеуміз күшпен тоқтатуға кірістік. Қасымдағы шопыр досым мотоциклді «КамАЗдың» дәл артына тірей айдап келеді. Бір бұрылысқа келгенде мен лезде секіріп мініп, әупіріммен төбесінен кеп, күртешеммен алдыңғы терезені жауып жібердім. Еріксіз тоқтады. Сол көріністі айтып жеткізу қиын, расында естен кетпес оқиға болды.

– Көліктегі мас адамды дәл сіздің әдісіңізбен тоқтату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мұндай қауіп­ті жағдайда кәсіби шеберлік керек-ақ. Сондықтан, бұл әреке­тіңіз қызметіңізге адал­дық пен қоғам алдында жауап­ты­лықты аңғартатыны анық.

Зейнеткерлікке шықсаңыз да еңбектен қол үзбей келесіз. Мұның себебі неде?

– Осы сауалды қоятындар көп маған. Тағы айтайын, ең алдымен, күш-қуатың болса, қанша жасқа келсең де еңбек еткеннің еш айыбы жоқ. Ардагер замандастарымның қалауымен, сенімімен ұйымға төраға болдым. Сондықтан, басталған істі абыроймен соңына дейін жеткізу керек деп ойлаймын.

– Денсаулығыңызға қалай көңіл ­бөлесіз? Спорттың қандай түр­ле­рі­мен айналастыңыз?

– «Дені саудың – жаны сау» демекші, денсаулыққа әр кезде де көңіл бөлу керек. Бұл – менің өмірлік қағидам. Қазір де спортқа үлкен көңіл бөлем. Бала кезімде қазақша күреске қатыстым. Кейіннен самбомен де шұғылдандым. «Динамо» қоғамдық бірлестігінің жүлдегері атанған кездерім болды. Бір сөзбен айтқанда, еш уақыт спорттан алыстағаным емес. Соның арқасы болуы керек, 75 жылда бірде-бір рет ауыр сырқаттанып көрмедім. Шүкір, қазір де салауатты өмір салтын ұстанамын. Таңғы жаттығулар мен жаяу жүру өзінді сергек сезінуге көмегін тигізеді.

– Еңбек жолыңыз жайында біршама хабардар болдық. Отба­сыңыз жайында айтып берсеңіз.

– Жұбайым екеуміз екі ұл мен бір қызды тәрбиеледік. Ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырдық. Қазір, Аллаға шүкір, алты немереміз бен екі шөбереміздің қызықтарына кенелудеміз. Сондықтан, өзімді бақытты адамдар қатарыныа қосамын.

– Қандай марапат­тарыңыз бар?

– Бес медальмен марапатталдым. Қазақ­стан Республи­касы Ішкі істер депар­та­ментінің Ардақты ардагері атандым. Басқа да алғыс хат­тар мен мақ­тау қағаз­да­рым бар.

– Кәсіби мере­ке­леріңіз – Қазақ­стан полиция­сы күнінде жас әріп­тес­­те­ріңізге не тілер едіңіз?

– Күні-түні, жаздың ыстығы мен қыстың суы­ғына қара­мас­тан өз қызметін атқа­рып жатқан астаналық полиция қызметкер­леріне абырой, адал­дық, ізгілік, ел тыныш­­ты­ғын қор­ғау­да ай­рық­ша жігер тілеймін! Ең бас­­ты­сы, қоғам­ды бір­лік­пен көте­ру­ керек. Бірлік бар да – тірлік бар.

– Жылы лебізіңіз бен сұхбат­ты­­ңызға рахмет!

   

   

АСТАНА ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫН ШАҚЫРАМЫЗ!

21 МАУСЫМ КҮНІ САҒАТ 10.00-15.00 АРАЛЫҒЫНДА «СТУДЕНТТІК» ПАРКІНДЕ

(ҚАЖЫМҰҚАН КӨШЕСІ 1, «РЕНЕССАНС» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАҢЫ)

ПОЛИЦИЯ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ШАРА ӨТЕДІ.
БАҒДАРЛАМАДА:
– Арнаулы техника құралдары мен қару-жарақтар көрмесі;
– «Арлан» АМБ және Астана қалалық ІІД ЖҚАЖ ұрысшыларының көрсетілімі;
– Кинологиялық қызмет орталығының арнайы із-кесуші иттерімен көрсетілімі;
– Астана қалалық ІІД полицейлер хорының, ІІД «Жігер» фольклорлы ансамблінің және эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концерт;
– Балалар аттракционы: үрмелі батут, атпен серуендеу, әртүрлі көңіл көтеретін балалар бағдарламалары;
– Спорттық жарыстар: гір тасын көтеру, армрестлинг, шахматтан блиц-турнир.

БАЛАЛАР БАҒДАРЛАМАЛАРЫ МЕН СПОРТТЫҚ САЙЫСТАРДЫҢ ҚАТЫСУШЫЛАРЫ БАҒАЛЫ СЫЙЛЫҚТАРМЕН МАРАПАТТАЛАДЫ.

КІРУ ТЕГІН

 

 

Әңгімелескен София ҚЫЛЫШБЕКОВА,

Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button