Тағзым

Есіміздесің, есіл Ескермес

Ақмола облысының Қорғалжын өңірі – өзінің бай табиғатының сұлулығымен ғана емес, өнерпаздардың да көптігімен кеңінен танымал өлке. Небір дүлділ, ақын-жырау, әнші-композиторлар, дәулескер күйшілер шыққан. Атап айтқанда, кешегі ХІХ ғасырда халықтың құрметіне бөленген от ауызды, орақ тілді Арыстанбай ақын, Доскей, ­Құлтума, Сәтмағамбет, Әздембай сал, Үлебай салдан бастап, әулетімен әнші болған Қосымжан, Есімжан Бабақовтар, Рәбиға ­Есімжанова, қылқобызды ­Ықылас­тың өзінен үйреніп, мектеп қалыптастырған Дәулет ­Мықтыбаевтар осы өңірдің тумалары. Кейінгі буын толқындарынан бүгінде дарындылығымен көзге түскен композитор Кенжебек Күмісбековті ел мақтан тұтады.«Біздің елде «әу» деп ән салмайтын, күмбірлетіп күй шертпейтін адам некен-­саяқ десем, артық айтқандық болмас. Менің музыкалық қабілетімді ашып, өнерге деген бейімім мен құштарлығымды арттыра түскен осы өңір. Мен 1949 жылдың қараша айының 14 күні Қосшы ауылында дүниеге келіппін. Әкем Тоқмағамбет бірсыдырғы домбыра шертіп, ән салатын, жасында серілеу болған. Ал анам Айтбаланың әншілік қабілетінің зор екендігін бала болсам да жиын-тойларда ән салған кезінде байқап, анамдай әнші болсам деген уыз арман сәби жүрегіме ұялады. 1953-54 жылдары төрт-бестегі баламын. Әлі есімде. Бір апта бойы толассыз соққан ақтүтек бораннан кейін тек үйдің мұржалары қылтиған 20-30 үйлі шағын Қосшы ауылының тұрғындары жатаған тамдарын қардан тазалауға жаппай кірісті. Біздерге далаға шығуға ұлықсат жоқ, сақылдаған арқаның сары аязында жылы үйде бұйығып, аяғын қалт-құлт басып жүрген және бесікте жатқан інішектеріме қарасын болып отырғам. Ішім пыс­ты, оның үстіне інілерімнің қыңқыл-сыңқылы мазамды алған соң, өзім білетін әр әннің басын шалып, аузыма түскен шумақтарымен айғайлап ән айта бастадым. Әнім өзіме ұнаған болуы керек, соға беріппін. Сырттан үйге енген анамды да байқамай қалсам керек, анам мені құшақтай алып: «Менің құлыным әнші болады» деп құмарлана сүйгені осы күнге дейін есімде… Екінші класта оқып жүрген кезімде әкейден домбыра үйрене бастадым. Ешкім жоқ жерде өзімді сүйемелдеп, ән салатынмын. Мен бесінші класта оқып жүрген кезде мектебімізде тұңғыш домбыра оркестрі ұйымдас­тырылды. Оған мектептің жас ұстаздары Нұрлан ­Жақсыбаев пен Жомарт Әбдіхалықов жетекшілік етті. Міне, сол кезден бастап мен және мен сияқты балалар халық композиторларының күйлерін үйреніп, домбыра тарту шеберлігімізді ұштай бастадық» деп балғын шағын мейіріммен еске алатын Есағаң.
Және өзі білім алған Ақмола қаласының №4 Жамбыл атындағы қазақ орта мектептің түлегі екендігін үнемі мақтан тұтатын. Ескерместің бойындағы табиғи дарындылық оны мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ «әнші бала» атандырып, алқалы жиындардың үлкен сахнасында өнер көрсетуге бейімдеді. Сол талант пен талап оны азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылғанда Ленинград әскери округінің ән-би ансамблінің құрамынан бір-ақ шығарды. 1971 жылы С.­Сейфуллин атындағы Ақмола педагогикалық институтының музыка факультетіне түсіп, оны 1975 жылы ойдағыдай бітіріп, институтта оқытушылыққа қалдырылып, төрт жыл бойы вокалды-хор кафедрасында қызмет атқарады.
Жоғары оқу орнының қабырғасында Ескермес Тоқмағамбетұлы сазгерлікке ден қояды. Ол шығарған әндер мен күйлер өнерсүйер қауымның көңілінен шығып, өз орындаушыларын тауып жатты.
Ол осы кезден көркем шығармалар жазуға да бет бұрып, облыстық, республикалық басылымдарда жарық көрген тырнақалды суреттеме, әзіл әңгімелерімен-ақ өз оқырмандарын тәнті ете білді. Осы бір қалам қарымы оны журналистика атты қиын да қызықты еңбек жолына алып келді. Сөйтіп ол 1979 жылы Ақмола облыс­тық теле-радио комитетінің қазақ тілі хабарлары редакциясына редактор болып қабылданады. 1991 жылы аға редактор, одан кейін республика телеарнасына шолушы қызметіне жоғарылатылды.
Табиғатында қарапайым, кісімсуі жоқ, ақкөңіл ­Ескермес өнерде өте талғампаз еді. Әсіреқұмар, арзан дүние­лерге әуестігі жоқ болатын. Оған шығарған туындылары, әндері мен күйлері, романс­тары мен хорлары айқын дәлел. Шығармаларына тоқталып, саралап көрсек, марқұм ақын досы Смағұл Рахымбековтің өлеңіне жазылған «Ән туралы ән» Қорғалжында туып, тұлпар тұяғы кетіліп, құс қанаты талатын ұлан-ғайыр Сарыарқа даласының махаббат символына айналған Дүйсенге ғашық отын жандырған орыс қызы Мариямның шынайы да мөлдір сүйіспеншілігі туралы Үлебай салдың «Дударай» әніне арналған ән екенін:
«Дүйім ел жиналғанда
тойға дәйім,
Ұстайды домбырасын
қолға ағайын.
Қолқалап «інім, кәне
ән сал» десе,
Бастап кет Үлебайдың «Дударайын» деген жолдардан аңғаруға болады.
Ал танымал ақын досы Амангелді Жұмабековтің «Әнім-Қараторғайым» өлеңіне жазылған ән:
Тұлпарлар тамшылатар
аққан терін,
Ор қылар тұяқтары
батқан жерін.
Сол ізге ұя салған
Қараторғай,
Секілді бір құсыңмын,
мақтан елім.
Қ-сы:
Қара ноқат қыр үстінде,
Талпынады күміс күнге.
Басылмайтын
сағыныштан,
Үзілгенше тыныс мүлде.
Жанымның Қараторғайы,
Әнімнің қара торғайы.
Жұдырықтай құстың басқа құстарға ұқсап, күз түссе жылы жаққа ұшпай, өз отанында, өзі дүниеге келген жерінде қыстап, алты ай арқаның сарышұнақ аязы мен сұрапыл борандарында жылқының қарды ойған тұяқтарының ізіне паналауы – шынайы отансүйгіштік ұлы сезімді оятып, жүректі шым еткізіп, осы ән арқылы өз басымның Караторғайға деген құрметім арта түсті. Ұлтымыздың біртуар «Жезкиік» ақыны Кәкімбек ­Салықовтың өлеңіне шығарған «Адамдар, аққуларды атпаңдаршы» әні туралы толғансақ, атына заты сай, қатыгезденген адамзатқа арналған жан айқайы іспетті, санасында саңылауы бар тыңдарманның жан дүниесін сергелдеңге салатын, Кемпірбайдай күңірентіп, тоқсан толғатып дүниеге келген лирикалық мұң. Сонымен қатар Ескермес шығарған әндеріне келісті өлең кездеспесе мәтінін өзі жазатын тәп-тәуір ақын да еді. Мәселен, оның «Әз анамды сағындым», «Толқын», қызы дүниеге келгенде қуаныш­тан туған «Жансая» әні жә­не ­т. ­б. да туындыларынан кеше­гі Сәтмағамбет пен Үлебайдың әніне өлеңі ұласқан сабақтас­тығын көреміз.
Сазгердің күйлері туралы да айтпасқа болмайды. Оның «Жүрек назы», «Толқиды Нұра, толқиды», «Әлди әуен» және т. б. шертпе күйлері кешегі Тәттімбет пен Тоқаның заңды жалғасындай. Жоғарыда аты аталған туындылар – терең философиялық ойға, жүректің нәзік қылын шертер керемет сезімге толы құнды дүниелер. Бұл күйлерінің Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ оркестрі өз репертуарларына кіргізгендігі тегін емес.
Оның тағы бір ерекшелігі – бәзбір сазгерлер секілді, шығарған әндері мен күйлері бір-біріне ұқсамайтындығы. Бұл – оның музыкалық шығармаларын ермек үшін жазбағандығының дәлелі. Кешегі дала сал-серілерінің арқаны асқақтата ән салып, күйлерін бебеулеткен ұлы өнер мектебінің тума дарынды ізбасары екендігін еріксіз мойындатып тұр. Оған Ескерместің өнер айдынындағы толағай табыс­тары куә.
Өмірінің соңғы отыз жылы Ескермес Иманбайдың өнер айдынында айтарлықтай қол жеткізген жемісті кезеңі болды. Атап айтқанда, ол 1985 жылы «Халық – талант қайнары» республикалық телевизиялық фес­тивалінің және Ұлы Отан соғысының 40 жылдығына арналған көркемөнерпаздардың Бүкіл­одақтық байқаудың (КСРО Композиторлар одағының төрағасы Тихон Хренниковтың қолы қойылған «Құрмет грамотасымен» марапатталды), 1988 жылы «Жігер» жастар шығармашылығы фес­тивалінің лауреаты атанса, 1991-1992 жылдары «Әнші, күйші, жыршы, жырау және термешілердің» бірінші рес­публикалық конкурсының лауреаты, «Азия дауысы» халықаралық конкурсында бейнеклип материалы үшін дипломант атанды.
1991-1994 жылдар аралығында Е.Иманбай Ақмоладағы «Сарыарқа» аймақтық әдеби-көркем, қоғамдық-сая­си журналында бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Осы жылдары оның әдебиет майданындағы өз орнын алып, айшықты қолтаңбасын айқындаған кезең болды. Оның қаламынан туған «Айнаның екінші беті», «Емтихан», «Ойнасаң да от баспа…» атты әңгімелері, «Бастығымның бас терісі», «Заманың түлкі болса…» сияқты әзіл-сықақ әңгімелері, «Песни жаворонка», «Легенда лебединого озера» атты орысша жазылған әңгімелері, әр кезеңдегі әндер топтамалары, «Ердің күші ісінде» атты деректі хикаясы, «Айнаның екінші беті» атты көркем әңгімелер жинағы өз оқыр­мандарын тауып, кезінде әдебиетшілердің жоғары бағасына ие болған құнды дүниелер.
Ескермес Тоқмағамбетұлы аударма жанрында да өзіндік қолтаңбасын қалдырды. А.Горскойдың «Жены Ивана Грозного» романын, Вид Мастерсонның «Случай в полночь», Александр Жовтистің әңгімелерін қазақша сөйлетіп, кезінде «Сарыарқа» аймақтық әдеби-көркем журналында жариялады. Соңғы жылдары «Жақсыдан шарапат» атты хикаялар мен әңгімелер топтамасы, «Ақмола өңірінің сал-серілері» деген зерттеуін жазып бітіріп, оқырманға ұсынды.
Ол үлгілі отбасының иесі болатын. Жары Сәуле екеуі іргелі шаңырақтың түтінін түзу шалқытып, сүйікті қызы Жансаяның қызығына тоймайтын. Өмірдегі дос, өнердегі ұстазым Ескермес Тоқмағамбетұлы өнер мен әдебиет тізгінін тең ұстаған айтары мен берері мол, қаламы қарымды азамат еді. Әттең, ертең 60-қа толамын деп отырғанда сұм ажал арамыздан алып кетті. Артында қалған жары мен қызы жазған туындыларын жинақтап, кітап етіп шығарсақ деп талпынуда. Тек Алла сәтін салғай! Сен өзіңнің аңқылдаған ақ көңіліңмен, балуандай тұлғаңмен мәңгілік жүрегіміздесің, досым!

Серік ОСПАН,
Қазақстанның еңбек
сіңірген әртісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button